Жастарға бизнестің қыр-сыры түсіндірілді

(0 Votes)

Жастар – келешектің кілті, оларға дұрыс бағдар көрсетіп, бәсекелестік ортаға бейімдеу, бизнеске тарту – заман талабы.

Осыған орай, аудандық орталықтандырылған кітапханада жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлермен кездесу кеші өтті. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайсар Мақсотов жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген жастарға бағыт – бағдар беріп, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, мемлекеттік бағдарламалар тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктер туралы жан-жақты хабардар етті. «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының кеңесші менеджері Құндыз Қабдолова «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқыту қағидаларын түсіндіріп, өңірде жүзеге асқан пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері мен ерекшеліктеріне тоқталды.

Сонымен қатар, бизнеспен айналысуға құлшыныс білдірген адамға оның қыр-сырын барынша түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін әр қадамын тізбектеп беруге, тіпті, бухгалтерлік есепті жүргізуге көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді. Одан әрі, шаруа қожалық иесі Есболат Құбашев ата кәсіпті өркендетудің нақты тетіктерін келтіріп, елімізде ет экспортының көлемін арттыру сияқты түйткілді мәселелерді, саланың дамуына қолбайлау болып келетін кейбір жайларды қаперге берді. Мал өсірудің шетелдегі тәжірибесін мысалға ұсынып, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырудың маңыздылығын айтты. Ағаштан түйін түйген қолөнер шебері Талғат Жұмалиев тұрғындардың талап-тілегіне орай бүгінде тұрмыстық жиһаздарды да жасайтынын тілге тиек етіп,белгілі бір істі бастауда адам өз-өзіне сенімді, ерік-жігері мол болуы қажеттігін алға тартты. Оңтайлы кәсіп түрін таңдай білу де бизнестің алға жылжуына едәуір әсер ететінін жеткізді. Ауданымыздың жас кәсіпкері, «Жасмин» мерекелік шараларды ұйымдастыру орталығының басшысы Дәурен Садықов өзінің бұл ортаға қалай келгенін, қандай кедергілерді бастан өткергенін жасырмай айтып, жастардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауабын қайтарды.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521