Жақсы ісімен жадымызда қалды

(0 Votes)

Құрманғазы ауданының 90 жылдық тарихында қалыптасуынан бас-тап, экономикасының өркендеуіне үлес қосқан басшылардың аты атқарған ісіне, қалдырған ізіне байланысты аталады.

Теңіз ауданы атауы оны кезінде он екі жылдай басқарған Құмар Темірташевпен байланысты айтылады. Ол кісі кеткеннен кейін орнына келген Ғазиз Алдамжаров та ауданда абыройға бөленген азамат. Халық оны ұмытпай жиі еске алып отырады.

Ғазиз Қамашұлы Алдамжаров Астрахань облысы Красный Яр ауданында 1947 жылы 31 қазанда туған. Партия, кеңес қайраткері. Астрахань ауыл шаруашылығы техникумын (1967), Астрахань балық өнеркәсібі техникалық институтын (1973), КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1990) бітірген. 1972 жылы «Коммунизм туы» ұжымшарында, «Атыраубалық» өндіріс орнында бас инженер қызметтерін атқарған. 1985 жылы Қазақстан Компартиясы Теңіз аудандық комитетінің бірінші хатшысы болды. Сол жылдар қоғамға «Демократия, қайта құру, жариялылық» деген ұғымдардың еніп жатқан тұсы еді. Басшылыққа жаңаша ойлайтын жастар тартылды. Адам тәрбиесі бірінші кезекке шығып, өркөкіректік пен менменшілдікке тосқауыл қойылып жатты.

Алдамжаров аудан орталығын жаяу аралап, шаруашылыққа шыққанда нөкерлерін шұбыртпай өзі жүре беретін. Күй талғамайды. Шопанның қоңыркүрең шайынан ішіп, қорасынан бұрын, үй тұрмысына көңіл бөлетін.Сондай бір сапарында қыстақта отырған жас шопан менің де үйіме бас сұққаны есімде. Анама сәлемдесіп, маған қарата «Тойға шақыруды ұмытпа», - деп әзілдеді. Оның басшылығы кезінде мойыны бұрылмайтын тоңмойын шенеуніктердің біршамасы сабасына түскен-ді.

Аудан орталығында Ғазиз Қамашұлынан қалған бірден-бір құрылыс көзі темірден құрылып, төбесі, іргесі жеңіл металдан тұрғызылған базар еді. 1987 жылы нарықтық экономика елімізге енген жоқ. Социалистік кезеңде болатынбыз. Мұндай базар Құлсарыда да болған жоқ. Сонымен қатар аудандық байланыс торабы мекемесі кеңсесінен бастап базарға айналатын бағытта жаяу жүргіншілер жолы да салынды. Оған дейін мұндай жол болған емес. Кейін тоқтап қалды. Ғазиз Алдамжаров 1990 -1991 жылдары Гурьев (Атырау) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Міне, сол уақытта халықтың қолдауына сүйеніп, беделін қосып облыс атауының «Атырау» атануына күш салды. Оны сол кездегі ақпарат беттеріндегі материалдар дәлелдейді. Ғ.Алдамжаров Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болды. «Құрмет белгісі» орденінің иегері.

Есмұхан ЖАНИЗИН,

Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521