«Zhas Project» – жастарға көмек

Аудан тынысы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, 2017 жылдан пилоттық режимде еліміздің 4 облысында «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасына ұйымдастырып келеді.

Үстіміздегі жылдың 15 наурызынан бастап Атырау облысында да қолға алынатын болады. Осы орайда жобаның үйлестірушілері Айжан Арапбекова, Нұрлыгүл Рамазанова ауданымызда болып аудан жастарымен кездесіп түсініктер берді.

Жобаның мақсаты – жастарды әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлікке үйретіп, қоғамның әлсіз топтарына пайдасын келтіруге тарту. Конкурсқа 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Үш немесе бес адам бірігіп, өз идеяларын әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асыруларына болады. Өтінімдер zhasproject.kz сайтына 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында қабылданады. Өтінімдер техникалық іріктеу, бағалау комиссиясы, компьютермен кездейсоқ таңдау, яғни рандом әдісі бойынша анықталады. Іріктеуден өткендерге 1 миллион теңге көлемінде грант беріледі. Жобалары үздік деп танылып, грантқа қол жеткізген жағдайда 6 ай бойы жергілікті қауымдастыққа тегін қызмет көрсетуге тиісті. Содан кейін барып өздерінің пайдасы үшін жұмыстануға құқылы. Жобаларды тәжірибелік іске асыру 1 маусым мен 30 қараша аралығын қамтиды.

Жобада «Менторлық қолдау» бойынша жастарды оқыту бағдарламасы бар. Менторлар алты ай бойы жастарға жобаларын қалай іске асыру жолдарын үйретеді. Қатысушылар өмірлік маңызы бар дағдыларға үйренеді, басқару тренингтерінен өтеді. Осы жоба арқасында жеке кәсібін ашуға мүмкінідігі бар. Жоғары білімі бар болса – 60 мың теңге, орта білімі болса – 40 мың теңге шәкіртақы алады.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев жастар жылына орай ұйымдастырылып жатқан жаңа бастаманың пайдалы тұстарына тоқталды.

- Бұл өмірге жаңа қадам басқалы отырғандарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Арман-ойы, идеясы бар, бірақ жүзеге асыруға бастапқы қаражаты жоқтарың болса қамданып қалғандарың дұрыс болар еді. Ауданымыздың өзінен көптеген кәсіп көзін ашуға болады, - деген ол мәселеге орай аудандық жастар ресурстық орталығына жолығып, бағыт-бағдар алуға болатынын жеткізді.

А.НӘЖІМОВ.