Құрғақ уәдеге тойып болдық

(0 Votes)

Енді ашынып, ашығын айтуға мәжбүрміз.

Елбасымыз ауылдық жерлерге жол салу, абаттандыру жұмыстарын басты назарда ұстау, халықтың әл-ауқатын жақсарту қажеттігін қатаң ескертті. Сол жергілікті жерде неге өз дәрежесінде орындалмайды? Облыс әкімі келгенде де осы мәселе көтеріліп, тапсырма беріледі. Бірақ, ол да түгелдей орындалмайды. Жауапты адамдардың артынан тексеріс болмайтынына еті үйреніп кеткен тәрізді. Қыруар қаржы жұмсалып «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдарға ауыз су тартылды. Бірақ, сумен қамту жаз болса ақсай бастайды. ХХІ ғасырда отырып шелекпен жағадан лай су тасыған ұят екен. Таза ауыз су бізге адам денсаулығын сақтау, тіршілік үшін, әсіресе шіліңгір шілденің аптап ыстығында өте қажет.

Самаркин ауылы тұрғындары жыл сайын көптен шешілмей келе жатқан су мәселесінің сеңі қозғалып, бір жағына шығар, нүктесі қойылар деп үлкен сеніммен күтеді. Көктем басталысымен аулаға гүл, азын-аулық егін егеміз. Жаз шыға құбырдағы су тоқтап, сол еңбегіміз зая кетеді. Мұны біз сумен қамтуға жауапты аудан басшыларына талай мәрте айттық. «Оның себебі жіберілген су РТС елді мекенімен айналып жеткенше жол бойындағы ірі тойханалардан ауыспай қалады», деген жауап аламыз. Тойхана апта бойы емес, тек той болатын күндерде ғана жұмыс жасамай ма? Және де оған біздің кінәміз қанша? Соны сылтау етіп қол қусырып отыра беруге бола ма? Аудан орталығындағы жағдай осылай, басқа елді мекендерде қандай екенін кім білсін?! Десек те, оларда да «Ақбұлақтың» аясында үйлерге тартылған құбырлардан «бір тамшы да көрінбейтінін» естіп жатамыз. Бұл сонда жасалған жұмыстың сапасыздығы ма дейміз.

Қариясы, сәбиі бар үйлердің жағадан су тасып ішуі санитарлық талаптарға сай келмейтінін жоғарыдағы басшылар неге түсінбейді? Ертең іш ауруы, басқа да эпидемия шығып кетсе қайтпексіздер? Сол басшылардың өздерінде су ағыл-тегіл ағып жатқан соң халықтың қамын ойлауға құлқы жоқ та сияқты. Аудан орталығын ауыз сумен қамтуды ұйымдастыра алмаса орындарын босатып жұмысты қолынан іс келетін адамдарға тапсырғаны дұрыс шығар. Әлде болмаса жұмыс жасаулары үшін оларды барлық жағдай жасалған пәтерлерінен Самаркиндегі су жүрмейтін жерлерге көшіреміз бе? Әйтпесе биліктегілердің «қатырамыз, тарттырамыз» деген құрғақ уәделеріне тойып болдық. Бос уәдемен алдап келе жатырғандарына бірнеше жыл болды. Ұят жоқ. Халықтың мұқтажын аяқ асты етпей ауыз сумен қамту мәселесінің шешілуін талап етеміз. Олай болмаған жағдайда тәуелсіз ақпарат құралдары өкілдерін шақыртып, әлеуметтік желіге салуға мәжбүр боламыз. Біздің жанайқайымызды ел түгел естісін.

Г.Құлбаева, Самаркин ауылының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521