Дәметкен ананың «Дара жолы»

(0 Votes)

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ҚР Халық емшісі, ауданымыздың Құрметті азаматы, қасиет қонған әулеттің заңды мұрагері, ел анасы, құрманғазылықтардың мақтанышы Дәметкен Серікбайқызына арналған «Дара жол» бағдарламасы негізіндегі шара тәлім аларлықтай өнегеге толы болды.

 

i

Оны Қазақстан РТРК «Атырау» филиалы директорының орынбасары, танымал журналист, жерлесіміз Балауса Халелова телевизиалық форматта жүргізіп, қонақтармен емін-еркін әңгіме-дүкен құрысты. – Қазақ халқы аруақты қастерлеген, бір тылсым күшке, құдіретке сенген. Осы қасиеті оны өзге ұлттардан ерекшелендіреді. Алладан дарыған ұлы күшпен елін тәрбиелеген, жанындағы адамдарға демеу болған жандар тарихта аз болмаған. Міне, бүгінгі әңгіме алдыңғылар салған сара жолдан айнымай, ата-бабаларының сынықшылық қасиеті қонған, басы ауырып балтыры сыздағандарға қанатымен су сепкен қарлығаштай болып халқына қалтқысыз қызмет еткен, зарыққанға демеу, жабыққанға өзінің ілтипатын білдірген, талай тентегін тезге салған ел анасы Дәметкен Серікбайқызына арналады. Көптеген адамның жолын ашып, сынықшылық қасиетімен жұртты таңқалдырған, тылсым күшке сендірген қасиет иесіне қай уақытта да құрмет көрсетсек те артық етпейді, - дей келе жүргізуші Балауса Пушкинқызы кеш кейіпкерін қошеметпен ортаға шақырды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, мұнайлы өңірдің жезтаңдай әншісіХанзада Сақыпова Қ.Әбіловтың «Бала махаббаты» әнін киелі аспап домбырамен тамылжыта шырқады.

i

i

Мультимедиалық слайд арқылы айтулы емшінің өткені мен бүгіні баяндалып, ата-анасы, тағдырлы жолы туралы сыр шертілді. Одан әрі жүргізуші шараны Дәметкен ананың біз білмейтін қырлары мен сырларына қанығу үшін сыр-сұхбатпен жалғастырды. Әркімнің өз есімі үлкен маңызға ие. Ол тектен-тек қойыла салмайды. Оның белгілі бір тарихы болады. Сондықтан, апайға «Дәметкен» деген есімінің сыры неде екені сұралды. Кеш иесі өткен шаққа оралып, әкесінің ұлдан үміт күткендіктен кіндігін балтамен шапқызып, атын осылай қойғызғанын айтты. Бүгінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Самай, Қарлығаш, Қазбек, Қаби, өз әкесі Серікбай аталар мекен еткен атакүлдігі Сазды аралында тұрып жатқанын, олардың соңғы сарқыты екендігін мақтанышпен атап өтті. Қиын-қыстау замандарда өмір сүрген Дәметкен ана өзіне 4 жасында қалай аруақ қонғанын, сол уақытта әжесінен қандай қолдау көргенін тебірене әңгімеледі. Соғысқа алынған әкесінің майданда жаралы болғандарға шипасын дарытып, тіпті госпитальда генералды аяғынан тік тұрғызғандықтан елге жіберілгенін, бұдан кейін егіншілікпен айналысқанын, бітік шыққан өнімдері Мәскеудегі көрініске қойылғанын атап өтті. Одан әрі, Серікбай атаның аңшылыққа шығатын төрт тазысы болғанын, оны қалай күтіп баптағанын жеткізді. Апайдың айтқан әсерлі әңгімесінен 17 жасында бойжеткен Дәметкенніңқолынан әкесінің атын жақсылап ерттеу келгенін білдік. Кеш кейіпкері ең алғаш рет саятшылық құрғандарын, мылтықты ұстауды үйреткенін, мергеншілікке баулығанын сағынышпен еске алды. Осылайша Дәметкен ана талай рет саятшылықтан олжалы қайтқаны, көбіне құстарды атып үйге әкелетіні, аңшылықты жақсы меңгергені, бұл ісіне әсіресе әкесінің ерекше риза болғаны жөнінде көпшілікбіле бермейтін қырларын ортаға салды. Аңға қақпан құрудың әдіс-тәсілдеріне қалай баулығаны, оған байланысты орын алған есте қаларлықтай оқиғаларды баяндады.

i

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521