Такси – ажал-құстай ұшып барады

(0 Votes)

Адам болып бұл пәниге келген соң кім-кім де ел аралап ағайын-туыстың, достарының хал-жағдайын біліп отырады.

Ауылдағы жұрт қалаға, шаһар тұрғындары ауылға ағылып, туған жерге келіп мауқын басып, сапарлап жүреді. Біреулер жолға қара қазан, сары баланың қамы үшін, басқалары білім қуып, келесісі жақсы маман атану мақсатымен біліктілігін көтеремін деп шығуы мүмкін. Әйтеуір, бұл жалған дүниеде барыс-келіс, алыс-беріс өмірінің соңғы сағаты соққанша тоқтамайды. Сапарға шыққан адамның жалғыз ғана мұраты – діттеген жеріне аман жету. Ел аман, жұрт тыныш заманда ірі қалаларда такси қызметі жақсы жолға қойылған. Ауданымыздың халқы темір жол көлігімен немесе автокөлікпен қатынайды. Бірақ, соңғы кезде ұшақ құлап, пойыз жолдан шығып кетіп, көлік аударылып неше түрлі жол апаттары орын алып жатыр. Күні кеше ғана Астана-Алматы пойызының бірнеше вагоны шойын жолдан шығып кетіп,12 жасар бала қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанды.

Атырау-Астрахань күре жолында да апаттан бірнеше адам көз жұмды. Вагондардың аударылуы олардың ескілігінен деген болжам айтылуда. Жол-көлік апатына жүргізушінің қалғып кетуі себеп болған деп естідік. Аудан орталығынан қалаға қатынағың келсе, таксилердің қызметіне жүгінесің. Олар алдыңнан топырлап шығып, жол ақысын өздері белгілейді. Тіпті мереке күндері бағаны шарықтататыны соншалықты, жолаушылар әбігерге түседі. Оның ішінде патентсіз жүргендері қаншама?! Араларынан түнде бір бағытқа сапар жасап келіп, таңертең қалаға кісі жинап тұрған жүргізушілерді де кездестіресің. Түсінуге тырысасың, осы жұмыспен отбасының нәпақасын тауып, баласын оқытып жүрген болар. Бірақ, басқа адамдардың өміріне жауапты болған соң жолдың нашарлығын ескеріп, демалып шыққаны жөн ғой. Ұйықтап кетіп немесе бір-бірімен жарысамын деп апатқа ұшырап жатқандардан сабақ алса қайтеді? Адамдарды көліктің ішіне лық толтырып алғандардың жол ережесін өрескел бұзып бара жатқанын талай көрдік. Ата-бабамыз «Атқа міндің – ажалға міндің» деп ескертіп кетті емес пе? Аттан аусаң аман қалуың да мүмкін, көліктен аусаң ол неғайбыл. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру үшін аудан орталығынан қалаға қатынайтын бір-екі шағын автобустар шықса дейміз. Бұл қоғамдық көлік ЕВРО-5 стандартына сәйкес келсе, іші салқындатқышпен қамтылып, бүлдіршіндерге арналған орындықтармен, әр адам тағатын қауіпсіздік белдіктерімен, басқа да құралдармен жабдықталып, жолға ертелетіп шықса халық мінері анық. Осы жұмыстар қолға алынып, облыс орталығына қатынау оң шешімін тапса, жол жүру ақысы реттеледі деген ойдамыз.

Елеусін ИБРАГИМОВ,

Ақкөл ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521