Салт-дәстүр сотқа да жат емес

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық соты халқымыздың әдет–ғұрпы мен салт–дәстүрін қастерлеуді өмірлерінің өзегіне айналдырған ұжым. Ұжымда келушілерге жылы қабақ таныту, ізетті байланыс, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат білдіру берік қалыптасқан дағды. Бұл өткен Наурыз мейрамында да анық көрініс берді.

Мерекелік шараға қатысушыларды аудандық сот төрағасы Ерболат Аманғалиев, судьялар Гүлсім Тасқынбаева, Бейбітгүл Меңсейітова құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Олардың үстіндегі ұлттық киім сондай жарасты, көргендердің көзайымына айналды. Ұжымның жас мүшелері қонақтарға наурыз көже ұсынғанда, оның қадір-қасиеті, неге жеті түрлі дәмнен дайындалатыны айтып түсіндірілді.

Ардагерлер де олардың мұнысын жоғары бағалады. Ауданға белгілі ақсақалдар Қадырбай Жармұхамбетов, Зайыр Хидуллин, Нұрлығайын Нұғыманов, Жаннат Құрманғалиева әже өз сөздерінде әділдік таразысын дұрыс тарту - осы қазақы қансіңді дәстүрді былайғы жұртқа өнеге етуден басталатындығын айтты. Судьяларымыз бен сот орындаушыларымызға, басқа да мұндағы қызметкерлерге сот билігі деген қастерлі міндетті орындау сәтінде заңмен бірге ар тазалығына жүгінуді өтініш етті.

Нұрлан, Саламат, Марал, т.б. жігіттер мен қыздардың өнерлері тәнті қылды. Көңілдерді көктем самалы мен қоса ән желпіді, күй күмбірі көтерді. Жалпы аудандық соттағылар өз істерін тыңғылықты атқаруларымен бірге көңілді мерекелерді де тамаша ұйымдастыра алатындықтарын дәлелдеді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Наурыз мейрамы өтіп кеткенімен оның аудандық соттағы ұйымдасуы ойға әлсін–әлсін орала береді. Өйткені, онда салт– дәстүрдің салмағы басым еді. Соны көпшілік білсін деген ниетпен «Серперге» жазып отырғаным.

Н.НҰҒЫМАНОВ, ардагер ұстаз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521