«Алға» халық театрына – 5 жыл

Мәдениет

Морской ауылдық мәдениет үйінде «Алға» халық театрының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Театр – бекзат өнер ордасы» атты аудандық халықтық театрлар фестивалі ұйымдастырылды.

Мерекенің салтанатты ашылу шарасында зал толы өнерсүйер қауым «Алға» халықтық театрының құрылуы мен қалыптасуы туралы бейнероликті тамашалады. Сонымен қатар, драма үйірмесінің дамуына зор үлестерін қосып, түрлі образдарды шебер сомдап, бүгінде дүниеден озған сахна саңлақтарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін, фестиваль ашық деп жарияланып, алғашқы құттықтау сөз «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевке ұсынылды. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Сәдуақасова, Мақаш ауылдық округінің әкімі Болат Мұфтах, Морской ауылдық мәдениет үйінің директоры Нәсіп Жұмағұлова жүрекжарды лебіздерін арнап, театрдың режиссеры Салтанат Сатимованы, сала ардагерлері мен бүгінгі ұжым мүшелерін, фестивальдің өтуіне демеушілік жасаған мекеме басшылары мен жеке кәсіпкерлерді түрлі марапаттармен ұлығылады.

Өнер мерекесінің шымылдығы «Алға» халық театрының әртістері сахналаған Н.Төлендиевтің «Қарттар үйі» қойылымымен ашылды. Ал, «Орлы» халық театры фестивальге Е.Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» туындысын ала келіпті. «Дүйсенғали Ғұмаров» халық театры М.Серікбаевтың «Бармысың, бауырым» қойылымын сахналап, «Зәмзәм Исмагулов» халық театры У.Абдраимовтың «Ауыл аялдамасындағы махаббат хикаясы» пьесасынан соң мәдени шара қорытындыланды. Атап айтсақ, ІІІ, ІІ орындардан «Алға» және «Дүйсенғали Ғұмаров» халық театрлары көрінсе, І орын «Орлы» халық театрына бұйырды. Ал, бас жүлдені «Зәмзәм Исмагулов» халық театры қанжығасына байлады. Аталымдарға тоқталсақ, Елдос Құлшаров «Үздік ер адам рөлін» ойнаушы, Гүлзада Жұмалиева «Үздік әйел адам рөлін» сомдаушы, Сұңғат Бралиев «Үздік режиссер» деп танылды.

А.Шакупова.