«Орақ көтеруге асықпауымыз қажет»

(0 Votes)

Жаз ыстық болды. Жер апшысын қуырған қапырық айлар бойына жалғасты. Бастап Жұмекен ауылы ірі қара мал шалып, Тәңіріден түйірлеп тамшы тіледі.

Бұл үрдіс өзгелерге де сабақ болып, ауылдарда Алладан жаңбыр сұрап, бас қосып «қан шығару» кең етек алды. Кереметтей нөсер жауын шелектеп құйып кетпегенмен, көп тілегін көк Тәңірісі де ескергендей қалып танытып, Азғыр бойында, аз-кем ішкі өңірде жаңбыр-жасымен сағына көріскен сәттер де болды. Десек те, көп күндерге созылған ыстықта дала шөбі сарғайып күйіп, өртке де шарпылды. Биылғы қыста малға шөпті қайтер екенбіз деген сауал малмен күнелтісін айырған аудан тұрғындарын әлі күнге толғандырумен келеді. Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында газет тілшісі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Руслан Талапұлы Сәуменовпен сұхбаттасқан болатын. Төменде осының қысқартылған түрі оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

- Руслан Талапұлы, әңгімемізді турасынан бастасақ, иек астында тұрған қыраулы, аязды күндерге малға берер жем-шөбіміздің қаншалықты қоры бар? Керегі, қолда бары, ол жете ме, тырбынып іс қылып жатқандар тірлігі турасында айтып өтсеңіз?

- Иә, жаңбыр тамбай жұрттың жағалай аспанға көз тіккені рас. Жекенің де, қоғамдық меншіктің де ұдайы мал шөбін ойлайтыны – қажеттіліктен. Өйткені, мұнайы жоқ аумақтың шынайы харекеті мал ғана. Жесе - еті, сауса – сүті, сатса - пұлы болған төрт түлік малы қолға қараған уақытта бұрқыратып беретін пішен қажет. Бастапқыда болған үлкен қорқыныш бүгіндері сейіле түсті. Өйткені, аралдарды басқан өр суының айлап тұрып алуы шөп шығымдылығына тікелей әсер етіп, жағдайымызды біраз жақсартты. Яғни, қиындықтан құтқарды десе де болады.

Мал басының жылдан-жылға көбеюі жақсы нышан. Ауданның барлық меншік нысандарын есепке алсақ, 2018-2019 жылдардың қысына 53610 бас мүйізді ірі қара, 178400 бас қой-ешкі, 21600 бас жылқы, 4950 бас түйе малдары түседі деп күтілуде. Оған зоотехникалық өлшем бойынша 158000 тонна пішен қажет. Ауылдық округтер мен асыл тұқымды мал өсіретін құрылымдардың берген мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылдан қалған 2180 тонна пішен жарамды болып шықты. Сондықтан, ол алдағы қыстың мал азықтың қорына кірістелді. Ал, ауданның барлық меншік нысандары биылғы жылға 158817 тонна пішен дайындау керек болса, мал басы есебіне сәйкес оның 148752 тоннасын жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары, 7065 тоннасын асыл тұқымды мал өсіретін құрылымдар Сүйіндік ЖШС, Құрманғазы Ө/К, Ақжонас ЖШС, Мақаш Ө/К дайындауы керек. Қазір аудан бойынша 118000 тонна ірі сабақты мал азығымыз бар. Бұл қажетіміздің 76 пайызы, ал, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9568 тонна шөпті артық әзірлеген болып шығамыз. Жем-шөп қорының тапшылығынан қыстан шыға алмаймыз-ау деген қорқыныш жоқ деп шегелеп айтуға тиіспін. Бірақ, сайын даласын малмен толтырған баба қазақ «Сақтықта – қорлық жоқ» деп бекер айтпаған. Сол себепті, орақ көтеруге әлі ертерек. Сай мен салалардың етегіндегі, ашыла түскен аралдардың ұлтанына біткен қалың құрақты әлі де ора түсуді жалғастыра беру керек. Өзіңнен артылғанын пұл қыласың, сұрағанның сыбағасы, қиналғанның еншісі дегендей, артық нәрсе қашан да қажетсіз болып қалмаған. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы қазірде осындай бағыт ұстанып отыр.

- Реке, ел-жұрттың көңілін көншітердей әңгімеңіз үшін рахмет. Біздің де тілеулестік көңіл әйтеуір мал біткен азығынан азбасын деген ағеділ ниет қана. «Елде болса – ерініңе тиеді» дегендей, бар тірлігіміз осы айналада екені белгілі жайт. Малға – азық! – деп арпалысқа ертерек түскендердің арасынан кімдердің атын атап кетер едіңіз? Бұл пұлына болса да, «пішен аламын» деген ауылдастарға бір жағынан берген бағытымыз болсын. Беру – бермеу өз еріктеріндегі шаруа.

- Округтерден алдымен Құрманғазыны айтып өткен абзал. Қыр мен ойдың шөбін «мына жерде аз, мына жерде көп» демей, жаппай тазалап оруға ерте кірісті. Қыстақтар басына жеткізуді де бастап, ауылдас мал асырайтын отбасыларға, зейнеткерлерге көмекті біршама өтеп тастады. Қар түскенге дейін демегенмен, қара күзге дейін осы шаруаны жалғастырамын деп отырса, депутат, ғалым басшы Сабыржан Сұлтановтың іскерлігі, шаруа орайына әбден төселгендігі деп ұғыныңыз. Мақаш өндірістік кооперативі де бұл әріптесінен қалса барсын. Төраға, еңбегімен елге жаққан Жеңіс Әбілхайыровтың шаққан масаны елемей шалшық кешіп, пішеншілермен бірге шапқылағанына айлар артынан айлар қуып барады. Есесіне аралдар төсін тапқан ұзын шұбақ маялар көші «Қашан қыстақтарға жетемізді» ұқтыратындай. Ал, шаруа қожалықтарынан Орлыдан Ержан Ниғыметов көш бастайды. Осы округтегі Асқар Сатыбалдиев, Серік Нұрымов та біркелкі дайындап бола келді. Нұржаулық Оразғали Алғаязов, Хиуаз ауылынан Тілекқабыл Қарамалаев, жұмекендік Жеңіс Қазенов, сафондық Құмар Өтешов, Байболат Мағзомов, Теңіз округінен Ернар Сәрсенбаев, мақаштық Есболат Құбашев, тағы басқа шаруа қожалықтарының екі қыс болмаса, бір қысқа жететін пішендері бар. Бұлар және «осы жетеді» деп орақ көтере қойған жоқ. Баршасы да ынталы, ел-жұртқа көмекке елпілдегендер ылғи. Жалпы, өзін ойлап, өзгені де өгейсітпегендердің шаруасы да шүкір дейтіндей гүрлеп-ақ тұр. Ләйім, солай бола бергей!

- Алыс аймақтағы, яғни қыр бойындағы жағдай жөнінде қысқа да нұсқа әңгімелеп өткеннің артығы болмас. Өйткені, оларда қуалап кететін сай-сала, дендеп енетіндей теңіз өресі жоқ. Жағдай нешік? - Сүйіндік, Асан, Азғыр округтері жіті назарда, байланыс үзілген кезі болған емес, табан тоздырып жетіп, көріп, барып біліп жүрміз. Олардағы шөп дайындау бригадалары 7-8-ден кем емес. Қазірдің өзінде 35850 тонна сапалы қыр шөбін дайындаса, мұны бүгінгі күн өлшеміне аз жетістік деуге келмейді. Бұйыртса мұндағы шөпшілдердің де көздегені - ауыл шаруашылық құрылымдары мен жеке тұрғындардың қажетін толығымен өтеу. Сол мақсатта тер төгіп келген оларға «іске сәттен» басқа айтар тілегіміз де, қояр кінәміз де жоқ. - Әңгімеңіз үшін тағы да рахмет, малды өңірдің қамы үшін ат үстінен түспеген тірлігіңіздің жемісі – аудандағы барлық мал атаулы қытымыр қыстан аман шықсын!

- Әмин, айтқаныңыз келсін!

Сұхбатты жүргізген: Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521