Келелі пікір алмасу келісіммен бітті

(0 Votes)

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдың үстіне шықса да ауданымыздың балық шаруашылығы әлі толығымен аяғынан тұрып кете алмай отыр. Оның өзіндік себебі бар. Күні кешеге дейін браконьерлікпен күрес көңілді көншітпеді. «Шортандар» құтылып, «шабақтар» тұтылды. Су маржаны тонналап көрінгеннің қолында кетіп жатты. Заңды түрде табиғат пайдаланушыларға бұл оңай тимеді. Бөлінген лимиттен шыға алмады. Оның өзі де уақытында шешілмеді. Бұған балық аулауға рұқсаттың кеш берілетінін, арналардың жылдар бойы қазылмай, оларды шөп пен құм басқанын қосыңыз.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің бұл мәселені жоғары жақтарда қайта-қайта қозғап күш салуының арқасында ғана сең қозғалып, лимит пен аулауға рұқсат уақытында берілетін болды.

Нұрлан Ноғаев облыс әкімі болып келгеннен кейін браконьерлікпен күрес күшейтілді. Аймақ басшысы ауданымызға келген алғашқы сапарынан-ақ су байлығына қасқырдай тигендердің бетімен кеткенін аңғарды. Балықшылармен кездесіп орын алып отырған жағдаймен танысты. Жоғары жақтарға шығып Қиғаш өзенінің қазылуына республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне қол жеткізді. Қазір бұл сала бұрынғыдай емес, жандана бастады. Десек те, әлі де шешімін күткен түйінді мәселелер жоқ емес. Оның бір ұшының тарқатылуы іргелес көршіміз Ресейге де қатысты.

Осыған орай Сенат депутаты, Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов бастаған делегация Астрахань қаласында қызмет бабымен болды. Делегация құрамында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің Балық ресурстарын қорғау және реттеу басқармасының басшысы Арман Өтепов, «Балық шаруашылығы ҚазҒЗИ» ЖШС Атырау облыстық филиалының директоры Ерболат Қадимов, «Каспий Балық» өндірістік кооперативінің төрағасы Жұмажан Шакупов бар.

Қазақстандық делегация Астрахань облысы үкіметі төрағасының орынбасары – Астрахань облысы ауыл шаруашылығы және балық өндірісі министрі Алексей Галкинмен, сонымен қатар өңірлік балық шаруашылығы басшыларымен кездесті. Кездесуде екі жақ балық аулаудағы өзара қарым-қатынастар және шекаралық Қиғаш өзенінің экожүйесін бірігіп қорғау, оның балық ресурстарын тиімді пайдалану, тәжірибе алмасу мәселелерін қозғады. Астрахань облысының ауыл шаруашылығы және балық өндірісі министрі Алексей Галкин қазақстандық қонақтарды өңірдің балық өндірісіндегі басты бағыттарынан хабардар етті.

Бұл жөнінде балық шаруашылығын дамыту мәселелерін егемендік алғаннан бері қозғап жүрген азамат, «Каспий-Балық» ӨК-нің төрағасы Жұмажан Шакупов әңгімелеп: - Сенат депутаты С.Еңсегенов бастаған атыраулық делегация ресейліктердің балық аулау тәжірибесіне қызығушылық танытты. Кездесу барысында біраз нәрсеге қанықтық. Астрахань облысында түнде балық тасығанда шекарашылар кедергі жасамай, тізім бойынша белгі салып жібере береді екен. Бізде таңға дейін тұрғызып қояды. Ау тартатын учаскелерінде ресейліктерге күні-түні аулауға рұқсат берілген. Қазақстанда түнде ау тартқызбайды. Оларда балықтың ірісінің әр данасына 80 тиын төлесе, ұсағы тегін. Қанша ауласа да еркінде. Ауданымызда ірі балыққа 32, ұсағына 12 теңге төлеп жүрміз. Астрахандықтар рұқсатты ауыл шаруашылығы кооперативтерінен ала береді. Сонымен қатар оларда лимитті 10 жылға бірден беріп тастайды. «Рыбаксоюз» деген қоғамдастық бар. Жақында Мәскеуде балықшылардың слеті өтіпті. Сонда осы қоғам келесі жылы лимитті 15 жылға бірден беріп тастау мәселесін көтеріп, ол қатысушылар тарапынан қолдау тапқан. Лимитті пайызбен бөледі екен. Мысалы, менікі 10% болса, 2018 жылға 51 мың тонна лимит бөлініп тұр деген сөз. Балықшы келесі жылы қанша келетінін біліп отырады. Жеңілдіктері көп. Бізде жылма-жыл лимит бөлінеді. Ресейліктердің ғылыми-зерттеу институттары да күшті жұмыс жасауда. Балық қорын есептеп, 2019 жылы ауланатын мөлшерінің де болжамын шығарып қойған. Атырау облысында 14 мыңдай лимит бөлінсе, оның Қиғашқа тиесілісі теңізбен қоса алғанда 3 мың тонна. Бір бассейіннен балық аулағандықтан болашақта бізде де лимитті көтеріп, ресейліктермен бірдей қылу қажет.

Астрахань облысында 77 табиғат пайдаланушың 4-і еуронөмірмен өнім шығарады, яғни, экспорттайды. Атырау облысында 19 табиғат пайдаланушы болса, еуронөмір «Амангелді» кооперативінде ғана бар. Болашақта балықты сол күйінде сатпай өңдеп шығару мақсат етіп қойылып отыр.

Соңында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің Балық ресурстарын қорғау және реттеу басқармасының басшысы Арман Өтепов, «Балық шаруашылығы ҚазҒЗИ» ЖШС Атырау облыстық филиалының директоры Ерболат Қадимов өз салалары бойынша ресейлік әріптестерімен кездесті. Келессөздер қорытындысымен сарапшылардың өзара кездесіп тұруына қол жеткізілді, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521