Көпірдің шамдарын тағы сындырды

(0 Votes)

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісовтің, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаровтың, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалімнің, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы Жеткіншек Жағыпаровтың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен шұғыл жиын өткізді.

Оған себеп өткен жылы пайдалануға берілген Жапырық жаяу жүргіншілер көпіріндегі шамдардың сындырылуы.

Жиында Бибоз Байдәулетұлы: - Сол көпірді салуды кезінде тұрғындар жиналыс сайын көтеріп, ақыры қыруар қаржы бөлініп құрылысы басталды. Былтыр ашылу рәсімін жасадық. Міне бүгін бір түнде 12 шамын сындырып кетіп отыр. Бұл бірінші рет қайталанып тұрған жоқ. Шамдарды сындырғандар ұсталмайды. Демек, полицияның дұрыс жұмыс жасамайтыны. Мұны істеген кім екенін әлі күнге анықтай алмай отырсыздар. Ол сол ауылдың тұрғыны шығар? Мүмкін оны істеген адамдар арамызда жүрген біреулер шығар. Неге біз бейқам отыра береміз? Учаскелік полиция инспекторы өзінің қарамағындағы ауылдарда қанша адам тұратынын, олардың арасынан кім мұндай іске баруы мүмкін екенін білуі тиіс. Бұл үшін ол күні-түні сол жердің тұрғындарымен қоян-қолтық араласып жүруі қажет. Сонда халық та оған сенім артып, түнде тәртіп бұзатындар айылын жияды. Бүгінде сіздердің жұмыс жасауларыңыз үшін барлық жағдайды туғызып, 15 пәтер салдыртып та жатырмыз, - деп жергілікті полиция қызметінің басшысы Жеткіншек Жағыпаровтан, сол жердің учаскелік инспекторы Роман Меңдалиевтен шамды сындырғандарды анықтау бағытында қандай шаралар алынып отырғанын сұрады. Олар өз тараптарынан кінәлілерді іздестіру жүргізіліп жатқанын жеткізді. Берілген жауапқа көңілі толмаған аудан басшысы жұмысты жеделдетуді, округ әкіміне осы іске араласуды тапсырды. Кінәлілерді тез анықтау мақсатымен облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі басшыларының біріне шығып ауданға тәжірибелі тергеуші маман жіберуін сұрады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Ғұмаров та қоғам мүлкін бүлдіргендерді табуды тездету қажеттігін айтты.

Оқиға орын алған жерде болғанымызда полция қызметкерлері тексеру жұмыстарымен айналасып жатырғанын көрдік. Учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Роман Меңдалиев бізбен әңгімесінде: - Болған оқиға арыздарды тіркеу кітабына тіркеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр. Мен бұл жерге түнгі екі жарымда келіп кеттім. Ол кезде шамдардың бәрі сау еді. Кім қиратса да мұны таңға жақын жүзеге асырған. Қазір мен тек Жапырықты ғана емес, Бұзаусланды, Самаркинді де қараймын. 6 учаскелік инспектордың ортасында бір көлік. Онымен бәрін қалай аралап үлгересің? Түнде тек екі экипаж жүреді. Соның бірі жол-патрульдік полициясы. Ауыл тұрғындары да өз тарапынан бізге көмектесіп отырған жоқ. Көпір үстінде жүрген бөгде адамдарды көріп хабарласа келіп тексереміз ғой. Үстінде жарық жанып тұрғаны ең бірінші кезекте өздері үшін тиімді емес пе? Біз бұл қылмысты жасаған адамды табатынымызға сенімдіміз, - деді. Күндіз көпір үстінде жүрген полицейлерге тұрғындар не болып жатырғанын сұрауға да келмеді. Оның үстімен өткен бір-екеуіне жолығып едік, олар ешкімді көрмегендерін жеткізді. Бір тұрғын мұндай шамдарды салғанша жаяу жүргіншілер көпірінің екі жағына шамы бар биік баған орнатқан тиімді екенін алға тартты. Бұл жерде жарық шамдардың сынғанына Жапырық ауылының тұрғындарын бір жақты кінәлаудан аулақпыз. Мұны әрлі-берлі көлікпен өткен жастар да істеуі мүмкін ғой. Бірақ, дәл қасындағы үйлерден ешкім де дабырлап көпір үстінде сыра ішіп отырғандарды көрмеді, олардың дауыстарын естімеді дегенге сену қиын. Тып-тыныш түнде шегірткенің де шырылы естіледі ғой. «Көп асқанға бір тосқан» дейді дана бабаларымыз.Әрине, шамдарды сындырып жүргендер солай кетпейді, ерте ме, кеш пе тұтылары анық. Себебі, олар ұсталып, жазаланғанға дейін өздігінен тоқтай алмасы да айқын нәрсе. «Маған ешкім ештеңе істей алмайды», - деген соқыр сенім талайды орға жыққан, жығып та жатыр. Балалардан келген шығар дейін десең, таңғы мезгілде олар ұйықтап жатады. Біздің естуімізше сол маңдағы сыра сататын орынға барғандар бірден көпірге тартатын көрінеді. Қоғам болып ақылы шолақ тентектерге тыйым салмай өзіміздің игілігімізді осылай бүлдіре берсек, соңы жақсылыққа апармасы да анық. Қолда бардың қадірін білмегеніміз, шүкіршілік етпегеніміз үшін құдай ертең осы күнімізге зар қылып қоймасына кім кепіл? Ойланайық, ағайын!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521