Додада жеңген дүлдүлдер

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Додада топ жарған дүлдүлдер» атты аудандық спортшылар слеті өтті.

Алдымен шарада еліміздің Әнұраны орындалып, аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Өтегеновтің ұстаздар мен шәкірттердің спорттағы жетістіктері сараланған баяндамасы тыңдалды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев: - Қазақ елі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бүгінгі жас ұрпақты дені сау, білімді, жаңашыл етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемдегі ең ұзақ ғұмыр кешкен адамның орта жасы 110-ды құрайды. Олардың жүріп өткен жолына көз жүгіртсек, негізінен салауатты өмір салтын ұстанған, ортамен жақсы қарым-қатынаста, көп қимыл-қозғалыста болған жандар екен. Әдетте, мектеп қабырғасында спортпен айналысатындар жиі кездеседі. Бірақ артынан оны жанына серік етпей, дененің шынығуынан қол үзіп жатады. Сондықтан спортпен шұғылданудан ешқашан бас тартпаған жөн.

Өйткені, салауатты өмір салтын берік ұстанған адамның әрқашан еңсесі тік, рухы асқақ, ойы сергек болады, – дей келе, шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған жерлестеріміз ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Нұртілек Қонашев пен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бекболат Құрамысовты көпшілікке таныстырды. Республикалық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына аудан әкімінің Алғыс хатын ұсынды. Олардың қатарында Имашев атындағы жалпы орта мектептің 11 сынып оқушысы, таэквондодан ҚР чемпионатының жеңімпазы, Африка құрлығының Тунис мемлекетінде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысушы, спорт шебері Мерген Ғайниев, Ломоносов, Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушылары, таэквондодан ҚР чемпионатының жүлдегерлері, спорт шеберіне үміткерлер Виктор Рудыкин, Есбол Елеусінов, Ломоносов, Әуезов атындағы жалпы орта мектептің биылғы түлектері, бокстан ҚР чемпионатының жүлдегерлері, спорт шеберіне үміткерлер Аялан Құмарғалиев, Нұрхат Сақташев, Бекзат Сиражев бар. Сонымен қатар, спорттық жарыстарға демеушілік көрсетіп жүрген кәсіпкер Г.Болатбаеваға да алғыс білдірілді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева жиналғандарды құттықтап, өзінің Алғыс хатымен ІХ облыстық оқушылар спартакиадасында шәкірттері жеңімпаз болған мұғалімдерді марапаттады. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Мұқашев, гандбол, шахмат, президенттік көпсайыс, еркін, грек-рим күрестері бойынша республикалық спартакиадаға қатысушы Гоголь, Шортанбай, Д.Нұрпейісова, Бегәлиев, Гагарин, Абай, Әуезов, Крупская, Ломоносов атындағы орта мектептің спортшыларына түрлі марапаттар тапсырды.

Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ә.Ердешов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Өтегенов, Абай, Әуезов, Манаев атындағы жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Н.Қаби, М.Ниғыметов, Т.Сисенғалиев, «Жас туристер» бекетінің директоры А.Өтегенов ІХ аудандық оқушылар спартакиадасында үстел теннисі, дойбы, тоғызқұмалақ, гандбол, баскетбол, спорттық бағдарлаудан ұлдар, қыздар арасында І, ІІ, ІІІ орын алған оқушыларға дипломдар мен кубоктарды ұсынды. Шараға арнайы шақырылған қонақтар ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Н.Қонашев пен Б.Құрамысов футбол және волейбол ойындарының үздіктерін ұлығылады. Ал жалпыкомандалық есеппен ІХ аудандық оқушылар спартакиадасында Абай атындағы жалпы орта мектеп жеңіске жетті. Ал ІІ, ІІІ орындарды иемденген Гоголь, Манаев атындағы жалпы орта мектепке кубоктар мен естелік сыйлықтарды аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев табыстады. Шарада С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі және аудандық білім бөлімі дайындаған концерттік бағдарлама тамашаланды.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521