Діни сауаттылықтан білім жарыстырды

Аудан тынысы

 «Не? Қайда? Қашан?» атты жастар арасында интеллектуалдық сайыс өтті.

Атырау облысы Дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау орталығының» әлеуметтік тапсырысы аясында «Saltanat Media Group» ЖШС ұйымдастыруымен Орлы ауылдық округінің мәдениет үйінде «Жастар ортасында діни радикализм идеологиясының таралуын алдын алуға, дәстүрлі сана мен қоғамдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шараларды өткізу» жоспарына сәйкес, «Не? Қайда? Қашан?» атты жастар арасында интеллектуалдық сайыс өтті.

i

Атырау облысы Дін істері басқармасы «Ақпараттық–талдау орталығы» КММ-нің басшысы Мейірбек Құбышев шара басында сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Асыл дініміз - Ислам кез-келген адамды білім-ғылымға шақыратындықтан, діни сауаттылықты арттырып, діни білімімізді шыңдай түсу мақсатында ұйымдастырылған шараға ауданның намазхан жамағаттарының арасынан «Аңсар» және «Кәусәр» атты екі топ қатысты.

i

Сайыс 4 кезеңнен тұрып, шараның жүру барысы тартысты және қызықты өтті. «Жүзден жүйрік» атты бірінші кезеңде суретке қарап қандай мақал екендігін табу қажет болса, екіншісінде ұлық имам Әбу Ханифа туралы мағлұматтардан білім жарыстырды. «Адамзаттың асыл тәжі» атты кезеңде Сирадан яғни, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. өмірінен, «Құран жанның шипасы» кезеңінде қасиетті кітабымыз Құраннан сұрақтар берілді.

Бұл сайысқа «Аудандық жұмыстарды үйлестіру» бөлімінің маманы Қуанышбек Доскалиев пен аудандық «Темірәлі» мешітінің наиб-имамы Ниязбек Тұрсын қазылық етті. Қорытындысы бойынша «Аңсар» тобы жеңіске жетті. Шара соңында қатысушыларға алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтар, кітаптар тарту етілді.

А.НӘЖІМОВ