Ембілік мұнайшылар ерледі

(0 Votes)

«Ембімұнай» АҚ қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылыой, Қызылқоға ауданындағы 8 көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға баспана алып берілді.

Жаңа қоныстың кілтін табыстау шарасы ауданымыздан бастау алды. Құрманғазы ауылының тұрғындары, отбасында 6 бала тәрбиелеп отырған Виктор мен Анастасия Кимге аудан орталығының Ө.Айтасов көшесінен шағын 3 бөлмелі үй берілді. Қайырымдылық шараны аудандық мәдениет үйінің және Құрманғазы ауылдық округінің қызметкерлері ерекше сән-салтанат беріп тамаша ұйымдастырды.

i

«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков жиналғандар алдындағы сөзін ембілік мұнайшылардың бұл сауапты іске баруларына ненің қозғау салғанынан бастады. - Өздеріңіз білесіздер, наурыз айында облысымызға ҚР Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әдіхалықова мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келіп ірі-ірі өндіріс басшыларына, бизнес өкілдеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын қолдап, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектесіп отыруды сұраған еді. Осыған орай еңбек ұжымына бұл қайырымдылық қадамнан қалыс қалмай бір күндік жалақыларын аударуға үндеу тастадым. Нәтижесінде баршасы бірауыздан қолдап біраз қаражаттың басы жиналды. Бұл сауапты ісіміздің қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуі де өзіндік септігін тигізді. Ембілік мұнайшылардың үлесімен облыста 8 көп балалы отбасы баспаналы болды, - деген ол жалпы қоғам мүшелері осындай игі бастамалардың бел ортасында жүретінін атап өтті.

i

Жаңа қоныс иесі Виктор Ким бұрынғы баспанасының өртке шарпылып, біраз жылдардан бері тек бір бөлмесінде ғана жөндеп тұрып жатқанын айтып, қайырымдылық іс қылып, үй алып беріп жатқандардың баршасына рахметін жаудырды.

i

i

Бұдан соң жаңа қоныстың лента қию рәсімін «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков пен үй иесі В.Ким жасап, жиналған жұртшылық «құтты болсын» айтып кіріп шықты. Шаңырақтың отанасы Анастасия қуаныштан жүрегі жарылардай қуанып, дастарханынан дәм татуға шақырып, сары бауырсағы мен ақ дәмін ұсынды. Ауызы дуалы ақсақал, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұханбетов батасын берді. Бұл қуанышты сәтте отбасының 6 бірдей балапанының қуанышында шек жоқтай көрінді. Енді қуықтай бөлмеге қамалып отырмай, кең аулада асыр салып ойнайтын болады. Ломоносов атындағы мектептің мұғалімдері де келіп, шәкірттерінің мерейі тасыған сәттеріне куә болысты.

i

i

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521