Такси қызметі талапқа сай ма?

(0 Votes)
Аудан әкімінің кіші мәжіліс залында көптен шешімін таппай келе жатқан такси қызметін жолға қою туралы жиын өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров ашып, көтеріліп отырған мәселе бойынша қысқаша түсінік берді. – Аудан көлемінде жолаушылар тасымалдау жағдайы әлі де өткір күйінде қалып келеді. Алдағы күндерде қоғамдық тасымалдау, яғни қалааралық автобустар шығару шешіледі, ендігі кезек ауылішілік такси қызметі болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, аудандық кәсіпкерлік бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, кірістер басқармасы, ақпарат құралдары өкілдері, жергілікті полиция қызметі арнайы рейдтер жүргізіп, заңсыз әрекет қылып жүргендермен түсінік жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде біраз адам патенттерін алып, заңдастырғандай болды. Бірақ, бұл жарты іс қана, заңдылыққа сай такси қызметін ұсынатындардың күнделікті көлігін техникалық бақылаудан, жүргізушілерді дәрігерлік тексеруден өткізіп отыратын ақпараттық-диспетчерлік пункт болуы қажет. Мұндай кәсіпкерлік қызметпен айналысып отырған шағын құрылымдар Жылыой, Махамбет, басқа да аудандарда бар. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Ә.Әжіғалиев: - Жылыой ауданында болып, ондағы осы қызметті бастап кеткендердің жұмыс бағытымен танысып қайттық. Диспетчерлік пунктте екі оператор жұмыс жасайды. Қарамағындағы таксилер рациямен қамтылған. Жолаушылардан сұраныс пунктке ұялы немесе жай телефон арқылы түседі де, таксишілерге рация арқылы хабарланады. Такси қызметіне сұраныс осылай кідіріссіз шешіледі. Мұнда әр жұмыс күні текникалық байқаудан, дәрігерлік тексерілуден басталады. Күнделікті мүшелік жарнасын төлеп, жұмысына кірісе береді. Біздегі таксишілер патенті болғанымен, кәсіпкер болып саналмайды. Өйткені, ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 26-бабына сәйкес дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар таксимен тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыруды бастар алдында жергілікті атқарушы органға «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» ҚР заңында белгіленген тәртіппен қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберуге міндетті. Өкінішке орай, біздің бөлімге ондай хабарлама түсіргендер болған емес. Мәселе төңірегінде Шортанбай ауылдық округінің әкімі С.Нәбидоллаев, Бірлік ауылдық округінің бас маманы Б.Балтаев, жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ж.Жағыпаров, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы басшысы Ұ.Өтегенов, кәсіпкерлік бөлім басшысы Қ.Махсотов өз ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров бұл мәселеге қайта оралып, құзырлы мекемелер, қоғамдық кеңес мүшелері, округ әкімдері, такси қызметімен айналысушылар кең көлемде кеңесіп шешуге келісілді. А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521