Жемқорлық індет, оны құрту – партиялық міндет

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының жұмыс жоспарына сәйкес саяси кеңес отырысы өтті.

Күн тәртібіне сай алғашқы кезекте партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында аудандық филиалдың 2018 жылы атқарған жұмысы туралы партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевтің хабарламасы тыңдалды.

Қатары кездейсоқ адамдардан арылды

- Елбасымыздың 2018 жылғы 5 қазан күнгі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын аудан халқы ерекше ықыласпен қабылдады. Онда айтылғандарға қолдау білдіріп, ризашылықтарын аудандық газет бетінде жазып жатыр. Партия төрағасы, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен бері соның аясында барлық деңгейдегі ұжымдарда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартатын түрлі жобалар іске аса бастады.

Аудандық филиалда, оның саяси кеңесі мен бюросында Мемлекет басшысының тапсырмасын, партияның басты мақсаттары мен міндеттерін және сайлауалды бағдарламасын іске асыруды ұйымдастыруға барлық мүмкіндіктер бар. Бүгінгі күні партия мүшесі 2746 адамға жетіп, 170 топ, 21 бастауыш ұйымға біріктірілген. Партия мүшелерінің санымен қатар сапасын арттыруды да басты назарға алдық. Тиісті жарналарын 6 айдан аса уақыт бойы төлемеген, партия жарғысын орындамайтын, оның қатарына кездейсоқ тартылған адамдарды саралап, қатарымызды тазартып жатырмыз. Тек соңғы үш айда орталық саяси кеңестің ұсыныстарымен осындай 42 адам шығарылды. 2018 жылдың 12 айында партия қатарына 57 адам қабылданды, - деді Ө. Есенғазиев.

Түскен шағымдар қаралды

Келесі кезекте аудандық партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Ұлмекен Сапарова есеп беріп: - Жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен шаралар өткізу үшін аудандық прокуратура мен ішкі істер бөлімі басшыларымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, біріккен жұмыстар атқару жоспары жасақталады. Биыл халықпен тығыз байланыс жасайтын аудандық мекемелер, атап айтсақ Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық білім бөлімінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу тақырыбында кездесу-семинарлар, дөңгелек үстелдер, оқулар өтті. Аудан әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топпен бірігіп Құрманғазы, Еңбекші, Мақаш, Нұржау, Орлы ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері филиал басшылығымен партиялық бақылау тобы, басқа да қоғамдық ұйымдармен бірігіп ауданда жүріп жатқан 4 мектептің құрылысы мен ауылішілік жолдардың күрделі жөндеуінің уақытылы, сапалы жасалуына зерделеу, мониторинг жұмысын жасауға атсалысты. Кеңес 2018 жылы 5 адамнан түскен шағым-өтінішті қарап, арнайы тексеру-түсіндіру жүргізу арқылы шешіліп, жауаптар қайтарылды. Атырау облысы Білім беру департаментінің 2014 жылғы 12 мамыр күні №158 бұйрығын басшылыққа алып, барлық білім беру ұйымдарында ақша жинауды болдырмау, мектеп бітіру кеші мен мерекелерде мұғалімдерге сыйлыққа ата-аналардан, оқушылардан ақша жинауды тыю шаралары үнемі қатаң бақылауда ұсталып отыр. Жыл ішінде аудандық газетке мақала бермегенімізбен, «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшамызды үнемі пайдаланамыз, - деп атқарылған жұмыстарға тоқталып, жемқорлықпен күрес жалғаса беретінін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев жөндеу жұмыстарын созып жіберген, сапасыз атқарған мердігерге қандай шара қолданылғанын сұрады. Берілген жауапта оны сотқа беру жүріп жатқаны айтылды.

Телефонды алмайды, хатқа жауап салмайды

Аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Біржан Кенжебаев: - Тамыз айында Ы.Алтынсарин орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің тиісті уақытынан кеш басталғаны, жұмыс күшінің аздығы, құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуінен баяу, мардымсыз екенін көріп, ескерту жасап, ұсыныстар айттық. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыстық құрылыс басқармасының басшыларымен, аудан әкімінің орынбасарларымен, аудандық білім бөлімінің, аудандық құрылыс бөлімінің басшыларымен бірігіп осы мектепке кері барғанда жөндеу жұмыстарының бұрынғыша баяу және сапасыз жүріп жатқанын анықтадық. Мектеп оқушыларды жаңа оқу жылында қабылдауға әзір еместігіне, басқа орын болмағандықтан сол білім ұясының бірінші қабатында оқуға мәжбүр екеніне, екінші және үшінші қабаттарында жұмыс толық аяқталмағанына көзіміз жетті. 15 қыркүйекте құрамында облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова бастаған облыстық Білім, құрылыс басқармасының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары бар мониторингтік топ мүшелері Ы.Алтынсарин мектебіне кері барған кезде анықтағанымыз жөндеу жұмыстарының әлі де дұрыс жүрмепті, балалардың оқуына ешқандай жағдай жасалмапты.

Сол күні Манаев, Нұржау мектептері мен Д.Нұрпейісова атындағы мектептің жатақханасында болып, мұндағы кұрылыс жұмыстарының да бекітілген кестеге сәйкес орындалмай отырғаны, жатақхана құрылысы мүлдем тоқтап тұрғаны анықталып, тиісті мамандардың тарапынан қатты сын-ескертпелер жасалды. Айта кететін жайт, осы төрт мекеменің де мердігері болып Шымкент қаласынан «Экспресс строй» ЖШС танылған. Алайда, құрылыстар басында оның бір ғана өкілі Фархат Абуғалиев болды. Тағы бір назар аударатын нәрсе аталған мердігердің өзінің жеке техникасы, жоғары басшылығымен дұрыс байланысы жоқ, жұмыс күші де аз екені. Жоғары басшылығының бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарамайтынын, тапсырыс берушінің талаптарына, телефон қоңырауларына, хаттарына мүлдем жауап бермейтінін естідік. Мердігердің барлық сын-ескертпелерге айтқан уәжі әлі де келісімшарттың орындалу уақыты бітпегені, үлгеретіні. Тас жолдар мен ауылішілік жолдардың күрделі жөндеулері жүріп жатыр, сапасына байланысты айтылған ескертулер уақытында орындалуда, - деді.

Саяси кеңес отырысына қатысушылар жөндеу жұмыстары аяқталмаған Ы.Алтынсарин орта мектебіне алаңдаушылық танытты. Н.Манаев орта мектебіндегі жұмыстарды басы-қасында жүріп жасатқаны үшін округ әкімі Асқар Мұфтахқа, мектеп әкімшілігіне ризашылық білдірілді. Соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске атсалысқаны үшін бір топ «нұр отандықтарға» алғыс хаттар табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521