Жаңа ғимарат пайдалануға берілді

(0 Votes)

Тұңғыш Президент күніне орай Сафон ауылдық округінде «Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жаңадан салынған ғимараты пайдалануға берілді.

Көркімен көз тартып сыңғырлап тұрған ғимарат қажетті-құрал жабдықтармен, орманшылар отыратын жайлы бөлмелермен, акт залымен және өрт сөндіру техникаларымен қамтылған. Мекеме директоры Әлібек Сатылғановтың айтуынша, орман шаруашылығының көлемі 17595 гектар. Оның 1757-сін орманды жер, 399-ін жас екпелер алып жатыр. 3 гектар арнайы орман алқабы (питомник) бар. Осы жерден аудан өңіріндегі ауылдар мен шаруашылықтарды, мекемелерді көгалдандыруға жас талдар босатылады. Мұнда 90 мың тал көктеп тұр. Қазір мекеменің штатында 36 адам болса, оның 15-і орманшылар. Жоспарға сай орман өртінің алдын алу және жою бағытындағы оқу-жаттығулар жиі өткізіледі. Оған іргелес Ресейдің орманшылары да тартылады. Табиғаты тамылжыған бұл өңірге шетелдік туристер де жиі ат басын бұрады. Өзен бойының салқын самалын жұтып, саф ауасымен тыныстап, шоршыған балығын аулап, құсын атып, көңілдерін сергітеді.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов құттықтап: - Бүгін облыс әкімінің қолдауымен Тұңғыш Президент күніне орай орман шаруашылығы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына куә болып отырсыздар. Шаруашылықтың барша қызметкерлерін құттықтап, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін. Алға қарай да ауылдарымыздың сәнін келтіріп, көгалдандыру жұмыстарына үлестеріңізді қоса беретіндеріңізге сенімдімін. Ауданымызда осындай жаңа ғимараттар көбейе берсін, - деді.

Келесі кезекте Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан сөйлеп: - Бұл мекеменің құрылғанына биыл 36 жыл толды. Енді мына сәулетті мекеменің ішінде жұмыстарын әрмен қарай жалғастырады. Жалпы соңғы жылдары облысымыздың ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөлініп, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. Осындай мекеме былтыр Махамбет, жақында Индер ауданында ашылды. Отыратын жайлы орыны, өзінің өрт сөндіру депосы бар. Бұдан басқа да аудандарда өрт сөндіру мұнаралары салынуда. Соңғы екі жылдың ішінде 83 млн. теңгеге техника алынып, орман мекемелерін ұстауға 450 млн. теңгеден аса ақша бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, күні кеше Қазақстанда бірінші рет орманшылардың кәсіби мерекесі аталып өтті. Соған орай Индерде Есбол аулында үлкен шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырдық. Сіздерден көптеген азаматтар марапатталды. Құрманғазы ауданындағы филиалымыздың директоры Әлібек Сатылғанов Орман шаруашылығы комитетінің төсбелгісімен ұлығыланды. Бәрі де қызметкерлеріміздің мерейін өсіру мақсатында жасалды. Салада көптеген азаматтар өмір бойы еңбек етсе, бүгінде олардың ізін балалары, ұрпақтары басуда. Келесі жылдан бастап орманшылардың жалақысы 25 пайызға өседі. Мұның бәрі Елбасымыздың, Үкіметіміздің, облыс басшыларының тарапынан жасалған үлкен қолдаудың нәтижесі, - дей келе жаз мезгілінде орман шарушалығында мектеп оқушылары мен студенттерден құрылған 150 сарбаз еңбек еткенін айтып, солардың бір тобы, Энгельс орта мектебінің оқушылары Айкүміс Қазанғаповаға, Данияр Сипатовқа, Бағдат Шапиховқа, Айнаш Баяноваға, Оразәлі Нұрбаевқа Алғыс хаттар табыс етті. Ауданда жас орманшылар одағын құруға шақырды.

Одан әрі округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғали Ситеков сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Орман шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Микоян Жұмағалиев сала зейнеткерлеріне, келіп жатқан қонақтарға қош келдіңін айтып: - Президентіміздің Жолдауына байланысты облысымызда бірқатар игі істер тындырылуда. Өзім 1966-1967 жылдары орман шаруашылығында еңбек жолымды бастадым. Ағаш шебері болып бір үй, бір кеңсе тұрғызуға қатыстым. Кезінде бұл мекемені Сұңғат Шөреғалиев, Зейнолла Гебелов, Сабырбек Құрманбаев, Ерлан Сабырбеков, Сұңғатолла Меңдіханов басқарса, бүгінде 2005 жылдан күні Әлібек Сатылғанов жалғастырып, біраз жұмыстар тындыруда. Соның бірі осы ғимараты. Мұның ауылымызда ашылуы үлкен қуаныш. Орман шаруашылығында біраз жігіттер жұмыс жасады. Атап айтсақ, солардың қатарында Мекеш Зейінов, Хасайын баязитов, Петр Воробьев, Зұлпыхар Махмудов, Таңатар Қасымов, Өтеш Жұмағалиев және басқалары бар. Солардың қатарында шаруашылық құрылғаннан зейнеткерлікке шыққанша жиырманың үстінде үй салуға атсалысқан, осында қатысып тұрған Мәскура Баязитова деген үлкен әжеміз де болды. Олардан кейінгі азаматтардың есімдерін де мақтанышпен атауға болады, - деп қатысушыларға арттарыңнан ерген ұрпақтарың аман болсын, құдай солардың қызығын көруге жазсын деген тілегін арнады. Шараны Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Хамзаева қорытындылады.

Ғимарат алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов пен Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан қиып, шашу шашылғаннан кейін көпшілік жаңа нысанды аралып көрді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521