Әділдіктің дара жолында

(0 Votes)

Аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері», ауданның Құрметті азаматы, прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Қыдырұлы Мүрсәлиевтің 70 жастық мерейтойына орай «Дара жол» шарасы өткізілді.

Кездесу кеші мерейгердің автокөлік жүргізушісінен басталған алғашқы еңбек жолы, Отан алдындағы әскери борышын өтеу кезеңі, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіндегі оқыған студенттік шағы, заңгер мамандығы бойынша атқарған қызметтері, аудандық халық депутаттары кеңесінде істеген жылдары, отбасылық өмірі кеңінен қамтылған бейнелі өмірбаяндық шолумен басталды.

Келесі кезекте аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Зияда Жоламанова, орталық кітапхана жүйесінің директоры Бақыт Ғабдолова құттықтау тілектерін арнап, тәрбиелік шараның өз деңгейінде өтуіне сәттілік тіледі.

Шара кеш қонағының сырлы сұхбатына ұласып, өмірге әкелген ата-анасы, алыста қалған балалық шағы, білімге деген құштарлығын оятқан мектептегі күндері, мамандық таңдау тұсы, басқа да өмір жолының белестері жайлы сөз етті. – Ата-анам шала сауатты адамдар болғанымен өмірден түйгені мол жандар еді. Бауырларынан өрбіген барша ұрпақтарын жалықпай білім алуға, еңбексүйгіштікке тәрбиеледі. Ғасыр жасап барып дүниеден озған әкемнің «біреудің ала жібін аттама», «әділдіктің ақ жолынан айныма» деген сөздерін өмірлік ұстанымыма айналдырдым. Анамның күлге көміп пісірген таба нанының, бүйенде сақтайтын қаймағының дәмі таңдайымда қалыпты. Мектепте алдыңғы қатарлы, тәртібі үлгілі оқушылардың бірі болдым. Кіндігімді кескен мен үшін ең аяулы жандардың бірі жеңгемнің тым жастай шағында ауруға шалдығып қайтыс болуы «мен дәрігер болсам қалайда емдеп жазар едім» деген аңсарлы арманым медицина институтына жетеледі. Ол кездегі жоғары дәрігерлік оқу орнындағы конкурстық талап бұл ойымды жүзеге асырмады. Есесіне осы заңгерлік мамандығын таңдап, жоғары білім алып, бар ғұмырымды осы салаға арнадым. Бір қызым, екі ұлым бар. Үшеуі де әке жолын қуып, жоғары білім алды, келінім де осы жолда. Зейнеткерлікке шықсам да, адвокаттық қызметпен айналысып келемін, - деген ол басқа да сауалдарға жауаптарын берді.

Білім саласының ардагері Меңдіхан Бақтыгереев, Б.Бегәлиев атындағы орта мектептің мұғалімі Клара Қабдолова мерейгердің білім беру ісіне де бейжай қарамай, мектепте құқықтық сынып ашып, шәкірттерге заңдардың сақталуы, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін білуі бағытында дәріс өткізетінін, бір сыныпта көмекші жетекші қызметін қоғамдық негізде атқаратынын айтып өтті. Ұстаз-ана Шаттық Хамзақызы Ғизатолла Қыдырұлы мен зайыбы Раушанның жанұясындағы үлгі тұтарлық ғибратты істерін паш етті.

Өздерін шәкірттері санайтын прокуратура саласының ардагері Бақыт Баширова, аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Меңсейітова ақылшы ағалары жайлы жүрек тебірентер естеліктерін айтып, азаматтық келбетін, кәсіби шеберлігін, өзіндік мінездерін, тәлім алар тұстарын айқындап берді.

Көршілері ұлағатты ана Жәннат Құрманғалиева, Есентай Ғилажев отбасылық үлгілі істерін, ата-анадан түйген өнегелерін сөз етсе, аудандық, ауылдық ардагерлер ұйымдарының жетекшілері Орынғали Құмарғалиев, Қадірбай Жармұханбетов, зейнеткерлер Сәркен Нұрғожина, Ғилыман Құспанов, басқа да сөйлеушілер тура жолдан айнымаған дара жол иесінің портреттік бейнесін жақсы сөздерімен сомдап берді.

Кеш қонағының немересі Алмас домбырада халық әнін орындап, шара әдеттегіше блиц-сұрақтармен тәмамдалды. Соңғы сөз алған Ғизатолла Қыдырұлы 14 ақпан – кітап сыйлау күні екенін атап өтіп, осындай ізігілікті шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына кітаптар сыйлады.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521