Азғырға жол салу ел үшін қаншалықты тиімді?

Жаңалықтар

Бұл осы өңір тұрғындарының жүректеріне шемен болып қатқан өткір жайдың бірі. Халық құлағдар болып жатқанындай Ел Тәуелсіздігінің шуақты сәулесі алыс өңір – азғырлықтарға да түсе бастады. Депутаты бар, билігі бар бірлесіп қызметтенудің нәтижесінде газ деген ғасыр игілігін алып бара жатқан өңеш Сүйіндікке таяу қалыпты. Жарығы түзеліп, таза суға да қолдары жете бастады. Несі бар, құдай беріп тұрған заманда бұл өңірдегілер тақтайдай тегіс жолдан дәмелі болса, оның еш сөкеттігі бола қоймас. Мұны азғырлықтар Астанадан ат сабылтып араларына өте жиі келіп, шағымдарына шын зейінмен ден қоятын Сенат депутаты, белгілі жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегеновтің қаперіне де қайтасын–қайта берулі.

Ардагерлер үйінде республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, мәжіліс депутаты, жерлесіміз Бақтықожа Салахитденұлы есен – саулық сұрасқаннан кейін, былай деп сөз бастады: - Мен айтқалы отырған соны өзгерістердің бәрін де өздеріңіз теледидардан көріп, газеттерден оқып, біліп отырған да шығарсыздар. Қазақстандағы жағдай әлемдегі өркениетті мемлекеттердің ешқайсысынан да кем емес. Бұл Елбасы саясатының дұрыстығының, зор еңбегінің арқасында болып отырғанын жақсы сезінесіздер. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде көрші елдердің алдына, дамудың даңғыл жолына түстік. Нұрсұлтан Әбішұлы теріс пиғылдарға іліктірмей, нық сеніммен өз халқын өрлеу жолына жетеледі. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, «Ақбұлақ», «Балапан», «100 мектеп - 100 аурухана», т.б. бағдарламалардың арқасында көп ұлтты халықтың ең зәру мәселелері оң шешімін табуда. Айтып отырғандардың игілікті көріністері өз аудандарыңызда да бар.

Атырау облысы көп жағдайда өзге аймақтардан ілгері келеді. Мәселен газбен қамту түгелге жуық жүзеге асырылды. Азғыр өңіріне де көгілдір отын жеткізу үшін жұмыстар басталды. Осы және басқа жөнінде сөйлеген Бақтықожа Салахитденұлы одан әрі ел халқы тарапынан кең қолдау тауып жатқан Президенттің бес әлеуметтік бастамасының маңыздылығы туралы әңгіме өрбітті. – Бұрындары үй – жайымды жақсартамын дегендерге «Тұрғын үй құрылыс банкі» ең кемі 30 пайыз құнымен есептескеннен кейін ғана несие қаржы беретін. Өздеріңіз біліп отырғандай, ендігі жерде несие 7 пайызбен 25 жылға беріледі. Бұл үшін 1 триллиондай қаржысы бар мекеме құрылып жұмыс істейтін болады. Тұрғын үй құрылысын салудан Қазақстан өткен жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Жағдайдың бұдан да гөрі жақсаратынын біле беріңіздер. 25 айлық көрсеткіштен төмен жалақы алатындар үшін салық төлемінің мүлде төмендетілгенін де білесіздер. Бұл бұйырса 2 миллиондай адамды қамтиды.

Шағын несие ауласында бау – бақшасы бар, біраздап құс пен мал өсіріп отырған қатардағы шаруа иелеріне де тиесілі. Өйткені, кепілге салатын дүние – мүлкі аспандап тұрған жоқ. Студент жастарға қамқорлық айрықша көрініс тапқан. Күні бүгін 350 мыңдай қыз бен жігіттеріміз оқып жатса, оларға бастап 75 мың орындық жатақхана тұрғызылмақшы. Бұрынғыға 20 мың қосымша грант бөлінеді. Бесінші газбен қамту бағыты атыраулықтар үшін жаңалық емес. Өткен жылы 50 мың текше метрге дейін газ өндіруге қол жетіп, Қытай, т.б. елдерге сатуға шығара бастадық. Бұйыртса « Сарыарқа» жобасы арқылы еліміздің көптеген аймақтарын газдандыру қолға алынады. Бірінші жоба Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана. Осылайша болашақта аймақтар түгелдей көгілдір отын тұтынатын болады. Осының бәрі Елбасының туған халқының келешегін ойлауы арқылы жүзеге асырылып жатқан игіліктер. Жақында Президентіміз АҚШ –қа барғанында ол елдің басшысы Д.Трамп Ақ Үйдің алдына өзі шығып, ризашылық сезіммен қарсы алды. Байқасаңыздар, екі үлкен көршімізбен де, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-пен, Еуропа елдерімен де тең дәрежеде қарым – қатынас орнады.

Шет елдердің озық тәжірибесін, технологиясын, мамандарын, миллиардтаған қаржысын сәтті пайдаланып, қазба байлығымызды игеру үстіндеміз. 54 млрд. қаржы күні бүгін ұлттық қорда болса, оның 99 пайызын мұнай мен газ беріп отыр деді, - Бақтықожа Салахитденұлы. Одан әрі ауылшаруашылығы саласында жүзеге асырылған жобаларды, республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде еліміздегі зейнет жасындағыларға жасалып отырған қамқорлық барысын жан – жақты сөз етті. Әзірге мүмкін болмай отырған мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Өзіне қойылған кейбір сұрақтарға жауаптар айтты. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қонақтарға қош келдің тілегін жеткізіп, өткен жылы қазан айында іске берілген осы «Ардагерлер Үйінің», басқа да қамқорлықтың аудан әкімі Бибоз Шаяхметов арқылы екендігін айтып өтті. Одан әрі ақсақалдармен жұмыстың жан–жақты нәтижесін баяндады.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов өзінің қош келдің тілегінен кейін ауданда жүзеге асып жатқан игілікті істерді, әсіресе салынған, алда салынатын балабақшалар туралы кең көлемде мағлұмат берді. Ауданның белсенді ардагерлері Нұрлығайын Нұғыманов, Ғизатолла Мүрсәлиев депутатқа өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын естіді. Қонақтар бұдан кейін жаңадан салынған «Нұршуақ» балабақшасы, «Зере – су» кәсіпкерлік орнын аралап көрді. Кейбір жайларға орай өз ұсыныс - пікірлерін білдірді.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.