Үй кезегі жылжиды...

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов қоғамдық қабылдау өткізді.

Шараға филиал төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, «Жұмыспен қамту» орталығының директоры Базарбай Өтеулиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Төлепов, Құрманғазы, Мақаш ауылдық округтерінің әкімдері Мұрабек Мұғалім, Болат Мұфтахов, аудандық мәслихаттың депутаты Рифхат Сұлтанияев және т.б. қатысты.

Алғашқы кезекте қабылдауға ПМК-29 мөлтек ауданының бір топ тұрғындары кіріп, олардың атынан Нәдіржан Алиев сөйлеп, өздері тұратын көшеде жаңбырлы күндері жүру қиын екендігін, көлік кіруге мүмкіндігі жоқтығын, шақырғанда «Жедел жәрдем» автокөлігі келе алмайтынын айтып, тас жол жүргізу мәселесін көтерді. Сонымен қатар ол аудан әкімінің жұмысына оң баға беріп ризашылығын білдірді. Берген жауабында аудан басшысы аталған жол жобада бар екенін, оған келесі аптада қиыршық тас төсеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Асфальттау 2019 жылы жүзеге асады.

Мақаш ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы ана Гүлшара Әзімжанованың жолдасы жұмыссыз отыр, қызы жоғары оқу орнының мемлекеттік және жергілікті басқару факультетінің ақылы бөліміне оқуға түскен. Төлемақысы жылына 280 мың теңге. Соны төлеуге немесе аудан әкімінің грантын бөлуге көмек сұрады. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы грантпен 9 бала медицина, біреуі ветеринария мамандығы бойынша оқып жатқанын айтып, алға қарай аудан әкімінің гранты бөлінбейтінінен хабардар етті.

Орлы ауылдық округінің спорт нұсқаушысы, жастар ұйымының төрағасы Әнуарбек Қартжанов: - Қазір оқып келген жас мамандарға жұмыс табу мәселесі қиын. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Өзім география пәнінің мұғалімімін. 2011-2012 жылдар аралығында Манаев мектебінде қызмет атқардым. Сағатымыз қысқарып, жұмыстан шығуға тура келді. Бүгінде өз мамандығым бойынша жұмыс жасау мүмкіндігі болмай тұр. Шалғай жерлерден келіп жұмыс жасайтын жас мамандар үймен қамтылса деген ұсынысым бар. Олар екі жылдан бері кезектері жылжымай тұрғанын айтуды тапсырды, - деді.

Берген жауабында аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Үй салынатын жерге инфрақұрылым тартылып, яғни, жарық, су, газ апарылып, асфальт жол салынуы қажет. Салынып жатқан үйлерді алдағы бір-екі айда кезектің басынан бастап береміз. Біз ротация жасалатын мекеме басшыларын, мысалы бір орында көп отырып қалған директорларды, сосын алдымен ауданға қажетті мұғалім, дәрігер мамандарды пәтермен қамтимыз. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларына берілетін үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлердің бәрі де жекешелендірілмейді. «Аджип» компаниясы тағы да алпыс пәтерлік үйдің құрылысын салуда. Ол мүгедектерге, жетім-жесірлерге, бюджеттік қызметкерлерге және басқаларына жалға беріледі. Өз құнын өтеуі үшін елу жыл керек, содан кейін ғана жекешелендіруге болады. Оның кезегі бөлек, - дей келе жұмысқа орналасу үшін ауданға қажетті мамандықтарға оқу қажеттігін жеткізді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева Әнуарбек Қартжановқа Имашев мектебінде бір орын барын айтып, сонда баруға ұсыныс жасады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521