Дандайсу жоқ, дайындық құнтталды

(0 Votes)

Қар қылаулап, өңменнен өтетін өкпек жел оқтын-оқтын тұрып, мал ықтын іздеп, жан біткен жаурамаудың қамын жасап, сындарлы шақтың әбігері басталып- ақ кетті.

Суы шүмектеп үйіне келіп, көгілдір отыны маздап тұрған елді мекендердің тұрғындарына қыраулы қыстың өктемдігі оншалықты көп біліне қоймас, бірақ, құмды өңірдегі шопандар, малшыларға жетер әбігері шаш етектен. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы ауданының негізгі тірегіне айналған Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативінің төрағасы, есімі белгілі азамат, облыстық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сабыржан Қыдырсиықұлы Сұлтановты аз-кем әңгімеге тартудың орайы келген.

- Сабыржан Қыдырсиықұлы, өңіріміздің экономикасын өрге сүйреген елжандылар тізімінің ең басында тұрған саланың бірегейі, әрі білгірісіз, биылғы қысқа дайындық барысын қысқа қайырып айтсаңыз?

- Тұтастай өндірістік кооператив немесе асыл тұқымды мал зауытымыз бойынша жоспарымызға сай, дұрысы ерте көктемнен бастап дайындық құнтталды. Атақ-абыройға малданып, алда қыс бар екенін ұмытып кетпейік деген әңгіме ерте айтылды. Қысқа дайындыққа байланысты құрылған комиссияны қыр бойына шығарып, қой отарларының, жылқы-түйе табындарының бар-жоғын түгендедік, хаттамаға түсірдік. Сол мақсатта арнайы құрылысшылар бригадасын шығарып, мал тұрақ орындардың тозған, сынған, бүлінген жерлеріне есептеп материал жіберіп, жөндеуден өткіздік. Бұл орайда шопандар мен малбегілердің орынды өтініштерін ескерген болдық. Қысқасы, мал тұрақ орындардың, адам үйлерінің кем-кетігін жөнге келтірдік деп сеніммен айтуға болады.

– Дұрыс айтасыз Сәке, боранды-шашынды күндер болмайды емес, болады. Сондайда қой қораның тесігінен жел ұйтқып соғып, ішке қар кіріп жатса, аузынан бал құйсаң да, оның күйі бола ма? Журналистік сапарларда ондайды да көргенбіз. Пешінен түтін қайтып, терезе әйнегінен жел гулеп, сылдырлап тұрғанның да бір кездері куәсі болып едік. Малына да, оны баққанға да жағдай туғызғаныңыз жөн ғой, ал, бұдан кем емес басты қажет-пішен қоры. Биыл аралдарда көктем суы ұзақ тұрып, оның үстіне жаңбыр тамбай қыр қуаң, ой жұтаң болғаны жұртты алаңдатты.

– Мал азығының жағдайы көңілге қорқыныш ұялатты. Сол себепті, маусымның аяқ тұсында қурап кетпей тұрғанда қырып алайық деп қырға шөпшілер қосын тіктірдік. Сөйтіп, ондаған тонна қырдың құнарлы шөбін сол «Ноғайбай», «Орта қыр» өңіріндегі отарларға жеткіздік. Арал бойындағы судан ашылған телімдердің шөбін күн құрғатпай тазаладық. Нәтижесінде өткен жылдан үнемделгені, биылғысы бар, пішеніміз кооператив малына толығынан жетеді деген есеп жасалды. Дыңғызыл округіндегі, Қиғаш бойын мекен еткен басқа округтердегі алдымен зейнеткерлер, жағдайы қиын отбасылар, басқа да тұрғындарды жеңілдеу бағасына болса да, ренжітпеуге тырыстық.

– Енді одан әрі әңгімемізді көпке созбай, малдәрігерлік шаралар, өнім өткізу, үкіметтен көмек, т.б. өзіңізді толғандырып келген жайттарға қарай аударсақ.

– Малдәрігерлік шаралар бізде он екі ай бойы жүргізіледі. Себебі, біз республикаға танымал «Асыл тұқымды зауыт» саналамыз. Облыстан, саланың республикалық басшылығынан мамандар келіп, екпе, алдын алу, т.б. шараларымызды көзбен көрмей көңілдері көншімейді. Ет, шұбат өнімдеріміз ауданда сұранысқа ие. Барынша жабық мекемелердің талап-тілегін орындаймыз. Таяу күндері сәтін салса, ірі көлемде қой малымыз Орта Азия аймағына бағытталады деп отырмыз. Әрине, мұның көп жұмыстануды, шығын мен кірісті таразыға көбірек тартуды қажетсінетіні белгілі. Сондықтан, бизнесте «былай болады» деп шегелеп айту қиын, өмір көрсеткеніндей, қазір бұлттанып тұрған дүниеңнен тамшы тамбай қалуы ықтимал немесе керісінше. Қазіргі шопан, малшыларды сауатсыз деп айта алмайсың. Қырда отырғанымен, Александр Дюманың, Марк Твеннің кітабынан ғажайып оқиғаларды әңгімелеп беретін азаматтардың білмейтіні жоқ. Елбасының саясаты дұрыс, Жолдау да өміршең, тек орындалысында «былай болуы керек ғой» деп ұсыныс айтатындары бар. Соның бірі – қой малының әр басына төленетін субсидияның мардымсыздығы. Саланың шығыны өте көп, нақтылы қолдау керек дейтіндері де сондықтан. Жұмыстанып, мәселе қойып жатырмыз десек, сенімсіздік білдіретіндей. Шынымен де, сөз өтер жерге аяғымыз да, қағазымыз да барып жатыр, нәтижесін күтеміз.

– Екі мың қойды 11 мың басқа жеткізді деп өңірді дүбірге бөлеп, атағы дүрілдеген кооперативте бүгін кімдер көш бастап тұр, келер жылдан күтер меже?

– Бізде бәрі де жыл сайын уәделі сөзін жұтпайтындар, облысқа белгілілер. Озат шопандарымыз Серік Тәженов, Әбіл Бегейсінов, Байболат Досмұханов, Аманбай Атамбеков, Саяхат Нәженов, Аманжол Сартаевты алдымен атағаным дұрыс шығар. Жылқы, түйеден шығын бола қоймас, көрінген төл ілесер, ал, негізгі қуатымыз – қой отарларының әр жүзінен 100-115 қозыдан келтіреміз деген сөзімізден таймауға тырысып, жұмыстанамыз.

– Ендеше, қыстан аман шығып, қозысы көп күндерде кездесуді нәсіп етсін!

Сұхбаттасқан: Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521