ТУҒАН ЖЕР ТАРИХЫН БІЛГЕНІМІЗ ДҰРЫС

(0 Votes)

Біздің ойымызша бүгінгі Қазақстан тарихы тұтас қалпында жазылуы тиіс.

Одақ тұсында «Қазақстан тарихы» деген пышақтың қырындай кітапты оқып өстік. Бейне бір жерімізді ешкім мекендемей ғасырлар бойы бос жатқандай. Шындығында олай емес қой. Басқа мемлекеттер сияқты біз де өз тарихымызбен мақтана аламыз. Алғаш рет жылқыны Қазақ жерінде қолға үйреткенінің өзі неге тұрады?! Бес қаруын асынып, атқа мінген түркі жауынгері басқа халықтардың үрейін ұшырған. Олар соғыста ат үстінде еркін отыра білгендіктен онымен біте қайнасып кеткендей көрінген. Мысалы гректер «кентаврлар» (жартылай ат, жартылай адам) дегенде анау денесіне тері жамылып, қолына шоқпар ұстап жаяулап, айқайлап шауып жүрген сол кездегі еуропалықтарды, галл, герман тайпаларын емес, Азияны емін-еркін мекендеген, үстіне сауыт киіп, қолына қалқан мен найза ұстап, садақ пен қылыш асынған біздің батыр бабаларымызды меңзеген. Грек батырлары Ахилл мен Ясонды оқытқан кентавр Хиронды еске алайықшы. Оны ежелгі мифтер данышпан, әрі қайырымды етіп көрсетеді. Аталған батырларға білім бергені ат мініп, қару асынған жауынгер көшпенділердің ғылымнан да кенде болмағанының дәлелі емес пе?

6

«Көл тамшыдан құрылады», деген, қазір біз тұрып жатырған Солтүстік Каспий ойпаты да даңқты тарихтан кенде емес. Ғаламтордағы қазақстандық және шетелдік карталарға қарап, там-тұмдап жинап көрейік. Каспийдің солтүстік жағасымен біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырларда скифтер, одан кейін сақтар өткен. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Еділден Аралға дейінгі аймақта оғыз мемлекеті жатты. Қазіргі біз тұрып жатқан жерлерді солар мекендеген. Одан кейін түркі қағанатына қарадық. Қағанат бөлінгеннен соң Хазар хандығының құрамына кірдік. ХІ-ХІІІ ғасырларда Еділ мен Жайық арасы Дешті-қыпшақ хандығына бағынды. Кейін Жошы ұлысына, одан соң Алтын орданың ханы Батудың інісі Тоқай-Темір билеген иеліктің құрамына ендік. Алтын орда құлағаннан соң бұл жерде 1440 жылдары Ноғай ордасы құрылды. 1570 жылдары Орыс мемлекеті хандықтың астанасы Сарайшықты жаулап алған соң аталған орда екіге бөлінді. 1628-1630 жылдары Хо-Өрлік құрған қалмақ мемлекеті Үлкен ноғай ордасына шабуыл жасап, Еділ мен Жайықтың арасын басып алды. 1634 жылы екінші мәрте ноғайлармен соғысып, олардың жартысын қырып салды. Қалған бөлігі Қапқаз тауына көшті. Сөйтіп қыр бойын қалмақтар мекендеді. Қазір жерімізде қалмақ атаулары кездессе, олар сол кезден қалған естелік. Қалмақтар бабаларымызбен соғыстан қажып, қазіргі мекендеріне ығысқанда бос жатқан жерге Бөкей хан қоныстанғаны газетімізде талай рет жазылды. Кейін осы арада Мақаш әкім билеген екі округ құрылды.

6

ХVІІ ғасырдың соңында Теңіз өресіне орыстар қоныстана бастады. Астрахань мұрағатының деректерінде Ганюшкин ауылының 1789-1793 жылдары қаланғаны жазылған. Жалпы осылай тізбелей беруге болады. Біз Абай мектебінде 7 сынып оқып жүргенде тарихтан Зариф Бектенов деген ағамыз сабақ берді. Сонда ол кісі: «Туған жерлеріңнің де тарихын біліп жүрулерің қажет», деп ауданымыз жайлы әңгімелейтін. Ағадан естігеніміздің кейбірі,1917-1920 жылдар аралығында өткен азамат соғысы, Ганюшкиннің бірнеше рет ақтар мен қызылдардың қолына өткені, Самаркинмен арадағы судың қызыл қанға боялғаны жайлы айтқаны әлі жадымызда. 1919 жылы 23 қарашада Ганюшкинде Кеңес үкіметі біржолата орнады. Ауылымыздың қоғам қайраткері Нұғыман Манаевтың ұйымдастыруымен алдымен болыс, 1922 жылы уез, ал, 1928 жылдан бастап аудан орталығы болғанынан өздеріңіз хабардарсыздар.

Ауданымыздың тарихи-мәдени өміріне тоқталсақ, атақты Құрманғазы бабамыз бен Дина әжеміз бастаған қазақтың біртуар тұлғалары ойымызға оралады. Бұл жерден Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Мұқат Мусаев, Хиуаз Доспанова, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әліпов сияқты батырлар мен 24 Социалистік Еңбек ері шыққан. Бүгінгі жастар жоғарыда мен тізбелеген деректердің бірін білсе, екіншісін біле бермейді. Оларға туған жер тарихын әңгімелейтін Зариф Бектенов сияқты ағаларымыз жоқтың қасы. Шығып жатқан энциклопедиялар бәрінің бірдей қолына тимейді. Сондықтан алға қарай «аудан тарихы» сияқты оқу құралын шығарса да артықтық етпейді. Оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ кіндік қаны тамған жерінің тарихын, мұнда қандай адамдар өмір сүргенін, мақтан тұтар тұлғаларымыз барын білгені жөн.

Тіпті оған қаражат табылмаса онда ғаламторға орналастыру қажет. Қазір ауданымыз туралы ғаламтордан іздесең көңіліңнен шығар ешбір толық мәлімет таба алмайсың. Мүмкін «Құрманғазы ауданының тарихы» атты арнайы сайт ашып немесе оны Уйкипедия сияқты танымал интернет-энциклопедияға көлемді етіп орналастырған дұрыс шығар. Мұны «Ауданның өткен тарихы», «Кеңес Одағы кезіндегі өмірі», «Тәуелсіздік тұсында», «Танымал тұлғалары», «Әр жылдары ауданымызды басқарғандар мен олардың тұсында қол жеткен жетістіктер», «Ауданның Құрметті азаматтары», «Саланың мақтан тұтарлары» сияқты бөлімдерге бөлсе, халыққа қол жетімді болары анық. Жалғыз ауданымыз емес бүкіл республикамыз оқиды. Әрі танымал адамдарымыздың есімдерін мәңгілікке қалдырамыз. Бұл Елбасымыз мақаласына орай өз пікірім.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521