«Екі қолға бір күрек» тапсам дейді…

(0 Votes)

Әсіресе, мектеп бітірер тұста «Болашақта кім боламын? Қандай мамандықты таңдағаным дұрыс? Таңдаған кәсібім жоғары сұранысқа ие бола ма?» деген сынды сансыз сауалдар барлығымызды да толғандырғаны рас. Түлектер үшін ең жиі қойылатын бұл сұрақтарға жаңылмай жауап табу өте маңызды.

Әрі қарай кез келген студенттің арманы – төрт жылғы жоғары оқу орнын тәмамдап, жұмысқа орналасу. Оның жүріп-тұруын, киім-кешегін, жатын орнын айтпағанда, жылдық төлемнің өзіне талай отбасының тер төгуіне тура келеді. Ал ақылы бөлімде оқитындардың жоғарғы оқу орнының жылдық төлемі ең кемінде 300 000 теңгені құрайды. Сонда студент төрт жылда 1 млн. 200 мың теңгеге бітіріп шығады. Балалықпен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басқан әрбір саналы адам ең әуелі сол өзі өмір сүрген ортаға пайдалы қызмет етуді ойлайды. Өзінің әлеуетіне қарай қолынан келгенше ел дамуы мен жаңғыруына үлес қоссам дейді.

Бүгінде болашағына алаңдайтын жастардың қатары көбейді. Өйткені, нарықтық заманда нан табудың оңай еместігін олар түсіне бастады. Кеңес үкіметінің кезіндегідей мектеп бітіре сала кеңшар жұмысына тарту, не болмаса әскерге жіберу үрдісінің қалғаны қашан. Қазір «өз күніңді өзің көр», «адал еңбек етіп, өзіңді, отбасыңды асыра» деген заман келді.

Еліміздің дамыған 30 елдің қатарынан көрінуі үшін білікті кадрдың талап етілетіні анық. Ал сапалы маман болып шығуға білімділік пен талпыныс қажет. Арманы асқақ жастардың жырақта жүріп жиған білімін келешегіне жарату - жақсылықтың нышаны. Бүгінде жастарымыз университет қабырғасын аяқтап, артылған сенімді арқалап асу-асу белдерден өтіп, ақыр соңы таңдаған саласына сай келмейтін жұмысқа тұруды әдетке айналдырды. Жоғары оқу орнын бітіріп, күзетші, кондуктор, даяшы, таксист болып жүрген азаматтарды көзіміз көріп те жүр. Мардымсыз жұмыстан мезі болған олардың бұл жұмысқа орналаспауына тағы болмайды. Өйткені ата-ана өсірді, жетілдірді, оқытты. Енді баласынан рақат көру - кез келген ата-ананың арманы. Мұны түсінген жастардың «екі қолға бір күрек» деп арзанқол жұмыс істемеске амалы да жоқ. Себебі, «алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес. Жатқан адамға нәпақа қайдан келсін? Сондықтан «өз мамандығым бойынша жұмыс табылғанша, тапқан жұмысымды жасай берейін» деген түсінікпен жалғастыра береді. Сөйтіп қай салада да диплом алып оқыған мамандығының жемісін көру мұңға айналады.

Сайып келгенде, төрт жылдық білім, оған кеткен қаражат қайда қалды? Осыдан кейін білікті маман мен тәжірибелі жұмысшының саны кеміп, сапалы қызмет көрсету деңгейі түсіп кетті. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар бизнесінің кеңейіп, одан ары дамығанын қалайтыны сөзсіз. Әрине, бұл тұста тәжірибелі мамандар қажет-ақ. Өйткені бизнестің басты мақсаты – сапалы қызмет көрсету арқылы халықтың сұранысын қанағаттандырып, сол арқылы кіріс көзін кеңейту. Бұл үдеден шығу үшін жұмыс күшінің толықтай тәжірибелі болуы шарт. Жоғарғы оқу орнын кеше ғана бітірген жас маманда қандай тәжірибе болсын?

Оқу барысында кемі 1-2 ай өндірістік бақылаудан өтетіні белгілі. Бірақ бұл тым аз уақыт. Себебі теория мен өндірістік тәжірибенің арасы жер мен көктей. Кәсіпкерлер қажетті маманға сұраныс¬ты және оған төленетін жалақы мөлшерін жарнамалайды, бірақ жұмыс өтілі кемі 4-5 жыл болуы тиіс. Ал, енді орналасып көріңіз. Мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырған жас мамандарың амалсыз қара жұмысқа жегілуіне тура келеді. Дегенмен, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан игі шараларды жоққа шығара алмаймыз. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы», сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сынды жобалар бар. Тек оның шешімін шыдаммен күту керек. Бүгінде олардың төлейтін жалақылары бұрынғыдан әжептәуір өсті. Аталмыш бағдарламаның игілігіне ие болған жас маман жұмысына жауапкершілікпен қарап, іскерлік танытып, алға ұмтылса, нұр үстіне нұр болары анық. Кейде өзін көрсете алмай, берілген мүмкіндікті оңынан пайдалана алмайтын замандастардың арамыздан табылатынына іштей қынжыласың. Көшеде топ болып жүрген оларды көріп, «сонда кешегі төрт жыл оқып көз майын тауысқан уақыты босқа кеткені ме?» деген ойға да қаласың. Алған дипломның сандық түбінде шаң басып жатарын кім білген?

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521