Тапсырманы жүре тыңдау жауапсыздықтың белгісі

(0 Votes)

Аудан әкімі аппаратының кеңейтілген мәжілісін аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ашып, жаңадан тағайындалған аудандық қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Эдуард Азатовты қатысушыларға таныстырды.

Оның біліктілік талаптарына сай келетіндігін айтып, сенімді ақтайтынын жеткізді.

КҮТІМСІЗ МЕКТЕП, САПАСЫЗ ЖӨНДЕУ

Аппарат мәжілісінің күн тәртібіне сай облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың 26-29 шілде аралығында ауданымызға іссапарында берген тапсырмалары жайлы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зинетолла Мұқлесов хабарлама жасады. Хабарламадағы тапсырмалар тізбесі 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй, 75 орындық жаңа аурухана құрылыстарын, Қошалақтағы ескі мектеп ғимаратын жолаушылар үшін жылыну пунктіне айналдыру және далада қалған адамдарды құтқару үшін арнайы жол талғамайтын автокөлік машинасымен қамтамасыз етуді, Құрманғазы-Асан-Сүйіндік автокөлік жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін нақты ұсыныс беру және оған сол жердегі қиыршық тастарды пайдалану мәселесін қарастыруды, Азғыр өңіріне газ тарту құрылысының мерзімінде аяқталуын, газ құбырын жүргізу кезінде заңдылықтардың сақталуын бақылауға алуды, әлеуметтік нысандарға газ желісін тарту бойынша керекті құрал-жабдықтарға алдын-ала сұраныс әзірлеп, қажетті қаржы көлемін анықтап, ұсыныс жолдауды және т.б. қамтыды.

Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы: - Нұрлан Асқарұлы қыр бойындағы 11 елді мекенді түгел аралап, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Қоянды топтық су құбырына барды. Жабылып қалған Қошалақ бастауыш мектебінде болғанда байқағанымыз оның күйі кеткен. Ғимараттың бір жағынан жолаушыларға арналған жылыну пунктін ашу үшін оны облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы өз теңгеріміне алғалы отыр. Жұмекен ескерткіші де күтімсіз қалған. Қасына қоқыс тасталған. Оған басқа жерден шұңқыр қазу керектігі бұған дейін айтылды. Ескерткіш қоршауының бір шетіндегі құм 2016 жылы облыс басшысы келгенде үгілген күйде жатқан, әлі ештеңе өзгермепті. Бір ескерткішті күтіп ұстай алмағанымыз Жұмекенге жасалған қиянат деп білемін. Ниетбайдағы 24 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жасалған мектепті де қараусыз қалдырмау керек. Жөндеу жүргізілген Балқұдық орта мектебінің сыныптарының тұтқасы теріс айналып жатыр. Терезесінің астынан су кетеді. Сүйіндіктегі мектептің кітапханасы кейбір мерзімдік басылымдарға жазылмаған. Жаңа оқу жылы алдында барлық мектептерді аралаймыз. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқандарында мектеп директоры мердігер мекеме басшыларының қасынан табылып қыркүйекте бала кіргізуге жұмыстануы қажеттігін ескертеміз. Қазір Азғырға газ желісі тартылуда. Ертең ол әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жеткенде олардың құжаттары түгел болмаса тартпайтынын халыққа түсіндіріңіздер. Тиісті құжаттарын жасап, көгілдір отынды тұрғын үйлерге бағасын көтермей қосып беруді ұйымдастырған жөн. Қалып қойса, сырттан келіп тартушылар қымбат сұрайды. Бүгінде әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, қырға газ тартылып жатқанда жергілікті тұрғындар одан тыс қалмасын. Осындай жағдайда жұмыссыздық жоғары болса елден ұят, - дей келе, округ әкімдеріне Қиғаш өзенінің арнасын қазу жұмыстарын көзден таса етпеуді тапсырды. Шортанбай ауылдық округінің әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев аталған арна бойын қазуды мұқият қарамаса арасында 15 метрден тастап кетуі мүмкіндігін ескертті.

ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН ЖЕРЛЕР ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Хасанов аудан бойынша жер қатынастарын реттеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасап: - Атырау облыстық жер қатынастары басқармасы 2017-2019 жылдары қолда бар жер қорына талдау жасау үшін аудан бойынша кесте жасақтап, соған сәйкес түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жер учаскелерін мақсатына сай пайдаланбай отырған 42 шаруа қожалығы анықталып, көлемі 11204 га жер ауданның босалқы жер қорына тапсырылды. Кәсіпкерлік мақсаттағы және тұрғын үй, т.б. құрылыстар үшін алынып, соған сай пайдаланылмаған 52 жер учаскесі анықталып (көлемі 5,0805 га), оның ішінде 34 жер учаскесі (көлемі 3,2805 га) Құрманғазы ауданы прокуратурасының 2017 жылғы 23 мамырдағы №2-05-17-00953 заң бұзушылықты және оған ықпал еткен мән - жайлар мен себептерді жою туралы ұсынысына сәйкес, мемлекетке қайтарылды. Қалған 18 жер учаскесінің (көлемі 1,8 га) иелері жерлерін игерді. Алға қарай да түгендеу жұмыстары жалғасады.

Құрманғазы ауданының жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған жоспары жасақталды. Оған қоса 19 ауылдық округ бойынша шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында жайылым айналымы схемасы(картасы) дайындалды. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48 бабы және «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына(Қағида) сәйкес, ауылшаруашылығы мақсатындағы жайылым және шабындық жер учаскелері конкурс арқылы табысталып келеді. Құрманғазы аудандық жер қатынастары бөлімі арқылы 2018 жылдың 6 айы бойынша 244 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді, - деді. Хабарламашыға Бірлік, Орлы ауылдық округінің әкімдері Бауыржан Ақбанов, Асқар Мұфтах, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының басшысы Ұлыбек Өтегенов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зинетолла Мұқлесов тарапынан жер беру, жайылымдарға қатысты сұрақтар қойылды. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бұл жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылып, аукцион, конкурс арқылы жүзеге асырылуы, пайдаланылмаған жерлер қайтарылуы керектігін жеткізді.

КӘСІПТІК ОҚУҒА АДАМ БАРМАҒАН

Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қайсар Мақсотов хабарламасында: - Бекітілген ережеге сәйкес, аудан көлемінде кәсіпкерлік және туризмді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, нәтижесін беріп келеді.

Жалпы аудан бойынша есепті кезеңдегі нақты көрсеткіштерге тоқтала кетсек, тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2495 құраса, оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған субъектілері 2203. Олармен 2018 жылдың 6 айында 4245,6 млн.теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, нақты көлем индексі 120,1 пайызға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 3 пайызға (2017 жылдың 6 айы – 2425), оның ішіндегі жұмыс жасап тұрғандары 7 пайызға (2017 жылдың 6 айы – 2203) және олардың өндірген өнімінің көлемі 29,9 пайызға (2017 жылдың 6 айы – 3267,1 млн.теңге) артып отырғанын көрсетеді. Есепті кезеңде 1501,4 шаршы метрді құрайтын 7 сауда – саттық нысандары, «Ақкөл Строй сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 121,7 шаршы метрді құрайтын 1 әкімшілік ғимараты, «СП «Каспий Интер Фиш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 1123,0 шаршы метрді құрайтын 1 мұздатқыш цехы және Атырау облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «Декор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 602,25 шаршы метрді құрайтын 1 база іске қосылды. Облыс әкімі Н.Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың 31 мамырында аудан әкімінің кәсіпкерлермен ашық сұхбат форматында кездесуі өткізіліп, олардың проблемалық мәселелері мен ұсыныс - пікірлері талқыланды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлерге «мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру және кәсіпкерлердің көп кездесетін проблемалық мәселелерін анықтау және олардың шешу жолдарын қарастыру» бағытында биылғы жылдың сәуір айында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық – инновациялық даму басқармасы өкілдерімен кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді орталығы келіп, ауданға қарасты 16 ауылдық округте көшпелі мәжілістер өткізді.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1 және 2 топта барлығы 90 адам оқып, сертификаттар табысталды. Күні бүгінге 3 топта 22 адам оқуға ниет білдіріп, оқыту басталды. Алайда, несиелендіруді қажет ететін жобаларды тиімді қаржыландыру жағдайына қарамастан, кепілдікті қамтамасыз ету мүмкіндігі болмай олар іске аспауда. Ал, өз қаражаты есебінен жұмысын бастауға ниет білдірген жалпы құны 295,0 млн.теңгені құрайтын 3 жоба иелеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп, инвестициялық жоба ретінде жер телімі бөлінсе де әртүрлі себептермен құрылыс жұмыстары басталмай отыр. Қорытындылай келе, баршамыз бірлесіп қазіргі жағдайда беріліп отырған бар мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік – жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында жаңа жобаларды іздестіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын құруға жағдай жасауды, соған сәйкесті жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар ұйымдастыруымыз қажет. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Құрманғазы ауданының 90 жыл толу мерекесін атап өту жоспарланып отырғандығын ескеріп, қоғамдық кеңес, аудандық кәсіпкерлер палатасын, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасын, Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімін, ауылдық округ әкімдерін және аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімін аудан көлеміндегі орналасқан кәсіпкерлік нысандарының қызмет көрсету сапасы және объектілердің санитариялық жай-күйі, қызмет көрсету этикасы, ғимараттар айналысының тазалығы, жарықтандыру, сыртқы келбеті сияқты мәселелерге аса мән беріп, сәндендіру жұмыстарын қолға алу бағытында бірлескен жұмысқа шақырамын, - деді. Аудан әкімі Б.Шаяхметов жұмысты дұрыстап ұйымдастыруды бөлім басшысы мен Бірлік, Көптоғай, Сафон ауылдық округтерінің әкімдеріне тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521