ЖЕРЛЕУ МЕН САДАҚА – ТОЙ ЕМЕС

(0 Votes)

Құран-Кәрімде: «Анығында Аллаһ ысырапқорларды ұнатпайды» («Әнғам» сүресі, 141 аят), деп ескертеді.

Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері де жетерлік. Бірақ, ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыздың шариғат талаптарына амал ете бермейтіні өкінішті-ақ. Әсіресе, өлім-жітімді өткізу мен атқаруда ысырапқорлық шегіне жетті. Мұндай кезде жағдайы төмен жандардың өзі: «Мен басқадан кеммін бе?», деп қарызданып-қауғаланып бір ірі қара алып, оны сойып тастайды. Сойыстан бөлек дастарханына құстың сүтінен басқа азық-түліктің барлығын алып, жайнатып қояды. Одан кейін үштігі-түстігі, қонақасы-қолғабысы, жетісі, қырқы, жүзі, жылы, асы болып жалғасып кете береді. Мұның бәрін атқарамын деп жүріп үй иесінің шақшадай басы шарадай болады. Атам қазақ мұндайды: «Өлім байдың малын шашады, кедейдің артын ашады», деп тамаша айтқан.

Алыс-жақыннан келген қонақтарды күтіп алып, бірнеше күн үйде ұстау да оңай шаруа емес. Оларға қонақасы беріледі. Әрине, алыстан келгендерге құрмет көрсету құптарлық іс. Алайда, бұған жақын жердегі көрші-қолаң, ағайын-туыстың келуін дұрыс дей алмаймын. Мұны айтып отырған себебім солардың ішінде: «Мені қонақасына шақырған жоқсың», деп өкпелейтіндері қаншама?! Амалсыздан үй иесі бәрінің көңілін табамын деп тағы сабылады. Өзі қайғы жұтып отырған жанға: «Мені қонақ етпедің?», деп айтуымыз қаншалықты орынды? Осы дастарханда елге үлгі-өнеге боларлықтай әңгіме айтудың орнына әркімге бір тиісіп, өзінше әзіл айтқан болып, тойда жүргендей даурыға күлісіп отыратындар да жиі кездеседі. Мұндайлар «үлкен кісі өмірден өтсе той ғой», деп те соғады. Өлім қашан той болып еді? Өмірден өтіп жатқан адам біреудің қимас бауыры, атасы немесе әжесі емес пе? Марқомның алыстан келген ағайындарын өз үйінде күтіп, ас-суын беріп жатса, бұл әрі сауап, әрі туыстарды бір-біріне жақындата түсетін амал. Ондай жағдайлар ұшырасып жатқанымен өте аз.

Екінші бір мәселе, алыстағы ағайындарын тосып қайтқан адамның сүйегін жазда сыздатып, қыста мұздатып үш-төрт күн сақтап қоятынымыз да жасырын емес. Өлген адамның мүрдесі босап, бұзылуы жылдам жүре бастайды. Ауаға түрлі газ күйіндегі микробтар тарап, айналасында жүрген адамдарды ауруға шалдықтыруы әбден мүмкін. Мұны заманауи медицина әлдеқашан дәлелдеп те қойған. Сондықтан мүмкіндігінше мүрдені жерлеуге асыққан жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Күнә жасасаң тәубе етуге, намаз уақыты кіргенде оны өтеуге, қарызды қайтаруға, бойжеткен қызды ұзатуға, ержеткен ұлды үйлендіруге, өлген адамды тезірек жерлеуге асығыңдар», деп өсиет еткен.

Тағы бір айта кететін жайт, өлген адамның басына тас қоюға қатысты. «Осы қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ», деп ғұлама Абай айтқандай, жасыратыны жоқ, адамды тірі кезінде сыйламай, өлгеннен соң аса құрмет көрсетіп жатамыз. Өлген соң оған біздің сыйлаған-сыйламағанымыз бәрібір. Әрине, мазарды ешкім баспайтындай етіп қоршап, темірге, тасқа немесе басқа да бір нәрсеге қайтыс болған кісінің есімін жазып қоюға әбден болады. Бірақ, мұның өзі де бәсекелестікке айналып кеткенін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Баяғыда қазақ даласына аяғы тиген бір шетелдік жиһанкез: «Қазақтар өзіне салмаған үйді өлген марқұмға салады екен», деп жазғаны бар. Қазір кейбір қабірстанға барсаң құдды орта ғасырдағы бір шаһарға тап болғандай күй кешесің. Зәулім-зәулім күмбездер, кірпіштен нақышына келтіріп қалаған қоршаулар, адамның есімі, туған және өлген жылы жазылған мәрмар, гранит, т.б. тастар алыстан мен мұндалайды. Біреулер тіпті ескерткішін де қояды. Мұның барлығының марқұмға ешқандай да пайдасы жоқ.

Егер сол қаржыны дүниеден өткен кісінің атынан мұқтаж, тарығып жүрген жандарға садақа ретінде таратса, олардың бір қажетіне жараса мұның сауабы мол болары сөзсіз. Өзіңіз ойлап қарасаңызшы, алысқа бармай-ақ еліміздің өзінде қаншама мүгедектер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, жетім балалар, емделуге мұқтаж сырқат жандар көптеп кездеседі. Әсіресе, бесіктен белі шықпай жатып анасының уызына жарымай қалған тұл жетімдер қаншама?! Оларға ең қажетті деген бір затын алып беріп, қуантып жатсаңыз бұл да бір сауапты іс болар еді. Сөз соңында айтарым мүмкіндігінше ысырапқа жол бермей одан сақтана білсек, екі дүниеде де пайдасы тиетіні хақ. Аллаһ Тағала бәрімізді тура жолға бастағай. Аллаһ бізге разы болсын!

Қанат Биләшұлы, Орлы ауылының молдасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521