Жалақы төлеудің жаңа жүйесі түсіндірілді

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Факторлы баллды шкала негізінде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу» туралы өткен семинарды аудан әкімі аппараты персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімінің басшысы Әділбек Мусин жүргізіп, жобаны қатысушыларға таныстырды.

- Естеріңізге сала кетейік, жаңа еңбекақы жүйесін сынау агенттікте, Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен Маңғыстау облысы әкімдіктерінде жүзеге асырылуда. Мақсаты – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, мемлекеттік қызметтің сапасын көтеру. Жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгелі көрші Маңғыстау облысында өз еркімен қызметтен кету күрт төмендеп, керісінше, мемлекеттік қызметке келгендер саны артқан. Яғни, онда бүгінде бір орынға 50-60 адам үміттенеді. Сонымен қатар, мамандардың еңбекақылары екі есеге өскеннен кейін кадр тұрақсыздығы жойылып, олардың қабілеті күшейе бастаған. Жалпы, бұл жүйе мемлекеттік қызметтің тартымдылығы және бәсекеге қабілеттілігі, қаржылық мотивацияның артуына, мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге өз септігін тигізетініне сенім мол.

Келесі жылы Атырау облысындағы мамандардың айлық табысы осы факторлық-баллдық шкала жүйесі арқылы бағаланады деп жоспарлануда. Әр маман жасаған еңбегіне байланысты айлығын алатын болады. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің басты айырмашылығы – қызметшілерге жүктелген міндеттердің ауқымдығын және тиімділігін ескереді. Барлық лауазымдар үш фактор негізінде бағаланады: білім деңгейі, құзыреттері мен жұмыс тәжірибесі, лауазымға жүктелген міндеттердің күрделілігінің дәрежесі және нәтижеге қол жеткізбегені үшін жауапкершілік дәрежесі. Факторлардың әрқайсысы бойынша балл шығарылады және олардың жиынтығы жаңа еңбекақы желісіндегі лауазымның орнын анықтайды. Бұған қосымша жыл соңында қызметшілерге жұмыс тиімділігіне сәйкес 4 немесе одан жоғары жалақы көлемінде бонустар беріледі, - дей келе, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс–қимыл агенттігімен дайындалған слайдтар мен анықтамаларды көрсетті.

Семинар барысында мемлекеттік қызметшілердің толғандырған сұрақтары талқыға алынды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521