Газ құбырын тартуға ауыл адамдары алынды

(0 Votes)

362 шақырымды құрайтын маңызды магистральды газ құбырын тартып жатқан «КА строй ЛТД» ЖШС Азғыр бойындағы жұмысын аяқтауы жақын.

Бас-аяғы 40 шақырымдай жер ғана қалды. Олар Асан ауылы мен Үштаған бұрылысының аралығы және Ашақтағы Жұмекен ескерткіші мен «Көкжал» мекенінің ортасы. Асан ауылы мен Бесшоқы аралығы құбыр тастайтын ор қазуды қажет етеді.

Аталған маңызды жұмыстың жүруін бақылауында ұстаған аудан әкімі Бибоз Шаяхметовтың әлденеше рет ат ізін салғанынан хабардармыз. Бір сапарында Бибоз Байдәулетұлы жергілікті жерден жұмыс күшін тартулары қажеттігін мердігер мекемеге айтқан болатын. Осыған орай, Қошалақтың жігіттерінен үш бригада құрылып, жер ауқымын (объём) алғанын білеміз. Атап айтқанда, С.Жұмағалиев, Ш.Қабиев, асандық Мыңжасар есімді жігіт қосылып, Асан ауылы маңында үш ай еңбек етті. Айына әрқайсысы 150 мың теңгеден табыс тапты. Әкелі-балалы Амангелді, Мирас Айбосыновтар мен Ғабит Таңатов үшеуі он шақырымға құбыр тартуды қолға алып, бітірді. Араларында жүргізуші С.Зияденов бар. Атан жілік, апайтөс Амангелдінің еңбеккерлігін мердігер мекеменің бригадирі Сәбит Омаров жылы лебізбен айтады. Мен де Амангелді кеңшарда қой бағып, қи ойып, құдық қазған қара күштің иесі екенін білемін. Жанына жастарды жинап, табыс тапқанына сүйсіндік. Бұлар Ашақтағы қара бұдыр мен қызыл құмның арасында еңбектенуде. Байқауымызша , тақыр жерге қарағанда құмда жұмыс жасау қиынырақ көрінеді. Үш ай бойы еңбекақы алмаған жігіттерге жалақылары жер өлшемін түгел тапсырған соң беріледі екен.

Жұмысқа кештеу қосылған Рүстем, Ерлан, Нұртай үш жігіт болып бір бригада құрып, Көкжал тұсынан Ашаққа қарай жүруде. Мұнда жұмекендік тракторшылар, әкелі-балалы Мұстаховтар 15 күннен кезектесіп жұмыс жасауда. Үнемі жұмыс басында жүретін С.Омаровтан білгеніміздей құбыр шұңқырға түскеннен кейін арнайы техникамен оның ішіне жел үрленіп, ауа шықпауы қадағаланады. Содан кейін дабыл сымы жүргізіліп барып көміледі. Көмудің өз тәсілі бар. Құбыр үсті төмпешік болып жатуы тиіс. Көму демекші, күздің жаңбырына қалмай соры бар жерлер жабылуы қажет. Ылғалды сорлардан су шығып жатқанын көріп жүрміз, оған жаңбыр қосылса батпақ бой бермей кетуі мүмкін. P.S. Біз құбырда қолдап еңбектенетін ауыл адамдарын ғана атадық. Әйтпесе, үйлерін жатуға жалға берген С.Қазенова (әрі аспаз), Н.Сәрсенов, зайыбы Орынгүл - аспаз, «Сарлықта» Ж.Садыбаев, Ғ.Төлеуішова аспаздық етіп, отбастарына кіріс кіргізуде. Уақытша болса да мұндай жұмыс орнының табылғанына олар қуанышты.

Есмұхан Жанизин,

Қошалақ ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521