Құрманғазы ауданының күні облыс орталығында зор ұйымшылдықпен өтті

Аудан тынысы

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен облыс орталығында аудандардың күндері өтуде. Ондағы негізгі мақсат аз қамтылған отбасыларды қолжетімді бағада бірінші кезектегі қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Бұған қосымша әр аудандағы өнер, мәдениеттің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру.

Бекітілген кестеге сай Құрманғазы ауданына 24-наурыз мереке күні тап болып, кейбір қиындықтар туындауына қарамастан аудан күні жоғары ұйымшылдықпен өтіп, жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алды.

Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров былай деді: - «Сарайшық» коммуналдық базарынан арнайы үлкен орын бөлінді. Жеке кәсіпкер Хабибуллин Азамат өздерінің «Құралай» нан тағамдары комбинатының 40 түрлі өнімін апарса, Қайсағалиев Ақылбек кәсіпкерлігіндегі «Мерей» нан тағамдары комбинатынан 20 түрлі өнімін ұсынып, жиналғандарды мәре-сәре қылды, алғысқа бөленді. Ауданға әйгілі шаруагер Құбашев Есболат өз қожалығынан апарған 1 тонна сиыр, түйе еттерін бас-аяғы 3-4 сағат ішінде түгел таратып үлгерді.

Аудандық агроколледж студенттерінің қолынан шыққан әртүрлі ісмерлік те қолөнер, өнертапқыштық дүниелер келушілердің таңдайын қаққызды. Олар өз автобусымен, директордың орынбасары Күнәйім Сәрсенованың бастауымен бірнеше қызметкерлер болып барды.

Жеке кәсіпкер Талғат Жұмалиевтің ағаштан жасаған бұйымдарына, ас табақ, садақ, ағаш ожау, түрлі ағаш ыдыстарына сұраныс көп болғаны сонша, мекен-жайын жазып алып жатқан адамдарды көрсең...

М.Әуезов, Ақкөл орта мектептерінен апарылған балалар қолымен жасалған бұйымдардың да көз жауын алғаны қуанышты жай.

Аудандық мұражайды (басшысы Гауһар Тауманова) тамашалауға лек-лек келушілер шоғыры бір толастамады.

Қаңтардың 31-інде ауданда тұсауы кесілген «Зере су» Қуанышалиев Ақылбектің кәсіпкерлігінен апарылған таза сулар пышақ үсті таласқа түсіп, сатылып кетті. Бағасы арзан, нұрдай таза суға да сұраныс аз болмады.

«Береке-2» ауыл шаруашылығы кооперативінің 1,5 тонна сүт өнімдерін кәсіпкер басшысы Рахимов Мақсот бастаған ұжым мүшелері сөрелерге қойып, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Кейбір қарияларға ақысыз да сыйлап жомарттық танытса, Сағынжан Рахимов әкенің пәрмені солай екен.

Сүйіндік ауылдық округінен «Ж.Аймов» шаруа қожалығынан 300 келі шамасы қой еті әкелінді.

Бірлік округінен «Ниғыметова А» шаруа қожалығынан 600 келі семіз сиыр еті келді. «Амангелді» өндірістік кооперативі ысталған, кептірілген, вакуумдағысы бар 24 түрлі даяр балық өнімдерін апарса, бұлардың баршасы да тұтынушылар себеттерін толтырды.

Теңіз округінен «Мейірбек» шаруа қожалығынан, «Сүйіндік» ЖШС-нен де аяқтай апарылған қой малдары жаңа қожаларының жетегінде кетті. Әр қойдың бағасы 15-30 мың теңге аралығында болғанын алушылар ауырсынған жоқ.

Ауданнан басқа да ет, сүт, көкөніс, жұмыртқа өнімдерін апарғандардың мерейлері үстем болды.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Анар Мусина бастап апарған концерттік нөмерлерді тапжылмай тамашалағандар қатары сейілмеді. Қазақы киім үлгісіндегі қыз-жігіттердің әуелете салған әндері, мың бұралған билері, жер тарпыған тұлпардай дүсірлете тартқан күйлері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Бұл күйдің отаны, өнердің өлкесі құрманғазылықтар ғой» деп тебіренген сөздерді естудің өзі бір ғанибет еді»,-дейді аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров.

Бастап барғандар құрамындағы аудандық кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Сырымбек Сәрсенғалиев, білім бөлімінің меңгерушісі Гүлфара Құбаеваның да аудан мерейіне бола бір тыным көрмегенін айтып өткеннің артықтығы бола қоймас.

Бұл көрме-жәрмеңкеде ет, сүт, жұмыртқа, т.б. өнімдердің осыншама мол мөлшерде арзан бағаға сатылуына, жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдасуына, әкеліп-әкетуіне Руслан Сәуменов бастаған аудандық ауылшаруашылық бөлімі мамандарының (Саламат Қабдолов, Арман Қайырлиев) қосқан үлесі ұшан-теңіз демекпіз.

Сол аудан күніне барғандардың мерекені былай қойып, адамдарға мінсіз қызмет көрсетулері, өз аудандарының патриоты болулары көңілді көріктендіреді, еңсені көтереді. Бәріне де ішің жылып, рахмет айтқың келеді. Оларға амандықтан, отбасы бақытынан басқа не тілер едің...

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.