Мақаш салдырған мектеп қайта жаңғыру үстінде

(0 Votes)

Қалың жұрт арасында қарағай жатақхана аталып кеткен бұл ғимараттың тарихы тым ертеде жатыр.

Ол Каспий теңізі жағалауы І және ІІ округтерінің әкімі, ағартушы, этнограф Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамедовтің ұсынысымен 1895 жылы (кейбір деректер бойынша 1894 жылы) екі сыныптық училище болып ашылған. Сол кездегі құны 13088 сом 35 тиын тұрған, оның 9000 сомын қазақ(қырғыз) қоғамы төлеген. 1911 жылы екі сыныптық орыс-қырғыз(қазақ) мектебі, 1924 жылдан бір басқышты «Мектеп-коммуна» болып жұмыс жасады. Кейіннен Ганюшкин мектеп-интернатының, Абай атындағы орта мектептің жатақханасы болды. Одан соң Д.Нұрпейісова атындағы өнер мектебі, балалар кітапханасы орналасты. 2014 жылы өртке шарпылып, ғимаратқа едәуір зиян келуі себепті пайдаланудан қалған еді. Тарихи және мәдени ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғау реестрінде тіркелгендіктен, оның болашағы кім-кімді де ойландырары анық. Аудан тұрғындарының ағабуын өкілдері, ардагер ұстаздары көненің көзіндей болған қарағай жатақхананың жағдайын айтып, түрлі жиындарда жөндеу өткізуді жиі көтеріп жүрді. Аудандық газет бетінде оқырман хаттары жарияланып, өлке тарихына, өткен күннің тәбәрігіне алаңдаушылық танытып отырылды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы шеңберінде «Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мемемесінің теңгерімінде болып келген нысанға үстіміздегі жылы қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарына тендер жарияланды. Оның қорытындысымен «Астана-Көкше» ЖШС жеңімпаз деп танылып, тамыз айының орта кезінен өз жұмысын бастап кетті. Орындалу мерзімі 3 ай. Қазірдің өзінде біраз жұмыстар атқарылды, төбесі толықтай ашылып, өртенген, күйік шалған ағаштары алынып ауыстырылды. Шатыры қайта жабылып, терезелері ауыстырылды. Құрылыс прорабы Айдын Маменов қажетті материалдардың дер уақытында жеткізілуін қадағалайды. Ал, серіктестіктің нысан басындағы өкілі Есентай Ғилажев бізбен әңгімесінде:

- Осы ауданның тумасы ретінде бұл іске мысқалдай болса да қолқабысымды тигізіп жүргеніме қуаныштымын. Маман жігіттер өз жұмыстарын өте ұқыпты атқарады, ішінде жергілікті кадрлар да бар. Құрылысқа пайдаланылатын ағаштар алдымен биологиялық, химиялық, басқа да өңдеулерден өтеді, қалпына келтіру жұмыстары ескі фотосуретке қарап жасалған сызба негізінде еш ауытқымай жүргізіледі. Сыртқы жұмыстары біте келді, енді ішіне кіріседі. Біздің мақсатымыз – ғимараттың тап Мақаш бабамыз салдырғандай болмағанымен бір ғасыр бұрынғы сәулет өнерін барынша орнына келтіргіміз келеді. Бұдан бұрынғы жөндеу жүргізген мекеме кезінде терезені пластик түріне ауыстырыпты, бізге берілген жобалық сметаға да осылай егізіліп отыр. Алайда, жоғарыдағы басшылар өз есептерінен терезе рамаларын ағашпен көмкермекші. Не болғанда да көненің көзі ғой, кезінде көре қалған аға-апаларымыздың көңілінен шықса деймін, – дейді.

«Жақсыны көрмекке» деген ол күнге жетуге де шамалы қалды. Әзірге құрылыс басы қайнаған тірлік, жылу жүйесі мен электр жарығы тартылғалы жатыр. Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Бақыт Ғабдолованың айтуынша ғимарат қайта ашылған соң мұнда онлайн ғаламтор желісі, коворкинг орталығы жұмыс жасайтын болады.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521