Ауғанстан жүректердің жарасы

Мәдениет

Ю.Гагарин атындағы орта мектепте Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» атты тағылымды кездесу кеші өткізілді.

Шара алдында шақырылған қонақтар мектептің робототехника сыныбында болып, балалардың өнертапқыштық туындыларымен танысты.

Интернационалдық борыш деп санаға сіңірген соғысқа қатысқан 22 мың қазақстандықтың арасында 89 жерлесіміз болды. Осы мектептің өзінен бес түлегі қанды қырғынды бастан кешірді. Берік Құбаев сол соғыста із-түзсіз кетсе, Сәрсенбай Нысанов, Тұрғанбай Исаев, Василий Сухарев, Сабыржан Бимұрзаев әскери борышын өтеп абыроймен оралды.

Бүгінгі кездесу кешіне соңғы үшеуі, ұстаздары Амангелді Карсаков, Беріктің қарындасы Гүлфара Құбаева, Ауған соғысы ардагерлері аудандық ұйымының төрағасы Серік Мұфтахов, жиырмасында от кешкендер жайлы өлең, мақалалар жазған ақын-журналист Таңатар Дәрелұлы қатысып құрмет төрінен орын алды.

Шара сазды-әдеби композициямен бастау алып, Ауған соғысы, оған қатысқан ауылдастары жайлы деректер назарға берілді. Мектептің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нартай Оразжанов жетекшілік ететін «Арлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері автоматты уақытқа бұзып-жинау, химиялық қару қолдану кезіндегі қарсы іс-қимыл және алғашқы дәрігерлік көмек көрсету әрекеттерін көрсетті.

Мектеп директоры Жамал Хасанова жүрекжарды тілегін арнап, отты күндерде Отан тасырмасын мүлтіксіз орындағандар ұрпақ жадынан өшпейтінін, оларға әрдайым тағзым ететінін қаперге берді.

Сұрақ-жауап кезеңінде оқушылар кеш қонақтарына сауалдарын қойды. Г.Өтемісқызы ағасының бала кезінен ұқыпты, өз ісіне жауапты, өте бауырмал болған қасиеттерін сөз етсе, Т.Дәрелұлы кеңестік кезеңде бұл соғыстың жариялылығы аз, құпиясы мол болғанын, тәуелсіздік жылдарында ғана осы тақырыпқа көбірек көңіл бөлінгенін айтты. Ардагер ұстаз А.Карсаков Беріктің спорттың қай түрін де жақсы көргеніне, жан-жақтылығымен ерекшеленгеніне тоқталды. В.Сухарев «Ерлігі үшін» медалін сол соғыс даласында, Құндыз бен Фаизабад провинциялары арасында жүк тасымалдайтын автоколоннаның қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін берілгенін айтып, әскердегі күндері жайлы әсерлі әңгімеледі. Қалған Ауған соғысы ардагерлері де естеліктерімен бөлісіп, «соғыс сияқты ауыртпалықтар сіздердің өмір жолдарыңда кезікпесін, бейбіт күннің бақытты балалары болыңдар» деген тілектерімен түйіндеді.

Шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Анесова қорытындылады.

А.НӘЖІМОВ.