Мал өсірсең, қой өсір...

(0 Votes)

Мал төлдету – маңызды науқан. Төрт түлікті өз төлі есебінен көбейту жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет етеді. Десе де «қой қоздап, қорада шу» болатын малды ауылдың мазасыз шағының орны ерек.

Осы бір қиындығы мен жауапкершілігі мол істе кәнігі малбегілер мен шаруашылық басшыларының, мал мамандардың жарғақ құлағы жастыққа тимейтіні анық. Жиі-жиі қыстақ орындарында болып, жем-шөптен таршылық көрмеулерін қадағалайды. Машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген малшы қауымының бар жағдайын жасауды да естен шығармайды.

Аудандағы іргелі шаруашылық – Құрманғазы өндірістік кооперативінің төрағасы Сабыржан Сұлтанов бұл орайда өзінің де, өзгенің де жанын жай таптырмайды. Бірде ойдағы, бірде қырдағы елдің арасын шаң қылып, ат-көлігінен түспейді. Өткен әзірде аудан әкімі Бибоз Шаяхметовті, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовті, Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Азимовты, басқа да жауапты мамандар тобын мал қыстату орындарындағы жұмыс барысымен таныстырып қайтты. Алдағы мал төлдету науқанына дайындықтың жай-күйін өз көзімен көрген аудан басшысы шаруашылықтағы қалыпты жұмысқа көңілі толатындығын айтты. Науқанның маңыздылығын ескеріп, сахмандық жұмыстарға ауылда жұмыссыз жүргендер есебінен көмек көрсету туралы округ әкіміне ұсыныс жасады.

«Таңат» қыстағында отырған аға шопан Аманжол Сартаев(суретте) бағымындағы 650 бас саулықтың қоңдылығын жоймай, қыстан аман алып шықты. Алды төлдей бастағанын қаперге берген ол енді бірер күндікте жаппай төлдеуді күтіп отырғанын жеткізді. «Мал өсірсең, қой өсір» деген, шопан ата тұқымын ұзақ жылдардан бері бағып, маңдай терінің нәпақасын көрген білікті малбегі оған сенімді көмекшілеріммен бірге сақадай саймыз деді.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521