Еділбаевтың егіні елді асырап отыр

(0 Votes)

«Сандуғаш» шаруа қожалығы көкөніс түрлерін өсірумен жыл сайын айналысып, үлкен тәжірибе жинақтаған құрылым ретінде көпшілікке танымал.

Қожалық басшысы Сандуғаш Жармұхамбетова қарындасымыз сөзі мен ісі үйлескен, шаруасын дөңгелентіп ұстап отырған білікті де белсенді жан. Биыл аталған қожалық ұзыны 50, ені 8 метр болатын жылыжайлар санын 10 – ға жеткізіпті. Сонда жылыжайының өзі 400 шаршы метр жерді алып жатыр. Осының алдында ғана аудан әкімі Бибоз Шаяхметов жылыжайлардағы қарқынды жұмысты, алды сатыла бастаған өнімдерді көріп, аралап, көңілі көншіпті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов екі күннің бірінде егіндіктерді аралайды екен, ақпарат құралдарының өкілі бізді де алып барды. Жүзі жадыраңқы. Өйткені жылыжайдағы қияр осыдан 1 ай бұрын пісіп, сөрелерге түскен. Таяу күндері аудан тұрғындары «Сандуғаштың» сапалы, дұрысы нитраттан ада қызанақ, бұрыш өнімдерін ала бастайды.

Жұмыстың бәрі дерлік тамшылату әдісіне көшкен. «Сұрауы бар судың да» дегендей, су үнемделеді – бұл бір, екіншіден егістіктің тамыры тұрақты ылғал жұтады, бұл екінші тиімділігі. Қожалық иесі Сандуғаш қияр өнімін базарға алып кетіпті. Оның ері, осы іске жұбайымен бірдей жауапты Асылбек Еділбаев егістік басындағы азын-аулақ техникаға темір-терсек іздеп, т.б. шаруамен сапар үстінде болып шықты. Қожалық 10 жылыжайдан басқа 15 гектар алқапқа егін өсіруде. Қарбыз, қауын, мұнда да қияр, қызанақ, баклажан, бұрыш, т.б. дегендей. Көктем басталғалы аудан базарына 1 тоннаның үстінде қияры киләсі 300 теңгеден сатылып және ол зулап өтіп тұрса, әзірге кеткен шығынды жабуға септескенімен, артынан жылдағыдай шаш етектен пайда береріне күмән жоқ екен. «Сандуғаш» шаруа қожалығы өткен 2017 жылы 4,5 гектарға қызанақ салып, одан 60 тонна, 5,5 гектарға қияр егіп, одан 125 тонна, 6,8 гектарға қырыққабат тұқымын отырғызып, одан 140 тонна, 2 гектарға қауын, қарбыз егіп, одан 45 тонна өнім алып, өздері шамалаған межеден асып түсті. Әрине, пайданың да біркелкі болғаны анық. Он бірдей жылыжайға, 15 гектар алқапқа өсіріліп жатқан түрлі егіндерінен биыл да үмітті. Өйткені шығымдылығы жақсы.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521