Жаңа формат жаңа сапаға бағыттайды

(0 Votes)

Білімін жалғастырып, еліміздің жоғары оқу орындарында оқығысы келетіндер үшін ҰБТ нәтижесі аса маңызды. Биылғы сынақ несімен ерекшеленеді, шекті балл қандай болмақ, сынақтан құлаған оқушыға екінші рет мүмкіндік беріле ме? Міне, осы сауалдар аясында Ұлттық тестілеу орталығының ауданымыздағы филиал басшысы Жанаргүл Тюмалиевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Жанаргүл Есенгелдіқызы, алдымызда алтын ұя мектебінен қанат қаққалы отырған түлектерді ұлттық тестілеу сынағы күтіп тұр. Биыл осы шараға енгізілген өзгерістер, тест тапсырудың жаңа механизмдері жөнінде ақпарат беріп өтсеңіз.

 -2019 жылы ҰБТ тапсыру форматы сол күйінде қалады, дегенмен, бірқатар қосымша өзгерістер бар. Елімізде жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында биылдан бастап тестілеу жылына төрт рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өтеді. Осылайша, жаздағы негізгі сынаққа дейін үміткерлер екі мәрте өз шама-шарқын біле алады. Ескеретін жайт, мемлекеттік білім беру грантына үміттенген талапкер міндетті түрде маусым айында өтетін тестке қатысуы тиіс. Ал өзге үш сынақ тек ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік береді. Яғни, қаңтар, наурыз айларында тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші бұл сертификаттармен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Мысалы, талапкер қаңтар айында 130 ұпай алып, маусымдағы сынақта 52 ұпай алып қалса, ол қаңтар айында алған жоғары көрсеткішімен конкурсқа қатыса алмайды. Тек маусым айындағы сертификат есепке алынады. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында тестілеудің нәтижесі бойынша басқа үлгідегі сертификаттар беріледі, олар грант алуға жарамайды. Егер үміткер мемлекеттік грант алғысы келсе, онда ол міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған кезде бюджет есебінен білім алуға құқығы бар.

Биыл аудан бойынша мектеп бітіретін 550 түлегіміз бар. Қаңтар айында өз еріктерімен 139 оқушы облыс орталығына барып сынақ тапсырып, олардың тек 58-і шекті ұпайды жинады. Түлектердің айтулары бойынша, алдымен қысқы және көктемгі сынақтарды байқап көріп, жазғы тестілеуге күш салмақ.

- Енді наурыз айында өтетін сынаққа үміткерлер ақылы негізде қатыса ма? Оған қандай құжаттар жинақтау қажет?

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес наурыз айында өтетін ҰБТ-ға өтініштер 1-15 ақпан аралығында қабылданады. Ол ақылы, құны 2242 теңгені құрайды. Тестілеуге қатысу үшін 11 сынып оқушылары мынадай құжаттарды тапсырады:

1) Өтініш; 2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; Бұл ретте жасы 16-ға толмағандар үшін туу туралы куәлігінің көшірмесі жеткілікті.

2) 3х4 көлеміндегі екі фотосурет; 4) өзі оқып жүрген орта білім беру ұйымынан анықтама; 5) тестілеуге қатысу үшін ақы төлегені туралы түбіртек (түпнұсқа); Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін төлемді ҚР барлық екінші деңгейлі банк кассалары және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ терминалдары арқылы ғана төлем жасауға болады. Төлемнің атауы – «Кешенді тестілеу үшін».

Үміткерлер өз қалауымен ҰБТ қатысу үшін өтініштерді онлайн тәртібінде http //ent.testcenter.kz сілтемесі арқылы алдын-ала бере алады.

-  Биыл ҰБТ форматында қандай өзгерістер бар? Талапкер жоғары оқу орнына түсу үшін қанша балл жинау қажет? Мемлекеттік грант туралы мағлұмат берсеңіз.

- Түлектерді жоғары оқу орындарына қабылдау ҰБТ нәтижелері бойынша берілген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негізде олардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады. Білім беру грантын алу конкурсында «Қазақстан тарихы», «оқу сауаттылығы», «математикалық сауаттылық» және 2-і бейінді таңдау пәндері бойынша балдар ескеріледі. Конкурсқа қатысу 50, ұлттық жоғары оқу орындарына және «Жалпы медицина» мамандығына 65, аталған жоғары оқу орындарындағы «Білім», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарына кемінде – 60 балл жинау қажет етіледі. 20 маусым мен 4 шілде аралығында шығармашылық емтихан тапсыратын мамандықтарға жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өтініш қабылдайды. Ол 8-13 шілде аралығында өтеді. Білім грантын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау 23-31 шілде аралығы болса, ал конкурстың өзі 1-10 тамызда өтеді.

Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту аясында 2019 жылдан бастап мемлекеттік білім гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалатын болады. Мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізілуіне байланысты гранттар білім беру бағдарламаларының топтарына бөлініп таратылады. Мысалы, «Математика пәні мұғалімдерін даярлау» тобына: «Математика», қосарланған «Математика-Физика», «Математика-Информатика» мамандықтары кіреді. Ал «Ақпараттық технологиялар» тобының құрамына «Информатика», «Ақпараттық жүйелер», «Блогчейн», «Биг дата» және тағы басқа ақпараттық бағдарламалар енеді. Мәселен, «Ақпараттық технологияларға» 3000 грант бөлінеді делік, оларға байқау осы топты көрсеткендер шеңберіндегі үміткерлер арасында өтеді. ҰБТ сертификатымен бірге әрбір бітірушіге білім беру бағдарламалары топтарының тізімі, бөлінетін гранттар саны, өткен жылғы грант тағайындау конкурсының нәтижелері көрсетілген ақпаратты парақ беріледі. Бұл талапкерге болашақ мамандығын таңдауда көмектеседі.

Сұхбаттасқан: Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521