Мектеп мәселесі мазалап тұр

(0 Votes)

Орлы ауылдық округі әкімінің есеп беру жиыны алдында аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ауылда жақында ғана пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пунктінде, күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан Манаев атындағы орта мектепте болып жағдайымен танысты.

Округ әкімі Асхар Мұфтах жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен өткен есеп беру кезінде айтылған сын-ескертпелердің орындалысын баяндады. Төртінші деңгейге жататын ауылдық округтің дербес бюджеті жайлы хабардар етті. – Округ аппаратына жергілікті және республикалық бюджеттен ауылдық мәдениет үйі мен округ аппаратына 49 млн. 790 мың теңге қаржы бөлініп, ол толықтай игерілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 2218,0 мың теңге балалар ойын алаңын салу мен қоршау жұмыстарына, мұқтаж азаматтарға үйінде әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың арнайы есеп шотына мектеп асханасын, пошта, байланыс бөлмелерін жалға беруден, салық түсімдерінен 4 млн. 913 мың теңге түсті. Жинақталған қаржы көшелерді жарықтандыру, тазалық, көгалдандыру, қысқа дайындық сияқты бағыттарға мақсатты жұмсалды, - деген баяндамашы түрлі салықтардан жиналған түсім 62 пайызға орындалғанын айтып, алға қарай тұрғындардың уақтылы төлем жасап отыруын ескертті.

Баяндамаға орай пікір білдірушілерден еңбек ардагері Салауат Мүстиев ауылда иесіз қалған үйлер барын, қазіргі уақытта ол көше сыйқын әбден бұзып тұрғанын, Қанжыға беттен белгіленген жаңа қорымның қоршалуы қажеттігін айтты.

Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Амангелді Хилауов әкімнің есеп беруінде біраз мәселер қамтылғанын айтып, орындалысына қанағаттанарлық деген бағасын беріп, кейбір күрмеулі жайттарға қайыра тоқталды. – 1978 жылы салынған мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі дегенге қатты қуанғандардың бірі мен едім. Алайда жұмыс өте баяу жүруде, біз уақытты ұттырып алдық. Қазір мұнда балалармен араласып құрылыстар жүріп жатыр, қайтіп тиянақты білім берілмек, тәрбие жұмысын айтудың қажеті де болмас. Бұған жауап беретін кісі бар ма? Берілген фельдшерлік пункт те жұмыс істеп тұрған жоқ, осы бір-екі күндікте ғана қарбалас басталды.

Манаев атындағы орта мектептің директоры Наурызбек Жаманғарин: - Айтуыңыз орынды, білім өз дәрежесінде берілмей отырғандығы шындық жайт. Күрделі жөндеу созылып барады, мердігер мекеме «Экспресс-Строй» ЖШС қазір 65 пайызға ғана орындап отыр. Аяқталу мерзімі 15 қаңтар болатын, дегенмен басшылары Д.Нұрпейсова атындағы орта мектепті бітірдік, енді бар күшті осында саламыз деп сендіріп отыр. Тендер өткізу заңдылығында қарастырылғандай бірер ай қосымша мерзімі бар. Үлгермей қалатындай болса сотқа шағымданамыз, - деді.

Ауыл тұрғындары Тұрсын Достыбаев ақсақал «мал тұқымын асылдандыруға көңіл бөлінсе деймін, жасыратыны жоқ, сиырымыз қазір ешкідей ұсақаталып барады» десе, Теміржан Матаев «Калининнен құтылатын күн бар ма?» деп ауылдық мәдениет үйінің атауын өзгертудің созылып кеткенін айтты.

Қортынды сөз сөйлеген аудан әкімі Бибоз Шаяхметов мынадай жайттарды қаперге берді. – Мектептің күрделі жөндеуі жайлы айтарым, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген конкурс бойынша аудандағы 4 мектептің де жеңімпазы болып бір мекеме танылды. Атқарып жатқан ісі көңілді көншітпейді, басшылығы өзге өңірде, қажетті құрылыс материалдары да сол жақтан тасылады. Тұрақты жұмысшылары да жоқ, олардың ісіне араласа алмаймыз. Қолдан келері экономикалық сотқа арыз түсіру ғана. ФАП турасында айтсақ, ішкі жабдықтау жобалау сметасында қаралмағандықтан тек құрылысы ғана жүргізіліп, пайдалануға берілген. Алдағы бюджеттік нақтылауда бұл олқылықтар жойылып, қызметтік екі пәтерлік үйдің қаражаты салынады. Жаңа барып арнайы қарап шықтым, округ әкімі көрсеткен кемшіліктерді түзетуді мердігер мекеме мойнына алды. Жарығы, телефон байланысы, ғаламторы тиісті мекеме басшыларына айтылып шешілетін болды. Ал, мәдениет үйінің атауын өзгерту округ тұрғындарының, жергіліктік қауымдастық өкілдерінің құзіретіндегі нәрсе, ауыл, округ қайта аталып жатқанын оқып, біліп жатсыздар, оның еш қиындығы жоқ. Шығын да болмайды, мекеменің мөрі ғана болмаса, оның да бөлінген қаржысы бар.

Жиналыста басқа да айтылған ұсыныстар ескерілетін болып, жалпы округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берілді.

А.Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521