Сайыпќырандар табысы - ауданның намысы

(0 Votes)

Спорт күніне арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде өтіп, оған саланың бүгінгі белсенділері мен ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, спортты қолдайтын жанашырлар шақырылып қатынасты.

Онда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев баяндама жасады.

Аудан бойынша 1 спорт кешені, 2 ангар типті спорт кешені, 1 хоккей алаңы, 31 спорт залы, 131 әртүлі спорт алаңдары жұмыс жасайды. 2017 жылы Байда, Шортанбай ауылдық округтерінде 2 ангар типті спорт кешені іске қосылды. Ақкөл ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысы басталып, жыл аяғында іске беріледі деп күтілуде. Ауданда 14385 адам немесе аудан тұрғындарының 25 пайызы дене шынықтырумен, спортпен айналысады. Осы жылдың өткен 8 айында аудан бойынша 71 спорттық шаралар өткізіліп, оған 8555 адам қатынасты. Бірнеше дәстүрлі турнирлер өткізілді. Оның арасында еліміздің Әнұраны авторларының бірі, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовті еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнир өте жоғары деңгейде өткізілді деп баға берілді. Ауданымызда алғаш рет бокстан жасөспірімдер арасында Батыс Аймақтық Қазақстан Чемпионаты ұйымдастырылды. Ауданда мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту мақсатында арнайы нұсқаушы жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортшымыз Биғайша Махаева мылтық атудан Қазақстан Республикасы Чемпионатының жеңімпазы атанды. Және ол Польша мемлекетінде өткен әлем чемпионатында атаулы орынға ие болды. «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына қол жеткізді. Аудан спортшылары 2018 жылдың өткен мерзімінде облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға 82 мәрте қатысып, онда 900 спортшы аудан намысын қорғап, бірқатары жүлделі орындарды еншіледі. Облыста өткен ардагерлер спартакиадасында, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында, медицина саласы қызметкерлері спартакиадасында, IX облыстық оқушылар спартакиадасында аудан командасы жүлделі бірінші орынға ие болды. ҚР чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған Атырау облысы құрамасының мүшелері Құрманғазы Мерей (бокс), Бейбарыс Нұрбаев (таэквондо) болса, олардың жаттықтырушылары Тұрарбек Уахитовқа, Руслан Аманғалиевке жүлдегер шәкірттер тәрбиелегені үшін облыстық бюджет есебінен қомақты стипендия тағайындалды. Құрамысов Бекболат бокстан «Қазақстан Респубикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері», ол Азия чемпионатының қола жүлдегері. Бокстан Тайландта өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасы чемпионатының да қола жүлдегері. Бокстан Қазақстан Республикасы құрамасының белді мүшесі. Ниғметов Мирас та бокстан «Қазақстан Республикасының спорт шебері». Бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Құрманғазы Мерей ол да бокстан «Қазақстан Республикасының спорт шебері», халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ерқуатұлы Нұртілек – Панкратионнан «Қазақстан Республикасының спорт шебері». Әлем чемпионатының күміс, екі мәрте қола жүлдегері. Бралин Ерсейіт - Гренлингтен «Қазақстан Республикасының спорт шебері». Спорт мектебінің жаттықтырушысы Руслан Аманғалиев жыл қорытындысында «Спорт саласының үздік қызметкері» атағына ие болды. Ол да «Қазақстан Республикасының спорт шебері». Ғаниев Мерген, Нұрбаев Бейбарыс сияқты спортшыларымыз Еуропа, Қазақстан чемпионаттарында бірнеше дүркін жеңімпаз болған «Қазақстан Республикасының спорт шеберлері».

Одан әрі Алмас Қайыржанұлы аудан спортшылары мен жүлдегерлердің табыстарына жеке-жеке тоқталып, оларды төл мерекелерімен құттықтады. Осылай аудан намысын ылғи да жоғарыдан көрсетулеріне өз тілектестігін білдірді. Аудан әкімінің орынбасары өзі де спортшы Өркен Тәжібаев мінберге көтеріліп, аудан спортшыларына, әлі де осы салада әріптестері болып жүрген сайыпқырандарға зор абырой, отбасы амандығын, бақ пен береке тіледі. Өзінің де өмір жолын осы спорттан бастағандығын әңгімелеп жеткізді. Жеңімпаз спортшылар құрметіне елдің Әнұраны ойналатын салт барлығын, ауырмайтын жол ол – спорт екенін айтып түсіндірді. Ардагер спортшылар үшін қол соғу құрметіне шақырды. Бұдан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттарын ардагер спортшылар Мадат Сәрсекеевке, Қымбат Шияповаға, Есей Құсайыновқа, Төремұрат Сисенғалиевке, аудан әкімінің алғыс хаттарын ардагер Жеңіс Әмірханов бастаған жиырмалаған спортшыларға табыс етті. Аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Кенжебаев аудандық мәслихаттың алғыс хатымен ардагер спортшы Жұлдыз Құлесов бастаған бір топ спортшыларды ұлығылады. Одан әрі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хатымен Параолимпиададан облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін бөлім басшысы Алмас Қайыржанұлы атап өтті. Ардагер спортшы Қымбат Шияпова әріптестерін құттықтап, өздеріне көрсетілген құрмет үшін ұйымдастырушыларға ризашылық сезімін білдірді. Спортшылар күніне арналып рухты әндер шырқалды, олардың жеңісті те жемісті жолдары жыр жолымен өрнектелді. Зал толы қатысушылар мен сайыпқыран спортшылар шара соңында ерекше қанағаттанғандық сезіммен орындарынан тік тұрып қол соқты.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521