Кәсіп ашсаң – елге көмек, өзіңе несібе!

(0 Votes)

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша облыстық басқармалардың және қаржы институттарының өкілдері қатысуымен көшпелі мәжіліс өтті.

Оны аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров ашып, облыстан келген лауазым иелерімен таныстырды. Алдымен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі Бибігүл Тоғызова мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және оған енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатымен келіп жатқанын айтып: - Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп, оның үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізуді басты назарда ұстауда. Осыған орай елімізде бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қарқынды түрде жүзеге асуда. Солардың бірі – «Бизнестің жол картасы-2020». Оның шеңберінде тек осы жылға 2 млрд.-қа жуық қаржы бөлініп отыр. Сіздер екінші деңгейлі банктер арқылы өз жобаларыңызды жаңартуға, кеңейтуге, құрал-саймандар сатып алуға несие ала аласыздар. Бұрын жылдық пайыздық ставкасы 19 % болып, оның ішінде 10%-ын мемлекет субсидияласа, биылдан бастап 14,5 % болып, өзгеріс енгізіліп отыр.

Ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден 20 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Оларға «Даму» қоры несие сомасының 85 %-на дейін кепілдік ұсынуға мүмкіндік жасайды. Ал үш жылдан аса уақыт бойы жұмыс жасап келе жатқан бизнес өкілдеріне аталмыш қор несие сомасының 50 %-на дейін кепіл болады. Бұл бағдарлама шеңберінде былтырғы жылы Құрманғазы ауданы бойынша 25 млн. теңгеге 2 жоба қаржыландырылды.

Грант құралы деп қайтарымсыз және өтеусіз негізде 3 млн. теңгеге дейін берілетін қаражатты айтамыз. Оған ісін жаңа бастаған немесе жас кәсіпкерлер, мүгедек адамдар қатысады. Бұл қаржы аудан көлемінде жоқ жобаны жүзеге асыру мақсатында беріледі. 2017 жылы Құрманғазы ауданында балаларды оқыту орталығын ашу үшін 1 адам аталмыш грантты ұтып алған болатын. Биылғы жылы бағдарламаға облыс көлемінде 29 млн. теңге қаржы бөлініп отырғанын еске саламын. Алдағы маусым айында облыстық газеттерге гранттың басталатыны жөнінде хабарландыру береміз. Оған қатысқысы келетіндер құжаттарын облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармаға тапсырулары қажет.

Тағы бір айта кетерлік жағдай, былтыр 1 млрд.-тан астам қаражат бөлініп, оған 500-дің үстінде жаңа жұмыс орны ашылып, 242 ауыл кәсіпкерлерінің жобалары қаржыландырылды. Биылғы жылы да осы игі үрдісті жалғастыру мақсатында 500 млн. теңге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, ол ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жүзеге асады. Несиенің негізгі шарты 7 пайызбен 4 жылға дейін беріледі. 1 қарыз алушының 19 млн. теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар.

2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» деп аталатын тағы бір жаңа бағдарлама енгізілді. Онда да шағын несие беру, кепілдік ұсыну, қысқа және ұзақ мерзімді тегін оқу курстары қарастырылған. Шағын несиені берудің негізгі шарттары 6 пайызбен 7 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл бағдарламаның 2 операторы бар. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы Құлсары және Атырау қалаларының кәсіпкерлерін «Даму» қоры арқылы несиелендіреді. Ал екіншісі – ауыл шаруашылығы басқармасы аграрлық несие корпорациясы мен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры негізінде несие ұсына алады. Бұл жерде «ҚазАгроГрант» мекемесі арқылы кепілдік қарастырылған.

Даму қорында 2010 жылдан бастап кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Сіздер оларға бухгалтерлік есептерді жүргізу, жеке қожалықты ашу, т.б. заңгерлік мәселелерге орай сұрақтар беріп, толық ақпарат алуға құқылысыздар, - дей келе, басқарма өкілі қатысушыларды бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қолдау білдіруге шақырды.

- 2012 жылы Атырау облысы бойынша кәсіпкерлерге жүргізілген тексеріс 15 мыңды құраса, былтыр оның саны 7 мыңға дейін қысқартылған. Оған прокуратура қызметі жанынан ашылған «Қамқор» бағдарламасының көмегі өте зор болды. Қазіргі таңда облыс бойынша оған 800-ден астам кәсіпкер тіркелсе, Құрманғазы ауданында оның саны 100-ді құрайды, - деді ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облысы бойынша басқармасының өкілі Тоқтар Оразов. Одан әрі ол кәсіпкерлерді заңсыз тексерістен қорғау үшін «Қамқор» мобильдік бағдарламасы жөнінде түсінік беріп, оған кәсіпкерлерді тіркеп, алға қарай онымен қалай жұмыс жасалатыны жөнінде үйретуге кез келген уақытта дайын екендігін жеткізді.

«НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ»

Келесі кезекте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан келген лауазым иесі Дина Әбішева: - Бәріңізге белгілі 2011-2017 жылдар аралығында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асты. Ол бойынша барлық ауылдарда, елді мекендерде шағын несие алам деушілерге, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, кәсіби оқуға үлкен мүмкіндіктер қарастырылды. Еліміздің тұрғындарына 3-5 млн. теңге аралығында шағын несие алуға жағдай жасалды. Былтыр ол өз жұмысын тоқтатып, оның орнына «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» жаңа бағдарламасы енгізілді. Оның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту арқылы табыстарын көтеру. Бағдарлама үш бағыттан тұрады. Біріншісі - қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету. Биылғы жылы жұмысшы мамандығы бойынша облыста 250 баланы оқытуды жоспарлап отырмыз. Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. 8000 АЕК негізінде, яғни 19 млн. теңгеге дейін шағын несие алу мүмкіншілігі бар. Былтыр облысымызда «Бастау бизнес» жобасы 4 ауданға пилоттық режимде енгізілсе, биылғы жылы Атырау қаласы да оған қатыса алады. Оқу мерзімі 1 айдан аспайды. Оның қорытындысы бойынша сертификат беріліп, шәкіртақы төленеді. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі - 2018 жылдан бастап мемлекеттік гранттар берілуінде. Яғни 100 АЕК көлемінде 240 мың теңге ұсынылады.

Облысымызда жұмыссыздықтың деңгейін төмен түсіру кейінге ығыспайтын күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Осыған орай бағдарламаның үшінші бағыты – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға арналған, - дей келе, баяндамашы тұрақты, уақытша, қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі, медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты азаматтардың мәртебесін анықтау мәселесі жөнінде кеңінен мағлұматтар берді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ НЕ КЕДЕРГІ?

Аумақтық инспекциясының асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас маманы Мұрат Шахметов өңірімізде төрт түлік мал өнімінің сапасының төмендігіне тоқталып, асыл тұқымды малды ғылыми жолмен сұрыптау, түрлендіру бағытына тоқталып, Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектер жөнінде тілге тиек етті. Осы істі ауданымызда дамытуды қолға алып жүрген шаруа қожалық иесі Есболат Құбашев Орал мен Қостанайдан асыл тұқымды ірі қара мал әкелгенін, алайда ол жақсы нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанын алға тартты. Оның түрлі себептерін түсіндіріп, жергілікті жерге бейімделіп өсетін асыл тұқымды малдың түрін шығару керектігі туралы бір қорытындыға келгенін жеткізді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының өкілі Марсель Хамиев: - «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті несиелендіру бағдарламасы бойынша 10 млн. теңгеге дейін несиемен қаржыландырылып, 7 пайызбен 4 жылға беріледі. Ол тек ғимараттар салу, қайта өңдеу, жаңарту, автокөліктердің жолаушы, жүк тасымалы сияқты кәсіпкерлік бағытты қамтиды. Ауылдық жерден кепіл салсаңыз, несиенің 60 пайызы ұсынылады. Сонымен қатар, жасақталған бизнес-жоспарды сіз 90 күннің ішінде біздің акционерлік қоғамға әкеліп тапсыруға міндеттісіз. Екінші бағдарламамыз «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту». Ол екі бағытта жүзеге асады. Біріншісі мал шаруашылығы үшін тек шаруа қожалықтарына 6 пайызбен 6,5 жылға 18 млн. теңгеге дейін несие ұсынылады. Екіншісі кәсіпкерлік бағытта 6 пайызбен 5 жылға 10 млн-ға дейін қаржыландырылады, - деді.

Бұдан кейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының өкілі Қаныш Есенғалиев ауылшаруашылық техникаларына берілетін субсидиялар жөнінде айтып өтті. Тек қана кепіл беретін «КазАгроГарант» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Алтыншаш Қоңдыбаева халыққа қандай көмектер көрсететінімен бөліссе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау филиалының менеджері Алмагүл Жанұзақ ұсынылатын несиелердің алу жолдарымен таныстырды. Жиналысқа қатысушы кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізген хабарламашыларға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Соңында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов облыстан арнайы келіп, Сафон, Шортанбай, Ақкөл, Ганюшкин ауылдық округтерінде болып, 16 елді мекенді қамтып, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншілігін түсіндірген лауазым иелеріне өз ризашылығын білдірді.

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521