Дәстүрлі қолөнерге негізделген шеберлік сабағы

Аудан тынысы

Қолөнер - атадан- балаға мирас болып келе жатқан асыл мұра десек, қазіргі таңда жас ұрпақты халық шеберлерінің тамаша шығармаларымен таныстыра отырып, дәстүрлі қолөнерге баулу басты міндет.

Осыған орай, атадәстүрімізді қайта жаңғырту, ұлттық қолөнерімізді ұлықтау, көздің жауын алар бұл дүниелерді топтастырып, жинақтап, жүйелеп заман талабына сай түрлендіріп тұтыну,Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында сипатталғандай қазақстандық брендті алға жылжыту – бүгінгі қоғамның басты талабы.Ауданымызда Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен, Қазақ қызы академиясының ұйымдастыруымен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қазақы қолөнерді жандандыру, кеңінен насихаттау мақсатында «Тоқыма бұйымдарынан заманауи және этникалық әшекейлерді қолдану технологиясы» атты шеберлік сабағы өтті. Оған кәсіп бастауды мақсат еткен немесе ісмерлік өнерге деген ынтасы мен ықыласы зор 25 шебер қыз-келіншек қатысты. Осы жерде ата-бабаларымыздың өнер туындыларын қалай жасағанын, балаларына қалай үйреткенін көрсетуге мүмкіндік беретін жобаның саусақтарынан бал тамған, тігін өнеріне икемі бар қыз-келіншектерге бағытталғаны маңызды. Осындай өнерді үйретуге мүмкіндік беретін шеберлік сабақтарының болашағы зор. Міне, оның барысында қатысушылар тігін машиналардың көмегімен оюлы құрақ көрпелер жасап, ескі және жаңа технологиямен киіз басуға машықтанды. Екі күнге созылған шеберлік сағатында қыз-келіншектер тұрмыстық заттарды қалпына келтіруге үйренді, бірегей тігу техникасы көрсетілді.

img_3109

img_3113

«Маған қатты ұнады, енді мен үйде отырып ұлттық тұрмыстық заттарды өз қолыммен жасай аламын. Алған тәжірибем маған алға қарай да пайдаға асады, бұған өзімнің барлық бос уақытымды арнағым келеді» дейді қатысушы Гүлназ Мәдиева.Шеберлік сабағының соңында «Қазақ қызы» Академиясы ЖШС-нің директоры А.Мұхсинова сөз сөйлеп, мұндай шараның осыған дейін 5 ауданда өткенін, 100-ден астам қатысушы қамтылғанын алға тартып, дәстүрлі қолөнерді үйренуге ниет білдірген қыз-келіншектерге зор ризашылығын айтып,сертификат ұсынды.

img_3114

img_3116

img_3120

А.Шакупова