Әрбір істе белсенділік танытайық!

(0 Votes)

Атырау теміржол бөлімшесіне қарасты «Ганюшкин» стансасының ұжымы кезектен тыс Президент сайлауын қолдайтындарын білдіріп, мәжіліс өткізді.

Онда сала қызметкерлері ел болашағы үшін жасалған маңызды қадамға жауапкершілікпен атсалысатындарын жеткізді. Ұжым мүшелері қоғамдағы әр құбылысқа сергек қарайды. Мұнда саяси көзқарасы қалыптасқан, еліміздегі іргелі оқиғаларға өзіндік пікір білдіре алатын 160-тан астам адам жұмыс жасайды. «Біз – тәуелсіз елдің бақытты ұрпағымыз» деген ұжымдағы жастар замандастарын ел болашағын баянды ететін сайлауды қолдауға шақырды. Елімізде кезектен тыс Президенттік сайлаудың өтуін өте жөн деп санаймын. Аталған шешімнің бір сәтте шықпағанын, оның терең талқыланып, жан-жақты қарастырылғаны сөзсіз. Ел басқаратын тұлғаны таңдау арқылы даму даңғылындағы бағытымыз айқындала түспек. Әлемде түрлі жағдай болып жатқанда біздің елдің бекем бірлігі мен түзу тірлігі жұрттың көз алдында. Бірақ жалпақ дүниедегі кез келген құбылыс бізге әсер ететіні анық. Сондықтан нақтылық керек. Президент Үндеуі – оған апаратын бірден-бір жол деп ойлаймын.

Сонымен қатар, станса қызметкерлері баспасөз – жан азығы екендігін жақсы түсініп, оған жазылуда үнемі ұйымшылдық танытып келеді. Өйткені, олар газет арқылы елдегі елеулі оқиғалардан, аудан жаңалықтарынан хабардар бола алады. Мәселен, 2019 жылдың І жартыжылдығында «Серперге»-51, «Егемен Қазақстанға»-25, «Атырауға»-30 данаға жазылдық. Алдағы науқанда да осы қарқыннан таймай, ауызбіршілік танытып, жоғары көрсеткішке қол жеткізетінімізге сенімім мол. Сонымен қатар, біз сала ардагерлеріне түрлі басылымдарды алдыртуды назардан тыс қалдырмаймыз. Жалпы, біздің аудан баспасөзге жазылудан облыс көшін бастап тұрғанын жақсы білеміз. Газет жанашыры ретінде әрдайым осы үрдістен үнемі шыға берулеріңізге тілектестік білдіремін!

Теңел Исмагулов,

Атырау теміржол бөлімшесі «Ганюшкин» стансасының басшысы,

аудандық мәслихат депутаты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521