Үлкен округте үлкен мәселелер болады

(0 Votes)

14880 тұрғыны бар ауданымыздағы ең үлкен Құрманғазы ауылдық округінің әкімі М.Мұғалімнің жыл қорытындысымен есеп беру жиналысына тұрғындар көп жиналды.

Округ әкімі білім саласы бойынша ауылдағы 5 мектепте 3025 бала, 6 мектеп алды дайындық тобында 6 бүлдіршін, 433 ұстаз бар екенін, 549 бала спортпен айналысатынын атап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Денсаулық сақтау саласында 66 дәрігер, 329 орта буын медицина қызметкері еңбек етіп отырғанын жеткізді. Өткен жылы 278 бала дүниеге келген. Сонымен қатар, басқа да салалар бойынша жасалған жұмыстарды тізіп шыққан ауылдық округ әкімі алдыңғы жылғы есеп беру жиынында жасалған ұсыныстардың да орындалу барысын хабарламасынан тыс қалдырмады.

Ауыл тұрғыны М.Есімғалиев: - М.Қабдолова көшесіне жазғы су құбыры қажет. Ауыз су қыста жақсы жүргенімен, жазда біз тұрған жерге, жоғары қарай көтерілмейді. Жолды жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деген үміттемін, - деп округ әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ауыл тұрғыны С.Нұрғожина: - Тазалық мәселесіне келсек, біраз жұмыстар атқарылғанын көріп жүрміз. Тұрғындарға оған үлес қоса білгені үшін алғысымды айтамын. Округ әкімінің жұмысы жақсы, осы қарқынынан таймауына тілек білдіремін. Десек те, тазалықты сақтауды жастарға көбірек айтуымыз қажет. Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп жариялап отыр, олар тазалықты сақтауға өз үлестерін қосады деген сенімдемін, - деп өздері тұратын көшедегі шұңқыр жерге су жиналатынын айтып, шарасын алуды сұрады.

Жеке кәсіпкер Е.Таяшов тазалыққа қатысты сын айтып: - Полигонның айналасы қоқып жатыр, кіретін есігі жоқ. Жан-жағы лас. Қызылжар, Қанжыға қауымдарының қасын да қалдықтарды төгетін жерге айналдырған. Аудан орталығынан жастар суға шомылатын орын таппайсыз. Мен кезінде Золотой песок атты жерден осындай орын жасайық деп ұсыныс жасадым, - дей келе кейбір мектептердің алды қараңғыланып тұратынын, оларға жарық орнату, аудан орталығындағы стадионды қалпына келтіру керектігін жеткізді.

Ардагер ұстаз Ш.Жәлелов: - Округ әкімі ауылда тазалық мәселесін жолға қойды, вацап әлеуметтік желісі арқылы бақылап та отыр. Қолынан келгенін жасауда. Бірақ, біз оған тек ауыл әкімі жауап береді деген бір жақты пікірден аулақ болуға тиіспіз. Биыл экологиялық Кодекс жасалып жатыр, сол қабылданған соң айналаны қоқытқандар жазаға тартылады. Менің айтқым келгені қос қабатты үйлер маңында тазалықты сақтауға мүмкіндік жоқ. Одақ кезінде салғанда инфрақұрылым қарастырылмаған. Кәріз жүйесі де, лас, жуынды суды төгетін орындары да жоқ. Ит, мал ішсе ауру шығып кетуі мүмкін. Осыны зерделеп шешу қажет, - деп қатысушыларды Жастар жылында жас әкімге қолдау көрсетуге шақырды. Сөйлеушілерден З.Хидуллин, Т.Айтқалиев, Р.Ниетқалиев, Ғ.Мүрсалиев және т.б. жолдарды жөндеу, көше жарықтарын орнату, контейнерлер қою, невропотолог маманмен қамту, Жорес Ысқақовтың атын аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешеніне беру, облыстық мәслихат депутаттарымен кездесуді ұйымдастыру сияқты мәселелерді қозғады.

Өз жауабында округ әкімі М.Мұғалім М.Қабдолова көшесіне су тартудың ЖСҚ жасақталғанын, қаржы бөлінген соң басталатынын, қоқыс полигоны маңын жиі тазалағанмен тұрғындардың қалдықтарды сыртына төгіп отырғанын, стадион алға қарай жаңғыртылатынын және бас жоспарға сәйкес екіншісі салынатынын, «Золотой песок» атты жерде суға түсу қауіпті екені ескертілгенін, көше жарықтары тартылатынын қаперге берді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісов облыстық мәслихат депутаттарына қатысты сұраққа жауап беріп, ондай кездесулерді ұйымдастыруға әзір екендіктерін алға тартты.

Есеп беру жиынын аудан әкімі Б.Шаяхметов қорытындылап, алда атқарылғалы отырған жұмыстардан хабардар етіп, Елбасымыз саясатына қолдау білдіріп, Жастар жылында олармен есте қалатындай жұмыстар ұйымдастыруға шақырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521