Уақыт таяу, жазылу баяу

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазпошта» АҚ-ның Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының бастығы Ниетжан Ғабдуллинмен бірге мерзімдік басылымдарға жазылу барысымен таныспақ ниетпен жолға шықтық.

Сапарымызда Байда, Кудряшов, Сафон, Бірлік, Теңіз ауылдық округтерін аралап, жағдаймен таныстық.

Жас маманға қамқор болайық

Байда ауылдық округінің клубына біраз халық жиналыпты. Алдымен округ әкімі Бекес Сәрсенғалиев мерзімдік басылымдарға жазылу барысына тоқталды. 1852 халқы бар округке 535 дана газет-журналдарға жазылу болжамы берілсе, күні бүгін 212-сі орындалған. Тұрғындар 225 дана «Серпер» газетінің 166-сына жазылған. Мерзімдік басылымдарға жазылу әлі де жалғасуда.

«Қазпошта» АҚ-ның Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының бастығы Ниетжан Ғабдуллин: - Баспасөзге жазылу мемлекеттік науқан. Одан ешкім шет қалмауы тиіс. «Қалай да жазылыңдар», - деп мәжбүрлеуден аулақпыз, бірақ мемлекеттік басылымдар Елбасымыздың саясатын жергілікті жерде насихаттап отырғаннан кейін оған бюджеттік мекемелер қолдау көрсетуі тиіс деп есептеймін. Жаңалықты интернет пен газеттен оқыған екі бөлек. Интернетте толық жазбайды. Бұрын 21 мың данаға жазылуға тапсырыс берілсе, 4-5 жылдан бері 15 мың дана көлемінде. Аудан бойынша мерзімдік басылымдарға жазылу 40% -ды құрап отыр. Байда ауылдық округінде жазылу барысы төмен, - деп несиені, жалақы мен зейнетақыны «Қазпошта» бөлімшесі арқылы алудың артықшылықтарына тоқталды.

Байда ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов: - Бұрын ауылда Замзагүл деген пошта меңгерушісі болған кезде біреуге әзілдеп, екінші адамға қаттырақ, үшіншісіне ақылын айтса да қалай да газетке жаздырып жіберетін. Мектепте директор айтқан соң сөзін жерге тастамайтын болар, былай халықты баспасөзге жаздырту поштаның жұмысына байланысты. Қазір пошта уақытымен жұмыс жасамаған соң зейнетақысы қолына тимей, несиесін төлей алмай жүрген адамдар қалай газетке жазылады? Өткенде бірнеше күн жұмыс жасамады. Компьютерлері де дұрыс істемейді. Бұған дейін менің пошта қызметіне ешқандай талабым болған жоқ. Ауыз су ол көптен келе жатқан сақалды мәселеміз. Енді оған пошта қосылып отыр. Осыны реттесеңіздер басылымдарға жазылу шешімін табады.

«Серпер» газетіне айтарым қызықты, әркімнің көкейінде жүрген мәселені жазатын болсаңыздар оқырмандарыңыз көбейеді. Сіздердің де үстеріңізден бақылау барын білемін, сондықтан шығар күрделі мәселелер жазылмай жатады. Осындай мінберден айтқан сөздеріміздің өткір тұстарын қиып тастап, ешкімге тимесін деп домалақтап шығара қояды. Біз біреудің ар-намысына тиетін сөз айтпаймыз, елдің мәселесін көтереміз. Сондықтан ол жазылса дейміз. Жалпы «Серперде» істелмей жатқан жұмыстарға сын айтатын бір рубрика ашсаңыздар деген ұсынысым бар. Мысалы, 2003 жылдан бері Котяевтегі су мәселесін қақсап келеміз, 15 жыл өтсе де әлі шешілер емес. Міне, осыны көтеру қажет. Таусылмайтын экспертиза деген бар. Экспертиза 45 күнде бітетін нәрсе, ал, біздікінің онда жатқанына 3 жыл болды. Сапасыз болса жобаны неге жасайды? Соның өзіне бірнеше миллион теңге ақша кетіп жатыр емес пе? Газет осыны көтерсе сең қозғалуы мүмкін. Менің пошта меңгерушісі болып жасайтын қызымызға ешқандай жеке талабым жоқ, бірақ, дәл қазір жұмысына риза емеспін, - деп оның жұмысы жақсарса деген тілегін білдірді.

Байда ауылдық округі пошта бөлімшесінің меңгерушісі Бибіжан Жұмахметова: - Жұмыста таңертеңгі 9-дан түскі 12-ге дейін және 12-ден кешкі 5-ке дейін боламын. Кейбір адамдар зейнетақысын алуға құжатсыз келеді. Заң бойынша мен олай бере алмаймын. Газетке халық жазылып жатыр. Берілген болжамнан шығуға жұмыстанудамыз. Өткенде бірнеше күн жұмыс жасамай қалсақ, ол біздің кінәміз емес, аудан бойынша орын алған жағдай. Тұрғындардан түсіністікпен қарауын сұраймыз. Келген ақшаны кідіртпей үлестіріп тастап отырмыз. Терминал жұмыс жасамай қалса да маған ұрысып кетеді, - деді. «Қазпошта» АҚ-ның Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының бастығы Н.Ғабдуллин жас маманға халықпен түсіністікте жұмыс жасауды тапсырып, тұрғындардан оған қолдау көрсетуді сұрады. Одан әрі ауыл тұрғындары банкомат қою, несие төлеу мәселелерін қозғады.

Крупская орта мектебінің директоры Шынар Исатаева: - Күн тәртібінде көтеріліп отырған мәселе бәрімізге түсінікті. Біздің мектеп мерзімді басылымдарға жазылуды жыл сайын 120-140 пайызға артық орындайды. Әр отбасы облыстық, аудандық басылымдарға жазылуы тиіс деп ойлаймын. Интернет барлық жаңалықты басылымдардай етіп бере алмайды. «Балалар кітапқа қызықпайды», - деп ренжиміз де, газет оқымаймыз. Өзіміз үлгі көрсетпесек оларға қалай айтамыз? Поштадағы жас маманды кінәлай бермей, оған қолдау білдірейік, - деп баспасөзге жазылу науқанына көп болып атсалысайық деген тілегін жеткізді.

Тартымды рубрикалар ашу керек

Кудряшов ауылдық округінде өткен жиынды округ әкімінің мерзімдік басылымдарға жазылуға жауапты маманы Жиенқұл Жұмахметов жүргізді. «Қазпошта» АҚ-ның Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының бастығы Н.Ғабдуллин зейнетақы, жәрдемақы, жалақы уақытында беріліп отырғанымен мұнда болжам 26%-ға орындалғанын айтып, карточка арқылы берілетін несиелер жөнінде қысқаша түсіндіріп, сыйақыны түсіруге әзір екендіктерін білдірді. Қазақ елінің патриоты ретінде республикалық, облыстық, аудандық газеттерге жазылуға шақырды. Кудряшов орта мектебінің директоры Асылбек Далиев мектеп ұжымы «Серпер» газетіне 60-70% жазылғанын айтты. Ауыл тұрғыны Ақкүміс Қисымова: - Аудандық газетке үнемі жазыламыз. Сондықтан оның қызықты бола түскенін қалаймыз. Газетте тек жаңалықтарды жазумен шектелмей алға қарай танымдық-тәрбиелік тұрғыдағы мақалалар жарияланса деген ұсынысым бар. Тартымды рубрикалар неге ашпайсыздар? Мысалы, батырлар туралы, Домалақ анадай қазақ әйелдері жайлы жазыңыздар. Сонда оқылымды бола түседі, - деген пікірін ортаға салды. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Рамазанов, мектеп мұғалімі Бауыржан Ғапуов басылым бетінде халықтың пікіріне көңіл бөлінсе, жергілікті жердің мәселелері жиі көтерілсе, құттықтау, еске алу бергенде ардагерлерге, қарапайым жұмысшы адамдарға жеңілдік жасалса деген өтініш жасады.

Өзге округтер де назарда ұсталса

Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Хамзаева ауылдағы барлық мекеме, кәсіпорын басшылары мен мамандарын жинап алды. Күн тәртібінде бір мәселе – ол баспасөзге жазылу. Жиынды ашқан ауыл басшысы: - Орман шаруашылығы, 20 жеке кәсіпкер мерзімді басылымдарға түгел жазылды. Бізге алаңдамауыңызға болады, «Серперден» түгел шығамыз. «Каспий Таңы» ӨК-нің төрағасы Бақытжан Теміров те 80 адамды жаздыруға уәдесін берді. Нұрлан Өтегенов, Құмар Өтешов, Асқар Мұратов сынды азаматтар өзгелерге де көмектесіп, қарауындағы адамдарды да түгел жаздырып отыр. Менің айтқым келгені округтерге болжам жасағанда халық саны ескерілгені жөн. Байда ауылдық округінде тұрғындар саны бізден көп, бірақ жазылу болжамы төмен. Сонымен қатар айналдырған екі-үш округті газетте жаза бермей басқаларын да көрсетсеңіздер екен. Газетті оқысақ дым бітірмей отырған сияқтымыз. Бізде де түрлі шаралар өтіп жатыр, оқырман одан хабарсыз, - деді. «Қазпошта» АҚ-ның Құрманғазы аудандық пошта байланысы торабының бастығы Н.Ғабдуллин ауылда жаңа пошта бөлімшесін салу, несиеге қатысты сұрақтарға жауап қайтарды.

Энгельс орта мектебінің директоры Сабыржан Жұпарғалиев: - «Серперде» сала құлаш мақалалар шығады. Бәрі де біреуді мақтау, мадақтау. Біз шағын материал жіберсек баспайды, - дей келе кейбір мұғалімдер газетке «Каспий-Балық» ЖШС-де істейтін жолдасым жазылды деп айтатындықтан округ әкімінен серіктестіктен тізімін беруді сұрады. Басқа да қатысушылар өздерінің мақалалары жарияланбай қалып жатқанын, тақырыптарын мүлдем өзгертіп жіберетінін, сол себепті өткен шаралардан халықты «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы хабардар етіп отырғанын алға тартты.

«Серпер» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы Қанат Ғұмаров: - Айтуларыңыз орынды, біз сын-ескертпелерді қабыл аламыз. Округтерді бөлмейміз, хабарлар қайсысынан келсе де жарық көреді. Газетте мадақтау мақалалар жарияланады дегенге келсек олар пиар, яғни ақылы материалдар. Оқырманмен арадағы келісім бойынша ақшасы төленгеннен кейін біз оны қысқарта алмаймыз. Сіздер де ақылы етіп берсеңіздер шығады. Бізге келген материалдарды газетке беріп жүрміз. Кейде орын болмай жатады. Сонда да қалып қоймасын деп жариялап келеміз. Мерекелік шаралар туралы жазсаңыздар, ол уақыты асып кеткенде келсе онда шықпайтынын қаперге беремін. Екі апта бұрын өткен мерекені газетке бергеннің мәнісі болмайды. Газетке жазылу болжамы жаңа айтылып өткендей облыстық ішкі саясат бөлімінен келеді. Біз өз тарапымыздан оны аудандық ішкі саясат бөлімімен бірлесіп жасаймыз. Бұл жөніндегі ұсыныстарыңызды да сол бөлімге жеткіземіз, - деді.

Бірлік ауылдық округінің бас маманы Батырбек Балтаевтың айтуынша «Атырау» газетінен 22, «Серперден» 18, «Прикаспийская коммунадан» 4, «Егемен Қазақстаннан» 12 дана қалып тұр. Желтоқсанның 10-ына дейін жабылады. Бұл округте мерзімдік баспасөзге жазылу жұмыстары өз дәрежесінде ұйымдастырылып, жылда да болжамнан шығатындықтан көп кідірген жоқпыз. Теңіз ауылдық округіндегі Гагарин орта мектебінде өткен жиынға ұстаздардың аз ғана бөлігі қатысты. Қалғандары сабақ уақыты болғандықтан келе алмады. Аталмыш мектептің бейім бойынша оқыту пәнінің ұстазы Нұржан Евниеновтің айтуынша өздеріне берілген 70 дана «Серпер» газетінің 52-сі орындалған, жазылу әлі жалғасуда. Ауыл тұрғыны Мейрамгүл Құспанова газетімізге ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

Қанат ЗАРЛЫХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521