Көк түтінін бұрқыратқан көліктер

(0 Votes)

Ол солай. Бүгінде не көп, автокөліктер көп. Бір үйде олардың саны беске жетсе, көпшілігінің екіден, үштен автокөліктері бар. Бұл нені көрсетеді? Әрине адамдардың хал–жағдайының әбден түзелгенін көрсетеді.

Бұл Тәуелсіздіктің арқасы. Қазір автокөліктердің көптігі сонша, көшені қиып өту – қала түгілі ауылдарда мүмкін болмай барады. Ауыл орталығының шеткі тұсы, мұнда аз болар деп өте бергеніңде екі жағыңнан бірдей зулап келіп-ақ қалады. Және өртке асығып жатқандай ышқынта газ басып қатты айдайтынын қайтерсің? Бұл – бір. Екіншіден, осы автокөліктердің көбісі шетелден әкелгендер. Тәуірі де бар, ескі–құсқысы да жеткілікті. Әңгіме сол ескілерінде болып тұр. Кейде мыжырайған, ілдебайлап жүрген бәз біреулері тұсыңнан ажылдатып өткенде ащы (әрине ол улы) түтіні қолқа қабады. Лоқсып –лоқсып кетесің. Сондай ескі автокөліктердің даусы түн жарымында ұйқыңнан еріксіз оятады. Оңтүстікте бақырған, өкірген, көшені азынап басына көтерген есектер болады ғой. Дәл солай. Сондықтан, мұндай өте ескі автокөліктерді қарап, тексеріп, жолға шығармайтын бір құрылым қажет. Әлде бұл жол полициясы қызметкерлерінің міндеті ме? Не болған күнде де көзге көрінетін заңсыздықтармен бірге осындай тап-таза мөлдір ауамызды бір жүріп өткенде бүлдіріп кететін автокөліктерге тосқауыл қойған абзал. Ескі – құсқыны жинап, иесіне өтемақы беріп, умаштап бүктеп, зауытқа балқытуға металлалом ретінде жіберіп жатыр деген не әңгіме? Бізде неге қолға алмасқа?! Ескі көлік ауаны бүлдіруде. Су тазалығы сияқты ауамыз да таза болмаса, қан қысымы, сусақ, жүрек, т.б. аурулар көбейеді дегенді баспасөз мәліметтерінен жиі оқып жүрміз. Сондықтан, көне көліктерге «Тоқта!» дейтін уақыт жетті.

Б.БІРӘЛИЕВ,

Дәшін ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521