Бес бірдей «Үздік пошташы»

(0 Votes)

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жылдағы дәстүр бойынша биыл да өз деңгейінде аталып өтті.

«Атырау – Ақпарат» ЖШС-де өткен алқалы жиналыста құрманғазылық «Серпер» газетінің атына да жылы лебіз білдіріліп, үздіктері ұлығыланды. Биылғы мерекенің атап айтар бір ерекшелігі серіктестік тарапынан тұңғыш рет «Үздік пошташы» аталымының тағайындалуы еді.

2018 жылдың екінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстық «Атырау» немесе «Прикаспийская коммуна» газеттерінің біріне 50 немесе 200–ден аса оқырманды жаздырған облыс көлеміндегі кез – келген пошта қызметкері бұл байқаудың жеңімпазы бола алады. Осы шарт бойынша тұңғыш ұйымдастырылып отырған бұл аталымға осы жолы облыс бойынша 13 пошта қызметкері лайықты деп танылған. Осы 13-тің 5-еуі бірдей Құрманғазы ауданынан болуы қуанышты жағдай.

«Атырау – Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешовтің қолынан «Үздік пошташы» дипломдары мен қаржылай сыйақыларының сертификаттарын алғандарды атап айтсақ: Балқұдық, Сүйіндік ауылдық округтерінің пошта қызметкерлері Гүлжан Қайырова мен Ләйля Еслямова, Құрманғазы ауылдық округінің пошта тасымалдаушылары Айбарша Ибрашова, Нұрсұлу Алипова, Гүлбаршын Есенғалиева деп көрсетілген облыстық «Атырау» газетінде жазылған есеп мақалада. Әрине, маңызды науқанды ұйымдастыру бір ғана пошта қызметкерлерінің қолынан келетін тірлік емес. Бұл арада аудан әкімдігінің, 19 бірдей ауылдық округтер әкімдерінің, мекеме, ұжымдар басшыларының еңбектері де ұшан – теңіз. Десек те, әрбір үйлер мен ұжымдардың есігін қағып, «жазылыңыздағы» деп жалынышпен әрқайсысымызға бір үн қатып, егер жазыла қалсақ іздегенін оңай тапқан жандай түбіртегін жалма-жан кесіп беру қамына кірісетін пошташының еңбегі зор. Құрманғазыдан бастап бірқатар округтердің тұрғындары «Серперді» және облыстық екі газет «Атырау» мен «Прикаспийская коммунаны» сол шыққан күні қолдарына алса, бұл да пошта қызметінің жемісті жұмысы деген сөз.

Жоғарыда есімдері аталған 5 бірдей «Үздік пошташының» арасында ерлері ертерек бақилық болып отбасы тірлігі бір өзіне қарап қалғанда да майыса жүріп сынбағандарының, балаларын мақсатты жолға салудан абырой тапқандарының барлығын да ауылдастар жақсы біледі. «Үздік пошташы» атанып, өз міндеттерін мінсіз өтеп келген абзал жандар – рухани қазынамыздың жаршыларына облыс төрінен алған марапаттарыңыз құтты болсын, келер жолы қатарларыңыз бүгінгіден де гөрі көбейе түссін, демекпіз.

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521