Қорасы жоқ қойшыға несие берілмейді

(0 Votes)

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттің негізгі саясаты. Бүгінде шағын кәсіп дамыса елде жұмыс, табыс болатыны күн өткен сайын дәлелдеуді қажет етпейтін шындыққа айналып барады.

Бұрынғыдай мемлекеттен жәрдемақы емес, кәсіп бастауға жеңілдік жайын сұрап, ізденетіндер, қарым-қабілетіне сай жоба жасайтындар қатары артып келеді. Ендігі мәселе – жұмыс көзін ашамын дегенге қолдау көрсетіп, мемлекеттің жеңілдігін тиімді пайдалануына жағдай жасау.

Осыған орай аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Аграрлық несие корпорация» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы мен «ҚазАгроКепіл» АҚ мекемесінің өкілдері мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізді. Оған шаруа қожалық иелері, жеке кәсіпкерлер, «Бастау-бизнес» жобасының бизнес-тренері мен несие алуға ниет білдіруші аудан тұрғындары қатысты. Жиналысты Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ұлыбек Өтегенов жүргізіп, облыстан келген лауазым иелерімен таныстырды. Алғашқы сөз кезегін алған «Аграрлық несие корпорация» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Рахмет Жаңбыров «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған», «Сыбаға» бағдарламалары жөнінде жан-жақты айтып өтті. – «Сыбаға» бағдарламасы – ірі қара мал мен қой алуға арналған. Қойдың бағасы 30 000 теңгеден аспауы керек. Несие мөлшері 34 млн. теңгеге дейін беріледі. Ол үшін жеке шаруашылыққа арналған жері, инфраструктурасы яғни қора-жайы болуы керек. 14 пайызбен ұсынылады, оның 10 %-ы субсидияланады. Аталмыш бағдарлама аясында ірі қара малды тек алыс-жақын шетелдерден алуға рұқсат етілген. Оның құны 625000 теңгеден аспауы керек. Жасының мөлшері 8-26 ай аралығында болуы тиіс.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы 6 пайызбен ұсынылады. Онда кез-келген кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар. Ол үшін «Бастау-бизнес» жобасы бойынша шағын курстан өтіп, «Жұмыспен қамту орталығынан» жолдама алуларыңыз қажет. Сертификат пен жолдама қолдарыңызда болған жағдайда несие серіктестікке құжаттарыңызды тапсыра аласыз, - деп кәсіп ашқысы және оны дамытқысы келетін бизнес өкілдеріне Р.Жаңбыров мемлекеттің қолдаудың тетіктерін тиімді пайдалану жөнінде кеңес берді. Қатысушылардан өздерін толғандырған мәселелерін бүкпесіз ашық ортаға салуды өтінді.

«Ақжонас» шаруа қожалығының жетекшісі М.Шаяхметов несие серіктестігіне тапсырған құжаты төрт айдан бері бітпей келетініне реніш білдіріп, оның рәсімделуі неліктен тым ұзаққа созылатынын сұрады. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері жұмыстарына кедергі болып отырған кейбір жайттарды алға тартты. «ҚазАгроКепіл» АҚ-ның өкілі Алтыншаш Қондыбаева толық қаржыландырылмай қалған жобаларға қандай мүмкіндіктер қарастырылатынына тоқталып, несие алуға аталмыш мекеме кепілдік беретінін айтып түсіндірді. Яғни, бұл компания ауылдық жерде кәсіпкердің кепілдікке қоятын мүлкі жетіспеушілігі туындаған жағдайда мемлекет тарапынан кепіл бола алатын кепілгер болып табылады. Кепілдіктер ауыл бизнесінде, әсіресе бастапқы кәсіпкерлер үшін қаржылық көздерге қолжетімділікті арттыра түсетіні сөзсіз.

Жиналысты қорытындылаған Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ұ.Өтегенов мемлекеттік бағдарламалар жөнінде нақты түсінік беріп, өз кәсібін дөңгелетемін деушілерге ақыл-кеңестерін айтқан мамандарға ризашылығын білдірді.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521