Жәрмеңке ұйымдастырылды

(0 Votes)

Ақкөл ауылдық округінің мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жәрмеңкесі өтті.

Оған сегіз бірдей аудандық бөлімдердің, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының, «Азаматтарға арналған үкімет» Ке АҚ Атырау облысы бойынша филиалы «ӘТВАЕО» департаментінің аудандық бөлімшесінің, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қатысты. Шараны Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисембай Рамазанов ашып: - Аудан әкімі аппараты басшысының бекіткен жоспарына сай мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі бұған дейін аудан орталығында өткен болатын. Бүгін көлемі жағынан үлкен округтің бірі ретінде біздің ауылымыз таңдалып отыр. Негізгі ұйымдастырушы аудан әкімдігі жанындағы ұйымдастыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Мейіржан Ғұмаров осы шараға қатысуда. Жәрмеңкенің мақсаты – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына орай интернет желілері, веб-порталдар арқылы әрбір тұрғынның сол қызметтерді үйінде отырып алуына қол жеткізу. Қазір оған мүмкіндіктер мол. Осы шарада сіздерге оны кеңінен пайдалану жөнінде түсініктер, кеңестер беріледі. Мамандардың қатысып жатқанын пайдаланып,түсінбейтін сұрақтарыңыз болса қойыңыздар, - деп жәрмеңкенің жұмысына сәттілік тіледі.

Аудан әкімдігі жанындағы ұйымдастыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Мейіржан Ғұмаров: - Еліміздің алдына қойған негізгі міндеттердің бірі – халыққа мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсету болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес цифрлық мемлекетке көшу, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде беру бойынша елімізде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Заманауи технологиялардың дамуына орай туу туралы куәлік, арнайы әлеуметтік жәрдемақылар, есейген кезде жеке куәлік алуға, балабақшаға кезекке тұруға, сонымен қатар білім, медицина, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жер саласындағы және өзге де қызметтерге электронды нұсқада қол жеткізген өздеріңіз үшін ыңғайлы. Қазіргі уақытта тұрғындар тікелей мемлекеттік органдар арқылы қызметтің 20, баламалы түрде 55, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан 67, ал «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы 44 түрін алуына болады. Аудан бойынша барлық ауылдық округ әкімі аппараттары соңғы үлгідегі компьютерлермен қамтылып, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Арнайы бөлінген бір маман тұрғындарға қызмет көрсетеді, - деді.

Бәрі де өздерінің игілігі үшін жасалып жатқанын жақсы ұққан ауыл тұрғындары жәрмеңкеге белсене қатысты. Олардың кейбірі аудандық жер қатынастары мен сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандарынан өздеріне қажетті кеңестерін алып жатса, өзгелерін аудандық білім бөлімі мен «ӘТВАЕО» департаментінің аудандық бөлімшесінің мамандарының қасынан көрдік. Басқа да бөлімдердің үстелдеріне жайғасып ақыл-кеңес сұрағандар бар. Жерді қалай алуға болады? Жұмыссыз ретінде қайда тіркеледі? Кәсіби мамандыққа кімдер оқытады? Мұғалімдерге қысқы отынға берілетін жеңілдіктің қаржысын алуға нендей құжаттар қажет? Қысқасы қатысушы мамандарға біраз сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар қайтарылды. Аудандық ХҚКО-ның мамандарының алдында кезекке тұрушылар көп. Мұнда ЭЦҚ беріп және оны қалай алу жөнінде түсіндірілді.

Үш сағатқа созылған мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жәрмеңкесіне келушілердің бірі, Ақкөл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-ұйымдастырушысы Гүлмарида Шамшиденқызын сөзге тартқанымызда: - Бүгінгі күні ауылымыздың орталығындағы мәдениет үйінде үлкен жәрмеңке жүріп жатыр. Халықтың ортасына келген мамандар тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, egov порталы арқылы құжаттарды қалай алуға болатынын айтуда. Әрбір адам өзінің кілті арқылы бәріне үйде отырып-ақ қол жеткізуге болатынын ұғуда. Менің де осы жәрмеңкеге келгендегі мақсатым – өзім тиісті нәрсені үйден алу. Мысалы сотталмағандығым, мекен жайым туралы анықтама қажет болса екі ортаға ақша шығарып аудан орталығына барамын. Ганюшкинге он тоғыз округтен менен де басқа адамдар келетіні анық. Кезекке тұрып, уақытымызды жоғалтамыз. Сол себепті ортамызға келіп, бәрін түсіндіріп жатқан мамандарға, оларға жағдай жасаған округ әкіміне алғысымызды айтамыз. Халық өте риза, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521