«Талаптың мініп тұлпарын...»

(0 Votes)

«Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды, Бабын таппай мінгенді қылар мұңды» дегендей, жалындаған жастық шақта ала –құла дүниенің көшінде адаспай өз жолын тауып, алға қойған арман-мақсаттарына жетуде таудай талабы, алаулаған арманы бар жастарды таныту мақсатында Н.К.Крупская атындағы жалпы орта мектебінің 10 –сыныбында «Талаптың мініп тұлпарын...» атты ашық өнеге сағаты болды.

«Алдымда толған мақсат,толған таңдау, Алайын мынасын ба, анасын ба» дегендей, өмір айдынына бет түзеген әрбір жастың өзіне меже тұтар мақсат-мұраттары, асу биіктері болады. Тұлға ретінде қалыптасуда көп еңбектенеді. Алдыңғы аға буынға қарап бой түзейді. Сондай жүрегі таза, жан дүниесі иманнан жаратылған жан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ақын, журналист, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлымен сұхбаттасу сәтінен өскелең ұрпақ адамның азаматтық келбеті, тұлғалық қасиеті, журналистика мен әдебиет әлемінің қыр-сырына қанықты. Ол әр жас алдына мақсат қойып, сәтсіздіктерге мойымай, өмірде өзін жоғалтып алмау керектігін айтып, өз мамандығына адал адамдардың еңбегі еш кетпейтінін еске салды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев : «Жастардың терең білімі - жарқын болашақтың кепілі, жастар - үлкен серпіліс күшінің қозғаушы күші» деген еді. Яғни, 2019 жылы - «Жастар жылы» деп белгіленуінің өзі де жаһандану заманында жас ұрпақтың таудай талаптарына қанат бітіріп,биік армандарына қол жеткізуіне, мақсаттарына қолдау көрсетіліп, қамқорлық жасалатынын айқындайтын нақты қадамдар.

Сынып жетекшілер Қ.Мақсотова , А.Құрақбаева ұлымыздың ұлт күйін білетін ұлағатты, қызымыздың салт сыйлайтын салауатты, ұрпағымыздың Отанын сүйетін нағыз азаматтары болуы үшін отбасы, мектеп, қоғам болып бірігудің маңыздылығын жеткізді.Сұхбат қонағы Т.Дәрелұлы оқушылар жан дүниесін тербеткен, көңілін толқытқан, жүрегі қалаған, болашақта армандаған мамандықтың иесі болуы қажеттігін айтты. Жастардың «талабына нұр жаусын» деп, жарқын болашақтарына шынайы тілегін жеткізді.

Қалиса Мақсотова,

Құрманғазы ауданының «Жыл мұғалімі».

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521