Тәжірибелік біліктіліктерін арттырды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер үшін «Бюджеттік процестер және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Оған ҚР Ұлттық Экономика министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері, Құрманғазы және Исатай аудандары ауылдық округтерінің әкімдері, қызметкерлері қатысты. Мақсаты – бюджетті және коммуналдық меншікті тиімді басқару, жергілікті жердің әлеуетін дамыту, аудандағы негізгі мәселелердің шешімін табуға қолдау білдіру.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы филиал директорының орынбасары Жаннат Нұртілеуова келген қонақтармен таныстырып, тренинг интерактивті форматта өтетінін қаперледі. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров осындай біліктілік арттыру семинарының тыңдаушылар үшін берері мол болатынына тоқталып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері осы жерде талқыланатынын жеткізді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасы ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлерді талдау және бағалау департаментінің бас сарапшысы Миржан Иманбаев Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 98 қадамды жүзеге асыру бойынша осы жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2000-нан асатын өңірлерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілгенін тілге тиек етіп, оны табысты жүзеге асыру үшін округ әкімдерінің, аппарат қызметкерлерінің тәжірибелік біліктілігін арттыру үшін оқыту семинарының маңыздылығын алға тартты. Сегіз сағатты құраған семинар-тренингте тәжірибелі оқытушы-мамандардан тыңдаушылар күнделікті жұмыс барысында кездесетін проблемалық сұрақтарына заңнамалық тұрғыда жауап алды. Соңында 50 мемлекеттік қызметшіге сертификат табысталды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521