Домбыра мен қазақ егіз ұғым

Аудан тынысы

Жаңа ұлттық мерекеміз – Домбыра күніне орай Құрманғазы алаңындағы ұлы күйші ескерткіші алдында «Атамұра домбыра» атты салтанатты шара өтті.

Шара барысында күй қағаны ескерткішіне аудан әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық мәслихат, Дина Нұрпейісова атындағы саз мектебі, Дәулеткерей саз мектебі, «Жиделі» фольклорлық ансамблі атынан гүлдестелер қойылды. Шараны аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әдіскері Гүлбақыт Ермұратова жүргізіп, Меңдібай Жылтыхаев, Құралай Кұдыярова, Алмазия Жахина ән мен күйлер орындады. Келесі кезекте аудандық мұражайда «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты шара ұйымдастырылды. Мерекелік шарада аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы Шаяхметов сөйлеп:

- Бүгін мұражай қызметкерлері еңбегінің нәтижесінде осы өңірде туып-өсіп, күй өнерін паш еткен азаматтардың оны халық арасында насихаттау, дамыту бағытында қолданған домбыралары жинақталған көрмені сіздердің қатысуларыңызбен ашу жоспарланған. Күй атасы Құрманғазы атындағы осы ауданда өтетін биылғы жылғы үлкен шаралар ауданымыздың тоқсан жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Міне, Елбасымыз қазақтың күй өнерінің атасы деуге болатын домбыраның құрметіне шілденің бірінші жексенбісін – Ұлттық домбыра күні деп белгіледі. Сондықтан басты құндылығымыз домбыраны кейінгі жастардың арасында кеңінен насихаттап, оның тектілігімізді, ұлттық кодымызды білдіретінін жеткізу басты мақсатымыз. Елбасымыздың бұл бастамасы халық арасында қолдау тауып, игі істердің атқарылып жатқанына куә болып тұрсыздар. Мәдениет және мұражай қызметкерлері алға қарай да Рухани жаңғыру аясында болашақ ұрпаққа қазақтың қара домбырасын, оның қасиетін насихаттау жолындағы еңбектеріңіз жемісті бола берсін. Мереке құтты болсын!, - деген ізгі тілегін жеткізді.

Көрме алдына керілген лентаны аудан әкімі Б.Шаяхметов пен «Жиделі» фольклорлық ансамблінің дирижері, 60-тан астам ән мен 10 жеке күйдің авторы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Талапқали Зайнуллин қиды. Аудандық мұражайдың экскурсия жүргізушісі Жазира Амандыққызы көрмеге қойылған домбыралармен, жәдігерлермен, жерлес күйшілердің шығармашылығымен таныстырып:

- Аудан орталығынан жеті шақырым жердегі Көнеу учаскесінде дүниеге келген дәулескер күйші, лирикалық бағыттың негізін салушы Дәулеткерей Шұғайұлының «Қаражан ханым», «Байжұма» деген күйлері бізге жеткен. Ерғали Нышанов Құрманғазының қасында ең көп жүрген шәкірттерінің бірі. Оның «Қоштасу», «Бозашы» күйлерін немере інісі Ғиылман Қайрошев бізге жеткізген болатын. Меңдіғали Сүлейменов 1937 жылы Смағұл Көшекбаев, Ахмет Жұбановтың шақыртуымен Алматыға барып, Құрманғазы оркестрінде жұмыс жасап, одан кейін үлкейген соң еліне оралып, күйшілікті, домбырашылықты одан әрі жалғастырған екен. Жақанғали Ищанов 1912 жылы Жиделі құмында дүниеге келген. Оркестрде, Теңіз аудандық мәдениет үйінде жұмыс жасаған. Сонымен қатар облыстық Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің құрылуына бірден-бір себеп болған адам, - деп одан жәдігерлердің тарихынан хабардар етті.

Көрмеге домбыраның шығу тарихы, археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлердің фотосуреттері, күй атасы Құрманғазы мен «домбыраның Жамбылы» атанған Динадан бастап, Теңіз топырағында дүниеге келген Дәулеткерейдің, халық арасынан шыққан өнерпаздардан Меңетай күйші, Е.Есжанов, Ә.Ізмұхамбетовалардың, халық композиторлары Сейтектің, Түркештің, Есжанның, Құрманғазының шәкірті М.Сүлейменовтің, И.Жанхановтың, жауынгер-композитор С.Көшекбаевтың, Х.Меңдіғалиевтің, Б.Қарабалинаның фотосуреттері, Қазақ ССР-нің халық әртісі Ә.Есқалиевтің құжаттары, сахналық киімі, белгілі домбыра зерттеушісі Жұмагелді Нәжімеденовтың фотосуреті, кітаптары, «Орлы халық оркестрінің» негізін қалаушы Т.Ахметжановтың алғыс хаттары, сахналық киімі, «Жиделі» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Т.Зайнуллиннің жеке құжаттары және т.б. қойылған. Шара барысында аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы А.Жахина Қ.Ахмедьяровтың «Күй ұран» шығармасын орындады.

«Жиделі» фольклорлық ансамблінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талапқали Зайнуллин: - Халқымыздың басынан қуаныш та, қайғы да өткен. Соның бәрін күймен баяндаған. Әркім өзінше толғанады, ойланады. Ортамызға осындай мереке келіп жатырғанына өте қуаныштымын, ұзағынан болғай деп тілеймін. Бар білгенімізді үйретсек, кейінгі ұрпақ оны жалғастырады деген сенімдемін. Жаңа бәрін жақсы таныстырып жатырсыздар, көп-көп рахмет, - деді. Одан әрі қатысушылар аудандық мұражайдың директоры Гауһар Тауманованың бастауымен күй өнеріне қатысты жәдігерлерді тамашалады.

Қанат ҒҰМАРОВ.