Жастарға артар сенім мол

(0 Votes)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесінде өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататыны жөнінде шешім қабылдады. Сүйікті отандастарын Тәуелсіз мемлекетімізді, Мәңгілік елімізді көздің қарашығындай сақтай білуге шақырды.

«Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық. Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар - тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары. Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін», - деді Тұңғыш Президент.

Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар жанжақты тұлға болып, өзі мен елінің игілігі үшін лайықты өмір сүруге қабілетті екендігін көрсете білуі тиіс. Жастық шақ – бұл өзіңді іздеу ғана емес, сонымен бірге алдыға үлкен асқақ мақсаттар қою. Міне, осы тұрғыда біз күні бүгінге дейін Елбасының айрықша қамқорлығын сезініп келдік. Оның ішінде, ең алдымен қолжетімді және сапалы білім, жұмыспен қамту, тіпті баспана мәселесінің мүмкіндіктері қарастырылып келетініне ерекше қуанамыз. Биылғы Жастар жылында оларды толғандырған өзге де мәселелердің оңтайлы шешімін табатынына сеніміміз зор.

Мемлекет басшысының өзі тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан жас буынға үлкен сенім артып, ол елдің ертеңгі тірегі, үміті екенін айтудан жалыққан емес. Сондықтан, қолдан келгенше жастық шақтың күш-жігерін, қарым-қабілетін егемен елімізді одан әрі өркендетуге жұмсағанымыз абзал деп ойлаймын және барлық замандастарымды осы елдік іске біркісідей атсалысуға шақырамын!

Наурызбай Бисенғалиев,

аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521