Халықтың еңбегі құрметке лайық

(0 Votes)
Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Оған деген ыстық махаббат бәріміздің жанымызға жылу беріп, бойымызға қуат құяды», - деген болатын. 1928 жылы құрылған Құрманғазы ауданының аумағы 20,8 мың шаршы шақырым, көлемі жағынан облыс бойынша екінші орында тұр. Халық саны 58 мың адам. Тұрғындардың саны Жылыойдан кейінгі орындамыз, 19 ауылдық округ, 49 елді мекен бар. Үш ауылдық округ – Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері ғана қыр бойында, қалғандары Қиғаш, Шора өзендерін жағалай орналасқан. Табиғаты тамылжыған, жазда жасыл желекке малынып, қыр бойынан жусан исі бұрқыраған Құрманғазы ауданы шағын Швейцария атағымен ғана емес, танымал тұлғаларымен де елімізге , әлемге әйгілі. Бұл жерде қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары күй қағаны Құрманғазы, Дина әжеміз, Қиғашты жырға қосқан абыз жазушы, майдангер Әбу Сәрсенбаев, Әнұранымыздың авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов, Қанатты қыз атанған Халық қаhарманы Хиуаз Доспанова, Кеңес Одағының Батырлары Александр Афанасьев, Филипп Мазуров, Мұқат Мусаев, шығармалары әлемнің тілдеріне аударылып басылған жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, сыншы Зейнолла Серікқалиев, күйші Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина және басқа да танымал тұлғалар өмірге келген. Мұнан өзге ауданымыздан отыздың үстінде Социалистік Еңбек ерлері шыққанын да мақтан тұтамыз. Жыл өткен сайын халықтың тұрмыстық жағдайы да жақсаруда. Жаңа мектептер, балабақшалар, халыққа қызмет көрсету орындары бой көтеріп, ауылдарымыздың сәулеттік кескін-келбетін шырайландыра түсуде. Мал өсіріп, егін салған, судан балық сүзіп алған шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің саны жыл сайын артуда. Спутниктік телевидение, ұялы байланыс, интернет желісі, көгілдір отын, таза ауыз су, бұрын көрмеген басқа да игіліктер аудан тұрғындарына қолжетімді болуда. Азғыр өңіріне газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Шора өзенін тереңдетіп қазу басталды. Электр энергиясын Ресейден алып келген қыр өңіріне оны өзімізден тарту жұмыстары жоспарлануда. Биыл отаршылдық заманынан бері сеңі бұзылмай келе жатқан аудан орталығының ескі атауы – Ганюшкин «Құрманғазы» болып қазақшаланды. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің жемісі. Құрметті құрманғазылықтар! Жеткен жетістіктеріміздің бәрінде сіздердің үлестеріңіз зор! «Орағың өткір болса, қарың талмайды, Отаның берік болса, жауың алмайды» деп дана халқымыз айтқандай, алға қарай да өздеріңізбен бірлескен жұмысымыз жалғасын таба берсін! Тоқсан жылдық тойымыз бәріміз үшін ортақ қуаныш, оны әлде де көркейте түсу жолында еңбектену басты мұратымыз. Бәріңізді тағы да мерейлі мерекемен құттықтап, ұзақ өмір, баянды бақыт, отбастарыңызға амандық, толағай табыстар тілеймін! Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521