Жалпылама атаудан гөрі...

(0 Votes)

Орлы ауылдық округі тұрғындар жиынында көтерілген мәдениет үйінің атауын өзгертуге байланысты сауалға округ әкімі А.Мұфтах нысанды «Өнерпаз» деп атау жөніндегі қоғамдастық мүшелері қабылдаған қаулы облыстық ономастикалық комиссияға жіберілгенін, кезінде мораторий жариялануына байланысты тоқтап қалғанын айтты.

Алайда кейбір тұрғындар бұл жалпылама атаудан гөрі осы салада еліне елеулі болғандардың есімі берілсе дейді. Еңбек ардагері Салауат Мүстиев ауылдың тумасы, белгілі музыкант Төлеген Ахметжановтың атына беруді ұсыныс етті. Несі бар, лайықты емес деп кім айта алады? Кезінде кеңшардың малшы-механизаторларынан оркестр құрып атағын алыстарға жеткізген өнер майталманының есімі ескеруге тұрады. Өткен жылдың желтоқсанында аудандық мәдениет үйі жанындағы ұлт-аспаптар оркестрі Төлеген ағамыздың есімімен аталатын болды.

Дейтұрғанмен, ірі концерттер мен өнер байқауларында ғана басы бірігетін шығармашылық ұжымнан гөрі мәдениет ошағына берілсе деген ойдамын. Күні кешелері исатайлықтар Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйін ерекше дарын иесі, күйші Нариман Үлкенбаевтың есімімен атап, талантты тұлғаға тағзымдарын білдірді. Орлылықтар да ауызбіршілігін көрсетіп, пейілдерінің кеңдігін білдіріп, орталарында өскен атпал азаматқа лайықты құрмет көрсетсе құба-құп. Екінші Дина атанған Бақыт Қарабалинаның есімін берсе де жарасар еді, оның атындағы саз мектебі жабылғаннан кейін күйші апамыз да ескерусіз қалып барады.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521